USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

Ұмытылмас Ұлы тұлға

Алматы қаласы ОКЖ-нің №4 кітапханасында 23 қараша күні Қазақстанның тұңғыш ішкі істер комиссары, қоғам және мемлекет қайраткері Әбдірахман Әйтиевтің 130 жылдық мерейтойы мен Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Мегалис» баспасынан жарық көрген Рүстем Қайдаров пен Алмагүл Көлбаеваның «Абдрахман Айтиев – жизнь для народа» атты жаңа кітабының презентациясы және «Ұмытылмас Ұлы тұлға» тақырыбында слайд-презентация мен видеолекторий ұйымдастырылды.

Шараның мақсаты – оқырмандарды тарихи құнды кітаппен таныстыра отырып, ел ертеңі үшін аянбай еңбек еткен мемлекет қайраткерінің саналы ғұмыры жайлы мәлімет беру.

Кітапхана қызметкерлері оқырман қауымды аталмыш кітаптың бөлімдеріне жеке тоқталып, мазмұнымен таныстырды. Сонымен қатар, ұлт қайраткерінің өнегелі өмір жолы, саяси өмірдегі атқарған істері, салып кеткен сара жолы, қазіргі ұрпағы жайында мәліметтер беріп, жастар қауымының таным көкжиектерін кеңейтті. Оқырмандардың назарына кітап мазмұны мен кітап авторлары жайында мәліметтер беретін слайд-презентация ұсынылды. Жастар қауымы да өз ойларын ортаға салды.

Әбдірахман Әйтиев – өткен ғасырдың 20-шы жылдары Қазақ автономиясын құруға, оның конституциясын әзірлеуге жетекшілік еткен тұлғалардың бірі. Шекара бөліске түскен тұста кең байтақ даламыздың өз меншігімізде қалуына барын салып, көп әйел алуға қарсы шығып, оған тыйым салатын заң жобасын әзірлеуімен де белгілі болған азамат. Бар ғұмырын ішкі істер қызметінде өткерген Әйтиев 50-ге қараған шағында дүниеден озған. Қайталанбас дара тұлғаның өнегелі ісін бүгінгі ұрпағы мәңгі жадында ұстайды.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады