BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 343.06 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 402.38 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.49
Астана:

Қарағандының Абай қаласында 36 отбасы баспаналы болды

Астана күні қарсаңында 36 абайлық жеке баспанаға ие болды. Пәтерлер үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша шамамен 600 миллион теңге жұмсалған, деп xабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігінің аймақтағы тілшісі.

Абайда пайдаланылуға берілген 36 пәтерлі 9 қабатты тұрғын үйдің жалпы ауданы – 2000 шаршы метр. Жаңа үйдегі пәтерлер жетім балаларға, көпбалалы отбасыларға, жалғыз басты аналарға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға берілді.

«Менің ІІ топ мүгедектігі бар қызым бар. Пәтер алғаныма өте қуаныштымын. Біз кезекте 9 жыл бойы тұрдық. Енді міне, баспанаға қолымыз жетіп, облыс әкімінің қолынан оның кілтін алып отырмыз. Барлықтарына, бірінші кезекте еліміздің Президентіне, облыс әкіміне және Абай ауданы әкімдігіне бізді қолдағаны үшін, көмектескені үшін алғысымды айтамын», - дейді қала тұрғыны Раиса Мұқанова.

Тұрғындарға баспана кілтін табыс еткен облыс әкімі Ерлан Қошанов барлығын Астана күні мерекесімен құттықтады.

«Бірінші кезекте, барлықтарыңызды Елордамыздың 20 жылдығымен құттықтағым келеді. Бұл тек астаналықтардың ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың мерекесі. Әр отбасы үшін ең бастысы – өзінің жеке баспанасы болғаны, ол нағыз бақыт. Бүгінгі таңда біз, шынымен де Абай қаласының және жалпы ауданның тұрғындары үшін көптеген жұмыстар жасап жатырмыз. Қаланың қалай гүлденіп келе жатқанын байқаған шығарсыздар деп ойлаймын. Тұрғындардың жағдайын жақсарту үшін әлеуметтік нысандарды салып жатырмыз. Жуырда ғана жүзу бассейнін іске қостық, қазіргі таңда белсенді түрде дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр, 100 орынға шақталған жатақхана салынады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, тұрғын үйлерді салуды жалғастыратын боламыз. «Нұрлы жер» бағдарламасының арқасында биылғы жылы екі үйдің құрылысы аяқталды, және де алғаш рет тұрғындар өз баспанасына ие болды», - деді облыс әкімі Ерлан Қошанов.

Мердігерлердің айтуынша, екі көпқабатты тұрғын үйдің құрылысына бір жыл уақыт кеткен.

«Біз 2017-ші жылдың тамызының соңында жұмыстарымызды бастадық. Бір жылға жетер-жетпес уақыттың ішінде 72 пәтері бар екі үйдің құрылысын аяқтадық. Бірінші үйге адамдар мамыр айында қоныстады. Бүгін біз екінші үйді қолданысқа беріп, жаңа иелерге пәтер кілттерін табыс етіп жатырмыз. Барлық жұмыстар 100 пайыз орындалды. Құрылыс барысын Абай ауданы әкімдігі бақылап отырды. Барлық материалдар – отандық өнімдер. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша шамамен 600 млн теңге жұмсалды. Үйлерде бір, екі және үш бөлмелі пәтерлер бар. Болашақта үйдің маңындағы аумақты абаттандыратын боламыз, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылады», - деді «ККК ЛТД» ЖШС коммерциялық директоры Иван Малюшенко.

Абай ауданы ТКШ бөлімі мамандарының айтуынша, баспана «Нұрлы жер» бағдарламасының төрт бағыты бойынша берілді.

«Ол әлеуметтік қамсыздандырылмаған тұрғындарға жекешелендіру құқығысыз жалға баспана беру. Пәтер иелері ай сайын коммуналдық төлемдермен қоса, жалға алу ақысын төлеп отырады, мысалы, бір бөлмелі пәтер үшін 6000 мың теңге. Бізде пәтерге кезекте 1870 адам тұр. Соңғы рет кезекте тұрғандар баспананы 2013-ші жылы мүлікті түгендеу барысында алған болатын. 2019-шы жылы 80 пәтерлі 5 қабатты тұрғын үй салу жоспарланып отыр»,- деп мәлімдеді Абай ауданы әкімдігінің ТКШ бөлімінің маманы Дина Гусамова.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер