BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 367.06 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.17 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.56
Астана:

Сағынтаев құрылысы біткен тұрғын үйлердің неге пайдалануға берілмей отырғанын сынға алды

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев өңірлерде көпқабатты тұрғын үйлер салынғанымен оларға тиісті инфрақұрылым тартылмай отырғанын сынға алды.

Премьер-министр жергілікті өңірдің басшыларына аталған мәселені екі айда шешуді тапсырды.

Бүгін Үкімет отырысында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының қалай жүзеге асырылып жатқанын жөнінде есеп берді. Есепті тыңдаған Сағынтаев 9 айдың қорытындысы бойынша аталған бағдарламаның негізгі бағыттары бойынша өсім бар екенін атап өтіп, ондағы бірқатар маңызды мәселелерге назар аудару қажеттігін айтты.

«Бірінші, бұл қаражатты игеру. Жеңіс Махмұдұлы, мұны (Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек – автор) баяндамасында атап өтті. Бірқатар өңірлерде 9 айдың қорытындысы бойынша қаражатты игеру қарқыны төмен. Жоспар бойынша 12,1 млн шаршы метр тұрғын үй салынуы қажет. Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 10%-ке жоғары. Жылдың аяқталуына 2 ай ғана алды. Құрметті әкімдер мен әріптестер, тұрғын үйдің жоспарланған көлемін тапсыру және бөлінген қаражатты тиімді игеру үшін қажетті шаралардың барлығын қабылдауларыңызды тапсырамын», - деді премьер-министр.

Сондай-ақ Үкімет басшысы тағы бір өзекті мәселені атады.

«Екінші, инженерлік-коммуникацияларды құрылыс алаңдарына жеткізу мәселесі. Бұл негізінен көп пәтерлі үйлерге және жеке үй құрылысына қатысты. Биыл мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға бөлінген бюджет қаражатының жартысына жуығы осы бағытқа бөлінген. Алайда, кейбір өңірлерде қажетті инфрақұрылым болмағандықтан дайын тұрған үйлер пайдалануға берілмей отыр», - деді ол.

Премьер-министр қандай өңірлерде инфрақұрылым желілері тартылмағанына тоқталды.

«Тұрғын үй салынған, бірақ инфрақұрылымы жоқ объектілер бар. Мысалы, Петропавлдағы «Береке» шағын ауданында бес қабатты 3 үй бар. 230 пәтер 2017 жылдың қараша-желтоқсанда салынып біткен. Яғни осыдан бір жыл бұрын. Бірақ ол пайдалануға берілмеген. Себебі, инфрақұрылым жоқ. Семейде 10 қабатты 3 үй 2017 жылы қараша-желтоқсанында салынған. Ақтөбедегі «Нұр Ақтөбе» шағын ауданы 2018 жылдың тамыз айында тұрғызылған. Шымкенте «Тұлпар» шағын ауданында 3 қабатты 8 үй 2018 жылдың сәуір-тамыз айларында салынған. Бірақ инфрақұрылым жоқ», - деді Үкімет басшысы.

Сондай-ақ Сағынтаев Қарағанды, Өскемен, Орал, Семейде құрылысы аяқталуға жақын қалған тұрғын үйлер бар екенін айта келе, аталған объектілерге әлі инфрақұрылым тартылмағанын жеткізді.

«Биыл 40 мыңнан астам жер учаскісі желімен қамтамасыз етілуі тиіс. Алайда 9 айдың қорытындысы бойынша көрсеткіш 40%-ке қамтамасыз етілген. Әкімдер жылдың соңында белгіленген межеге жетеміз деп отыр. Асқар Ұзақбайұлы ( Үкімет басшысының бірінші орынбасары Асқар Мамин - автор), мұны қатаң бақылауға алу керек», - деп түйіндеді сөзін премьер-министр.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер