BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 371.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.32 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.59
Астана:

Батыр Баян – болмысыма сіңген образ («Ақжол» газеті)

Фото: ашық дереккөзден

Жұмахан Әбдіқадіров десе, киносүйер әлеуметтің ойына ең алдымен «Батыр Баян» фильмі оралатыны анық. Осы туынды арқылы елімізге батыр Баян ретінде танылып, солай аталып кеткен өнер иесінің шын мәнінде тағдыры оңай бола қойған жоқ. Әйтсе де тұлғаның өткен күнге деген өкінішінен гөрі тәубесі басым. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында көрерменге жол тартқан «Батыр Баяндағы» басты рөлді сомдаған актердің бүгінгі тіршілігі, жай-күйі қалай? Өмір мен өнер жолындағы тағылымды сәттері, сахнаға деген сағынышы, айтулы кинотуындының түсірілім барысындағы есте қалған ерекше естеліктері туралы бізбен болған сұхбатында жан-жақты әңгімелеп берді, деп жазады «Ақжол» Жамбыл облыстық газеті. Осы ретте, Baq.kz ақпарат агенттігі аталған сырлы сұхбатпен бөлісуді жөн санады.

– Жұмахан аға, сізді әлі күнге көрермендеріңіз де, былайғы жұртшылық та Жұмахан Әбдіқадіров емес, батыр Баян деп біледі. Тіпті мен де осы сұхбатқа батырмен ой бөлісіп, сырлассам деп, іштей дайындалып келдім. Осыншалықты болмысыңызға сіңісті болып кеткен Баян бейнесі сізге қалай бұйырды?

– Негізі кейде актерлердің оң жамбасына келіп жататын рөлдер болады. Егер сол образды сәтті сомдап шықсаң, ол сенің төлқұжатыңа айналып, мәртебеңнің өсуіне, кеңінен танылуыңа ықпал етеді. Әрине, ол оңай емес, үлкен еңбекпен келетін дүние. Оның үстіне, көп шаруа ұжымға, рөлдерді бірге сомдайтын қасыңдағы әріптестеріңе де байланысты. Мүмкін сондай қажеттіліктердің бәрі ымдасып-жымдасып, сәтті үйлескендіктен шығар, жұрт мені сол киноға түскелі бері «Батыр Баян» атап кеткені. Болмысыма әбден сіңіп кеткен образ болды десем, өтірік емес. Әйтпесе, бұдан бұрын да біраз киноларда негізгі кейіпкерлерді сомдап жүрдім ғой. Смағұл Елубаевтың сонау ашаршылық нәубеті хақындағы «Ақ боз үй» романының желісі бойынша түсірілген режиссер Дамир Манабайдың «Сұрапыл Сұржекей» фильмінде де негізгі кейіпкерлердің бірін алып шықтым. Түсірілім жұмыстары Маңғыстау өңірінде өткен сол фильмде Халық әртісі Нұрмұхан Жантөринмен бірге еңбектендім. Сол сияқты, әртүрлі киноларда талантымды ұштауға, танылуға тырысып бақтым. Кейіннен, тоқсан үшінші жылы, Алматыға шақырту алдым. Барсам, «Батыр Баян» киносына іріктеу жүріп жатыр екен. Ол кезде кинобайқау дейтін. Алдыңғы еңбектеріммен таныс шығармашылық топ жетекшілері мені батыр Баян бейнесіне бекітіп қойыпты. Режиссер Исламбек Тәуекеловпен де сол жерде таныстым. Кинодағы інім Ноян мен қалмақ қызының рөліне лайықты өнер иелері таңдалған соң, көп ұзамай Көкшетау өңіріндегі Бурабай баурайында түсірілім басталып, бар-жоғы үш айда кино көрерменге жол тартты.

– Түсірілім алдында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының өзі келіп, шығармашылық ұжымға сәттілік тілеген дейді…

– Рас. Киностудия да енді-енді еңсесін тіктеп жатқан уақыт қой. Әсіресе ұлтымыздың нышаны саналатын құнды дүниелерімізге, өткенімізге үңіліп, тарихқа ерекше назар аударылып жатқан кез болатын. Бұл ретте киноның, киностудияның атқарар рөлі зор еді. Сол тұста ғой, «Сұрапыл Сұржекей», «Отырардың күйреуі», «Батыр Баян» секілді туындылардың жарыққа шығып жатқаны. Бұл істің бәрі, біріншіден, өткеннің өнегесін жаңғырту болса, екіншіден, ұлттық рухты көтеріп, намысымызды қайрауға бағытталған-ды. Осыны жүрегімен сезінген Елбасымыз киностудияның тынысы тарылмауына көп қолдау көрсетті. «Батыр Баянның» алғашқы түсірілімі басталар сәтте де түсірілім алаңына келіп, актерлерге, режиссерлерге сенім білдіріп, сәттілік тіледі.

– Аға, бұл киноға түспей тұрып, сценарийге арқау болған Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасын оқып па едіңіз?

– Жоқ, мен өтірік айта алмайтын адаммын. Бұл бұрын мен оқыған поэма емес-тұғын. Тіпті Мағжан Жұмабаевтың кім екенін де әлсін-әлсін ғана білетінмін. Оның себебі де бар. Біздің шағымызда Алаш арыстарының шығармалары түгілі, аттары да аталмайтын. Аталғанның өзінде, Халық жауы ретінде еміс-еміс есімдері естілетін. Содан шығар, олар туралы не мектеп бағдарламасында, не институт қабырғасында деректер кездеспейтін. Тек бабалар арманы болған тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ғана біртуар асылдарымыздың тарихи болмыс-бейнелерімен қауыша бастадық.

– Негізі, сіздің киноның түсірілім алаңынан бұрын, театр сахнасында шыңдалғаныңызды білеміз.

– Әлбетте, театрға сонау 1976 жылы келіп, сахнаның қыр-сырына бір кісідей қанықтым. Алматыдағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияда театр факультетінің актер бөлімі бойынша оқуымды аяқтағанмын. Онда қазақтың білікті педагогі, Халық әртісі, белгілі кәсіби режиссер Асқар Тоқпановтың бөлімінде оқып, сол кісінің шәкірті атану бақытына ие болдым. Тоқпановтың «таяғы» талайды тәубесіне түсірді. Алғашында бір группада 28 студент болсақ, кейін 13-ақ қалдық. Бітірген жылы жолдамамен Жамбыл облыстық қазақ драма театрына келдім.

– Театр – тірі организм. Дегенмен кейбіреулер кино екеуін егіз деп жатады. Келісесіз бе?

– Екеуін бір өнердің арнасынан деп ескермесек, егіз ұғым деп кесіп айтуға болмайды. Қиыспайтын тұстары баршылық. Театрда бір рөлді аяғына дейін бір темппен, бір сезіммен ойнап шығасың. Бірақ сол қойылымды екінші мәрте сахналағанда алдыңғы қателіктеріңді түзеуге мүмкіндік бар. Кейбіреулер тіпті түрлендіріп, өзгешелендіріп ойнауға тырысып жатады. Ал камераның алдында бәрібір өзіңді басқаша сезінесің. Театрдағыдай әр ойнаған сайын образды көрерменге әртүрлі екпінмен жеткізуге мүмкіндік жоқ. Бір эпизодың пленкада сол күйі сақталады. Оны өзгерте алмайсың. Ертеңгісін эфирден көріп отырып, «әттеген-ай» дейтін тұстарды байқағанмен, «Қолымды мезгілінен кеш сермедімнің» кері болады.

– Десек те кинода дубльден-дубльге өтіп, ең сәтті кадрға дейін ойнауға болады ғой. Ал театрда көрермендермен бетпе-бет келіп, жаныңды салып ойнайсың.

– Театр – өте көп еңбекті, маңдай терді қажет ететін әлем. Демек ол дайындықтың қалай, қаншалықты болғанына байланысты. Негізі, екеуіне де үлкен төзімділік пен шеберлік керек. Алайда кино саласында тез танымал болуға мүмкіндік мол.

– Өзіңіз білесіз, киноға түссең, кинопленкада сақталып қалады. Оны қанша уақыттан кейін де еске алып, көріп отыра аласыз. Бүгінгідей техника дамыған заманда театрдағы қойылымдарды да осылай етуге бола ма? Шетел телеарналарынан өздерінің спектакльдерін беріп жататынын көргенбіз.

– Әрине болады. Мәселен, Еуропа елдерінде пластикаға құрылған қойылымдарды, моноспектакльдерді камераға арнайы ыңғайлап, телекөрермендерге ретімен ұсынып отырады. Қателеспесем, бізде де кейінгі кездері бұл игі іс қолға алына бастады. Ол орынды нәрсе деп ойлаймын. Әйтпесе, қаншама спектакльдерде ойнадық, ескі суреттер болмаса, естелік жоқ. Бірақ театрлық қойылымдарды пленкалау осы екен деп, той-томалақты түсіріп жүрген операторларға тапсыра салуға болмайды. Шыны керек, ондай операторлардың жарықты қайтіп, қалай беру керектігін білу түгілі, театрдан, спектакльден хабары да таяз болып келеді. Тек кәсіби мамандарға сенім артқан абзал. Ол үшін мұны әр театр өздерінше қолға алып, кезекті жаңа қойылымдарын арнайы белгіленген бір күні көрерменсіз ойнап, бейнетаспаға жазып алып, мұрағаттарына сақтап отырса, құба-құп болар еді.

– Соғыстан кейінгі жылдары бір спектакльдің әсерінен залдағы жауынгер сахнадағы актерді атып тастаған дегенді естігенбіз. Осыдан кейін «Сахна – ащы шындықты тіліп айтатын орын» деген қағидамен келісуге болатындай. Театрдағы қойылым өз көрерменін өмірге сүйіндіріп немесе түңілдіріп жіберердей құдіретке ие болуы керек десек, бүгінгі қазақ театрлары сол үдеден шығып жүр ме?

– Негізі, қазақ театрларының құрылғанына бір ғасырдай ғана уақыт болса да, көп жетістіктерге жетіп үлгерді. Өркениеті дамып кеткен Еуропа елдерімен салыстырғанда, біреулер айтып жүргендей, қалып кеткен ештеңеміз жоқ. Біз көбіне орыс мектебінен тәлім алып, солардың жүйесімен жүрдік қой. Десек те бүгінгі жастар жаңалыққа құмар, қазақ театрына жаңа леп алып келуге ұмтылуда. Әр ұлттың өз рухы, көзқарасы болады, құрылғанына ғасыр толмаса да, қазақ театрлары басқалар жасай алмайтын бөлек образдар арқылы өзінің болмысын айқындай білді. Біз үнемі театр туралы айтқанда, кемшіліктерді тізбектеуге құмармыз. Жоқ, олай емес, тиісінше, жетістіктер мен жемісті жұмыстарды да марқайып айту керек.
Біз шетелдік классикаларды өз ойымызбен жеткізуде де шеберлік танытып, театр өнерінде айтарымыз бар екенін аңғарттық. Бір өкініштісі, қазір заманауи театр, дәстүрлі театр деген ұғым пайда болып келе жатыр. Меніңше, бұлай бөле-жара қараған дұрыс емес. «Шоу» деген ұғым санамызды сансыратып бітті. Керек десеңіз, «эстрада әншісі», «дәстүрлі әнші» деген теңеулер мен үшін қисынсыз. Әнші, ол қашан да әнші болып, сол атқа дарынымен де, даралығымен де лайық болуы керек. Сонда Жаяу Мұса, Біржан салды, тіпті бертіндегі Әмірені алсақ, олар өз заманының қандай әншісі болды екен деген ой келеді. Құдай талант берсе, оны олай орынсыз жіліктеуге болмайды. Кемталант «жұлдыздар» жайындағы әңгіме басқа.

– Енді жеке өміріңізге қарай ойыссақ. Осыдан ширек ғасырдай уақыт бұрын көлік апатына ұшырап, тағдыр тауқыметімен бетпе-бет келгенде, тілеулестік білдіргендер аз болған жоқ. Қазір денсаулығыңыз қалай?

– Аллаға шүкір, жақсы секілдімін. Денсаулықты расында айтып болмайсың. Бірде ауырып, бірде сау боп өмір өтіп жатыр. Өздеріңіз де білесіздер, жиырма төрт жылдай болды, жұмыс бабымен сапарда жүргенде оқыста болған көлік апатынан ауыр халге түсіп қалғанмын. Тағдыр тауқыметіне не шара? Театрдан кетіп, Тараздың шетіндегі автотұрақтардың бірінде қарауыл болып жүрдім. Сахнаға да оралып көрдім. Бірақ сынған сүйек икемге келе қоймады. Дәрігерлерге қаралып, емшіге де барып көрдім. Бұл туралы кезінде республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында көп мақалалар шықты. Үш рет отаға түстім. Елімізде жасалған екі отадан айтарлықтай өзгеріс бола қоймады. Жағдайымнан хабардар болған Елбасы пәрмен беріп, Тұңғыш Президент қоры қажетті қаражатты аударды. Сол арқылы Германиядағы білікті дәрігерлердің қолымен үшінші ота сәтті өтті. Содан бері жағдайым бір қалыпты. Аяқтан тұрып кетуім уақыттың еншісінде екен. Әзірге балдақтың көмегімен қозғаламын. Жаттығу ретінде жиі қимылдауды әдетке айналдырғанмын. Бір жағынан, жасқа да байланысты ма деймін. Жас болсам, сүйек тез бітіп кетер ме еді… Ал біз алпыс беске таядық қой.

– Алпыс бес демекші, биыл сіз – алпыс бес, жарыңыз, облыстық қазақ драма театрының әртісі Гүлшат Қыпшақова алпыс жасқа толатынынан хабардармыз. Атап өту ойда бар ма?

– Уақыт жүйрік қой. Осыдан бес жыл бұрын облыс басшысының қолдауымен алпыс жасымды атап өткенбіз. Өздеріңізге белгілі, жұбайым Гүлшат та өнерсүйер көрермендерге жақсы таныс, облыстық театрға еңбегі сіңген маман. Көпшілік оны Айша бибі бейнесін сәтті сомдағаны үшін құрметтеп, солай атап кеткені оның талантының қай деңгейде екенін байқатпай ма? Пендеміз ғой. Мерейтойымызды біріктіріп, қуанышымызды жора-жолдастар ортасында бөлісіп, өнерімізді бағалайтын жұртшылыққа есеп берсек деген ниетіміз бар. Егер қолдау болып жатса, күз мезгіліне уақытын белгілеп отырмыз. Денсаулығым жарап тұрса, ойнаған спектакльдерім мен киноларымды жинақтап, үзінді көрсетуге де болар еді. Әттең, сахнаны да сағындық…

– Алған асуларыңыз бен жетіс­тік­теріңіз бір төбе. Ал жоғалт­қаныңыз, өкінішіңіз бар ма?

– Өмірі өкініштен құралса, онда ол адамның ғұмырында өзгеге ғибрат боларлықтай ештеңе жоқ, зая кеткені. Мен өзімді ондайлардың қатарына қоспаймын. «Әттеген-ай» дейтін кездерім жоқ емес. Қырықтың қырқасынан аспай жатып осындай халге түскенім жаныма батады. Қараңызшы, шыңдалып, көзге түсіп, киноларға шақырту алып жатқан өнердегі өрлеу шағымда осылай болғаны, өкінішті, әрине. Талай арманым тұншығып қалды. Әйтсе де осы күніме деген шүкіршілік аузымнан бір түскен емес. Бұл да бір сынақ болар.

– Әсерлі әңгімеңізге рахмет!


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер