BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 369.35 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 421.47 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.57
Астана:

Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарындағы жолды қалпына келтіреміз – министр

Фото: ашық дереккөзден

Астанадан Арқалық пен Торғай арқылы өтетін көлік ағынын қамтамасыз ету үшін біздің бірінші кезектегі міндетіміз - Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарындағы бар желілерді қалпына келтіру. Үкімет сағатында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек осылай айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Орталықты батыспен байланыстыру үшін ұзақтығы бойынша масштабты Орталық-Батыс жобасын іске асырып жатырмыз. Жобаға Астана-Арқалық-Торғай-Ырғыз-Қандыағаш, Ақтөбе-Атырау-Астрахань және Атырау-Бейнеу-Ақтау бағыттары кіреді. Астанадан Арқалық пен Торғай арқылы өтетін көлік ағынын қамтамасыз ету үшін біздің бірінші кезектегі міндетіміз - Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарындағы бар желілерді қалпына келтіру. Бүгінгі күні Атырау-Бейнеу-Ақтау (798 км) учаскесі толық реконструкцияланған. Биыл Қандыағаш-Мақат (299 км) учаскесінде жұмыстар жүргізіліп жатыр», - деді Ж.Қасымбек Мәжіліс үйінде өткен жиында.

Министрдің мәліметінше, бұл жобаның кешіктірілуі Ислам даму банкінің қаржыландыруынан бас тартып, басқа қаржы көздерін қарастыру себебінен болды. Осыған байланысты, Ақтөбе-Қандыағаш (60 км) және Атырау-Астрахань (60 км) учаскелерінде 120 шақырым жолды реконструкциялау республикалық бюджет есебінен басталды, ал 2019 жылы барлық қашықтықта жұмыстар жүргізіледі.

«Жалпы бұл учаскелер 2021 жылы аяқталады. Астана-Арқалық-Торғай-Ырғыз-Қандыағаш учаскесі бойынша келесі жылы жобалық-сметалық құжаттама жасау жұмыстарын аяқтаймыз және құрылысты 2020 жылдан кейін бастаймыз. Сондай-ақ шекара бойындағы аймақтардың көршілес мемлекеттермен сауда-экономикалық қарым-қатынастарын дамыту үшін Ресей Федерациясына шығатын Орал – Тасқала (100 км), Петропавл – Ресей Федерациясы шекарасы (61 км) жобалары іске асырылуда. Қытай Халық Республикасына шығатын Қалбатау – Майқапшағай (415 км), Үшарал – Достық (184 км), Таскескен – Бақты (20 км) жобалары да қолға алынған. Маңғыстау облысында Өзбекстан Республикасына шығатын Бейнеу – Ақжігіт (85 км) автожолдары реконструкцияланып жатыр», - деді Жеңіс Қасымбек.

Министрдің айтуынша, сонымен қатар ішкі мобильділік үшін Щучинск – Зеренді (80 км), Қостанай – Денисовка (114 км), Жетібай – Жаңаөзен (73 км), Қордай айналма жолы (80 км), Ұзынағаш – Отар (96 км), Меркі – Бурылбайтал (266 км), Осинов асуы (32 км) және Талдықорған – Өскемен (763 км) автожолдарын реконструкциялау жұмыстары жүріп жатыр.

«Алматы-Талдықорған учаскесі бойынша бүгінгі күні қозғалыс толығымен ашылған. Қазіргі таңда Балпық би мен Бақтыбай ауылдарының ішінде соңғы жұмыстары аяқталып, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Сонымен қатар осы ауылдардың айналма жолдарын жобалау жұмыстары аяқталып, келесі жылы құрылыс жұмыстары басталады. Қазіргі уақытта көп сұрақ туындататын Қызылорда-Жезқазған жолын іске асыру қарастырылып жатыр. Бүгінгі күнге бұл учаскенің реконструкциясын қаржыландыруға Азия даму банкі және Еуропалық қайта құру және даму банкі сияқты халықаралық қаржы институттары дайын екендерін білдірді. Бүгінге техникалық-экономикалық негіздемесін жасау үшін мемлекеттік органдармен бірлесіп тиісті жұмыс жүргізіліп, 2019 жылы жобалау жұмыстары басталады. Тиісті қаражаттар бюджет жобасында қарастырылған. 2020 жылдан кейін Координациялық кеңестің шешіміне сәйкес Банк займдарын тарту жоспарланып отыр», - деп түйіндеді Жеңіс Қасымбек.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер