BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 319.88 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 394.41 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.65
Астана:

Баян-Өлгейдегі қазақ мұражайы – Моңғолиядағы жәдігері ең мол музей

Бүгінгі таңда Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында 102 мыңға жуық қандасымыз тұрады. Қазақтар жиі қоныстанған аймақта қазақ радиосы мен баспасөзі, телеарнасы бар екенін білеміз. Сондай-ақ, бұл өлкеде 1948 жылдан бері қазақтың көне жәдігерлерін жинақтаған мұражай жұмыс жасайды.

Баян-Өлгей аймақтық мұражайының директоры Айшагүл Азаматқызының айтуынша, қазіргі таңда аймақтағы ұлттық музейде 5500-ге тарта көне мұра сақтаулы екен.

– Біздің Баян-Өлгей аймақтық мұражай 1948 жылы құрылған болатын. Содан бері халық арасынан көне жәдігерлерді жинау, оны халыққа көрсету және зерттеу жұмыстарын жасап келеді. Қазір мұражайымызда 5500-ге жуық көне жәдігер бар. Музей Этнографиялық зал, Тарих залы, Табиғат залы, Құрбандарға арналған зал және Білім-танымдық залынан құралған. Тарихи жәдігерлердің 90 пайыздан астамы қазақ мұраларын құраса, қалғандары ұранхай, тубат, дөрбіт ұлттарының жәдігерлерін қамтиды, - дейді музей басшысы.

Баян-Өлгей аймақтық мұражайының 9 ауылда қосмша жұмыс жасайтын мәдени орталықтары бар екен. Музей қызметкерлері аймақтағы көне жәдігерлерді халықтан жинау, оны зерттеу және олардың білімін жетілдіру бағытында да жұмыс жасайтын көрінеді.

– Ең алдымен біз мұражай қорын байытуға күш саламыз. Осы бағытта халықтың қолында сақталған көне жәдігерлерді жинақтап, оларды зерттеумен айналысамыз. Мысалы, өткен жылы қорымыз 100-ден аса жәдігермен толықты. Жинақталған жәдігерлерге ғылыми зерттеу жұмысын жүргізу де аса маңызға ие. Жинақталған жәдігерлерді мемлекеттік электронды тіркеуге аламыз және 4 жыл сайын санақ жүргізіп отырамыз. Бұдан бөлек, жас ұрпақты көне ұлттық мұрамен таныстыру мақсатында қысқы және жазғы демалыстарын пайдаланып жәдігерлермен танысу сабақтарын өткіземіз. Онда салт-дәстүр жайлы сабақ өтіліп, қазақ қолөнерінен шеберлік сыныптарын, түрлі үйірмелерді ұйымдастырамыз. Балаларға ұлттық ойындарды үйретеміз, - дейді Айшагүл Азаматқызы.

Қандастарымыздың тарихи мұраларын жинақтаған бұл қазақ мұражайы Моңғолия еліндегі жәдігері ең мол музейге жатады екен. Мұражайды тамашалайтын шетелдік саяхатшылардың қатары да көп сияқты.

– Мұражайымызды жылына 20 мыңға жуық ел іші-сыртынан келген кісілер тамашалайды. Моңғолия бойынша этнографиялық жәдігерді ең көп жинақтаған мұражай болып отырмыз. Осы жұмыстарымызды жетілдіру, әріптестікті арттыру үшін Алматы Орталық мұражайы және Қастеев атындағы өнертану мұражайымен 2013 жылы келісім-шарт жасастық. Жәдігерлердің ортақ ғылыми анықтамасын жасау, заттық және рухани мұраларды зерттеуде бірігіп жұмыс жасау мақсатында 2016 жылдың аяғында ҚР Ұлттық музейімен ортақ меморандумға қол қойдық, - деді мұражай директоры.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер