USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

«Ұлы дала ұлағаттары» экспозициялық көрмесі ашылды

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музейінде 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Күніне арналған «Ұлы дала ұлағаттары» экспозициялық көрмесі ашылды. Көрмеге Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың жақында «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Ұлы дала ұлағаттары» кітабы арқау етіп алынған. Бұл туынды еліміздің өз тәуелсіздігінің 25 жылында жүріп өткен жолының шежіресі болып табылады.

Елбасы еңбегінің желісі бойынша ұйымдастырылған «Ұлы дала ұлағаттары» көрмесі «Туған елім – тірегім», «Ел мен ер және жер», «Тәуелсіздіктің тал бесігі», «Туған тілдің тұғыры», «Қиырдан келсе қандастар» және «Жаңғырып келер жас толқын», «Қарияларымыз – қазынамыз» атты бөлімдерден тұрады. Соған орай келушілер көрме арқылы ширек ғасырда халқымыз атқарған ұланғайыр жұмыстардың куәгеріне айналады. Олардың әрқайсысы республикамызда жүргізілген ішкі және сыртқы кемел саясаттың арқасында қол жеткен табыстарымызды ашып көрсетіп, соның баршасының тірегі «Тыныштық. Татулық. Бірлік»» екенін паш етеді.

Салтанатты шарада Семей қалалық ардагерлер Кеңесінің төрағасы,Қазақстанның он екінші сайланған тұңғыш тәуелсіз Парламентінің депутаты А. Доғалақов сөз сөйлеп, құрметті теміржолшы Қ.Әлсейітов екеуі көрме шымылдығын ашты. Сөйлегендер Ұлы дала елі – Қазақстан Республикасының қалыптасып, дүние жүзіндегі ең озық 30 елдің қатарына қосылуындағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясаты мен ерен еңбегін атап көрсетіп, халқымыздың тәуелсіздік жылдарындағы құтты қадамдарының одан әрі қайырлы болуына тілектестіктерін білдірді.

Салтанат соңында Абай музейінің директоры Болат Жүнісбеков сөз алып, жиналғандарды Тұңғыш Президент Күнімен құттықтап, тәуелсіздік куәгерлері – қала ардагерлерінің бір тобына Елбасының музейде кітапша етіп басып шығарылған «Ұлы дала ұлағаттары» туындысы мен ескертіш сыйлықтар тапсырды.

«Ұлы дала ұлағаттары» көрмесінің ашылуына Семей қаласының ардагерлері және жұртшылық өкілдері қатысты.

Ұқсас сілтемелер:
03 Желтоқсан 2016, 22:23
ТӘУЕЛСІЗДІККЕ 25 ЖЫЛ...
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады