USD 334.31 EUR 355.17 RUB 5.31
Астана:

«Моңғолия таланты» байқауына қатысқан қазақ жігіт төрешіні өзіне ғашық етті

Фото: скриншот

Моңғолияның астанасы Ұлан-Батыр қаласында өткен «Mongolia’s got talent» жобасына қатысушы Нұрбек Жанарбекұлы есімді жас өнерпаз таланттар сайысына әйгілі «Молдабайдың әнімен» шықты. Оның орындауындағы құйқылжыған әннің кереметтігіне тәнті болған төрешілер Нұрбекке ризалықтарын білдірді, дейді BAQ.kz тілшісі.

Нұрбектің өнерін бағалаған төрт төрешінің бірі: «Маған таланттар бәйгесіне қатысушы көптеген жігіттер ғашық болды. Ал маған неге бір қазақтың жігіті ғашық болмайды деп ойлап отырмын. Сен мені жақсы көрмейсің бе?», - деді.

19 жастағы студент жігіт төрешінің қалжыңына қалжыңмен жауап беріп: «Сахнада тұрып келбетіңізді анық көре алмай тұрмын, қасыңызға барып көрсем бола ма?», - дейді.

Төрешілердің рұқсатымен қастарына келген Нұрбек Жанарбекұлы әлгі төреші қызға екі ауыз өлеңмен жауап берді.

Төрешілерді тамсандырған жас талант қазір студент екенін, махаббатпен бас қатырып жүруге уақыты жоқ, сабаққа ғана көңіл бөлетінін айтты.

Естеріңізге сала кетейік «Молдабайдың әнін» шырқаған жас өнерпаз осыдан біраз уақыт бұрын «Тәуелсіздіктің 25 жылдығына 25 тау» акциясын өткізіп, еліміздің Тәуелсіздік мерекесіне тамаша тарту жасаған болатын. Ол өзінің әкесі танымал таушы Жарабек Ақыбимен бірлесіп Моңғолиядағы ең биік 25 тауға шыққан еді.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады