BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 352.54 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 415.15 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.31
Астана:

«Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы салынған үйде газ жоқ

Фото: автордан

Петропавлда «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы салынған үйде газ жоқ. «Береке» ықшам ауданында орналасқан нысан биыл 10-шы тамызда «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ арқылы халық игілігіне тапсырылған болатын, деп хабарлайды Baq.kz аймақтық тілшісі.

Қазбек Байболов көшесіндегі 67-ші үй, қалалық әкімдікте баспана кезегінде тұрғандарға берілді. Келісім шарт бойынша, бұл мекеме тұтынушыларды 3 күн ішінде барлық қажетті коммуникациялармен қамтамасыз етуі тиіс. Алайда бұл талап әлі күнге дейін орындалмай келеді. Тұрғындар әзірге электр пештердің көмегімен амалдап отыр. Коммуналдық желілерге жауапты «Севимсталькон» компаниясы өз міндетін орындауға асығар емес.

«Үйге көшкен соң бірден газпеш сатып алдық. Алайда әзірге оны пайдаланып көрген жоқпыз. Тоқпешке тамақ пісіру – ыңғайсыз, әрі тиімсіз. Электр энергиясы қымбат. Уақыт та көп кетеді. «Севимсталькон» компаниясының жұмысшылары құбырды газгольдерге дейін қазды да, өздері жоқ болды. Біз әлі мәселенің шешімін күтумен жүрміз», - дейді үй тұрғыны Айнагүл Мүсәйіпова.

Тұрғындар «қазылған шұңқырларға балалар түсіп кетуі мүмкін» деп алаңдайды. Беті ашық жатқан соң, жаңбыр суы да тола бастапты. Пәтер иелерінің айтуынша «Севинсталькон» құрылыс компаниясы мен қала тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз етіп отырған «Горгаз» серіктестігі мәселені бір-біріне сілтейді.

«Горгазға барсақ, олар құрылыс компаниясына жібереді. Құрылысшылардан сұрасақ «горгазға» сілтейді. Бір ай болды екеуінің арасында сенделіп жүрміз. Горгаздың мамандары өткен аптада келіп, құбырдың бір бөлігін кесіп алып кетті. Содан бері ешкімді көрмедік», - дейді үй тұрғыны Айнаш Ахмадиева.

«Горгаз» серіктестігінің мамандары желіде ақау бар екендігін айтады. Сондықтан олар, құрылысшылар құбырларды қалпына келтірнше нысанды қабылдаудан бас тартып отыр. «Севимсталькон» компаниясының басшылығы құрылыс жұмыстары кезінде құбырлар зақымданғанын мойындады.

«Барлық коммуналдық желілерді тартып, нысанды тапсырдық. Алайда газды қосарда мәселелер туындады. Себебін анықтап жатырмыз. Механикалық, техникалық әсерден болуы мүмкін. Қазір қайта жөндеуді бастадық. Ақауды жөндеп, жуық арада тұрғындарды көгілдір отынмен қамтамасыз етеміз деген үміттемін», - деді «Севимсталькон» ЖШС директоры Сұлтан Газдиев.

Мердігер компания мамандары жөндеу жұмыстарын келесі аптада аяқтап, пәтерлерге көптен күткен газ берілетінін айтып сендірді.

Фото: Автордікі


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер