USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Қырғыз әдебиеттері орталығы ашылды

Фото: Ұларбек Дәлейұлы

Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Қырғыз мәдениеті және әдебиеті күні өтіп, осынау мәдени күн аясында Қырғыз әдебиеті орталығы ашылды. Бұл шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып отыр, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Аталған мәдени шараға Қырғыз Республикасы Мәдениет, ақпарат және туризм министрінің орынбасары Фархад Бекманбетов, Қазақстан Республикасындағы Қырғыз Республикасы істері бойынша Уақытша сенім жүктелген өкіл Кайнарбек Токтомушев, Қырғызстан Республикасы Кітап палатасының директоры Койчуман Момункулов, Қазақстан мен Қырғызстанның зиялы қауым өкілдері, журналистер қатысты.

«Қазақ-қырғыз халықтарының мәдениеті мен салт-дәстүрі бір-біріне өте ұқсас әрі ежелгі дәуірден терең байланыс тапқан Сондықтан Қырғыз әдебиеті орталығының ашылуы қазақстандықтарға бауырлас қырғыз халқының мәдениетімен, өнерімен және салт-дәстүрімен терең танысуға мүмкіндік береді. Жаңа Орталық ақпараттық, мәдени және білім беру функцияларын орындауға міндеттеледі. Негізгі міндеттері: пайдаланушыларға ақпараттық-кітапханалық қызмет көрсету, мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізу. Орталықта Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының қорындағы Қырғызстан туралы туындылар мен Қырғыз Ұлттық кітапханасынан сыйға тартылған жүз дана кітап қойылған. Бірқатар сөрелер қырғыздың әйгілі «Манас» эпосына, сондай-ақ Қырғызстан мен Қазақстанның халық жазушысы, ұлы ойшыл, гуманист әрі философ Шыңғыс Айтматовтың шығармашылығына арналады. Бұдан бөлек, оқырмандар «Қазақ-қырғыз қарым-қатынасы» тақырыбы бойынша библиографиялық әдебиеттер тізімімен де таныса алады», – дейді шараны ұйымдастырушылар.

Қырғыз Мәдениеті және әдебиеті күні «Шыңғыс Айтматов және оның әдеби мұрасы» атты кітап көрмесі, «Қырғызстанның кітап қазынасы» тақырыбындағы сирек кітаптар мен қолжазбалар көрмесі, «Алғашқы мерзімді басылымдар және олардың қазақ-қырғыз негіздерін қалыптастырудағы рөлі» тақырыбындағы мерзімді басылымдар көрмесі, «Жыр жолдарында дәріптелген достық» тақырыбындағы жас ақындармен әдеби кездесу болды.

Бауырлас қырғыз ұлтының қомызында күй тартылып, музыкалық мейманжайдағы «Қырғыз музыкалық мұрасы» тақырыбындағы кеш өтті.

Сонымен қатар, қырғыздың «Манас» жырын жатқа айтатын ақын Баянғали Әлімжановпен шығармашылық кездесу тәрізді қызықты әрі танымдық іс-шаралар өтті.

Биылғы қазан айының аяғында Қырғызстан Республикасының Ұлттық кітапханасында Қазақ әдебиеті және мәдениеті орталығы ашылып, Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасы мен Қырғызстан Республикасы Ұлттық кітапханасының өзара Ынтымақтастығы мен серіктестігі туралы меморандумға қол қойылған болатын. Меморандумға сәйкес, Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында Қырғыз мәдениеті және әдебиеті орталығын ашу ұйғарылған.

Сонымен, жоспарлар жүзеге асырылды. Қырғыз мәдениеті және әдебиеті орталығының ашылуы бауырлас екі елдің рухани жақындасуына септесіп, көпшілік қауымның әдебиет пен шығармашылық арқылы біздің еліміздің мәдениетімен де жете танысып білуіне мүмкіндік береді.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады