BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 369.98 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 428.7 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.64
Астана:

Бақтияр Адамжан итальяндық көрерменнің көңілін баурап алды

Фото: astana.gov.kz

Көптеген айтулы халықаралық байқаулардың гран-при иегері, «Астана Опера» театрының жетекші солисі Бақтияр Адамжан алғаш рет ХХ ғасырдағы көрнекті хореограф Ролан Петидің қойылымындағы «Бозбала мен ажал» балетінде басты Бозбаланың рөлін сомдады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі Астана әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қойылым аты аңызға айналған биші әрі хореограф Рудольф Нуреевке арналған Tributo a Rudolf Nureyev халықаралық гала-балеті аясында 28 шілде күні біздің дәуірімізге дейінгі І ғасырдан бері сақталып келе жатқан көне римдік амфитеатр, Сполето (Италия) Рим театрының ашық сахнасында өткен болатын. Көрермендерге әлемдік балет жұлдыздарының орындауындағы Р. Нуреевтің репертуарынан бірқатар нөмір ұсынылды.

Ролан Петидің «Бозбала мен ажал» бір бөлімді атақты балеті 1946 жылы Иоганн Себастьян Бахтың Пассакалья музыкасына қойылды. Жан Коктоның өлеңді либреттосы оған негіз болса керек. Гала-балетке арнап қойылымды жүзеге асырған Р. Петидің ассистенті – балетмейстер Луиджи Бонино. Бір кездері оның өзі де Бозбаланың партиясын орындаған еді. Әйгілі миландық Ла Скала театрының прима-балеринасы Николетта Манни Бақтияр Адамжанның сахнадағы серігі атанды.

Бақтияр Адамжан, сондай-ақ, осы кеште Венгрия мемлекеттік операсының примасы Татьяна Мельникпен Л. Минкустың «Дон Кихот» балетінен Па-де-дені орындады. Итальяндық көрермен Б.Адамжан сахнаға шыққан сайын оны толассыз қошеметпен қарсы алып, зор сүйінішпен қабылдады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер