USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

Сүйікті Отанымызға арналады

30 қарашада «Астана Опера» театрының Камералық залында белгілі қазақстандық композиторлар - Серікжан Әбдінұровтың «Отан» және Әліби Әбдінұровтың Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне арнаған «Елбасы» әндерінің тұсауы кесіледі.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне және Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Отан, саған арнаймыз» концертінің бағдарламасында, халық сүйіп тыңдайтын отандық авторлардың шығармалары да ұсынылмақшы. Кеште Е. Брусиловский, Ғ. Жұбанова, Е. Рахмадиев, Н. Тілендиев, С. Еркімбеков, К. Күмісбеков, С. Бәйтереков, К. Ыбыраев және тағы басқа авторлардың әндері, романстары, аспаптық композициялары орындалады. Халық аспабын ұнататындар үшін қобызда орындалатын Дина Нұрпейісованың «Науаи» күйі тамаша тарту болады. Сондай-ақ, тыңдарман назарына көпұлтты Қазақстан халқының өмірге, туған елге деген сүйіспеншілігі жайлы шығармалары ұсынылады, олардың ішінде Г. Свиридовтың «О Отан, бақытты да ерекше сәт», С. Туликовтың «Отан» және В. Баснердің «Қалқан және семсер» кинофильмінен «Отан неден басталады» әні және тағы басқалары бар.

Музыка кешінде Айзада Қапонова, Салтанат Мұратбекова, Бейімбет Таңарықов, Ескендір Әбжанов, Мәдина Исламова, Роза Нүркей, Елена Ганжа, Ерұлан Камел, Константин Стригин, Гүлнұр Ерманова, Аида Құрманаева, Өміржан Қадіров, Ермек Берімжанов сынды дарынды вокалшылар, сондай-ақ, «Астана Опера» Симфониялық оркестрінің шебер музыканттары мен Қазақ ұлттық өнер университетінің «Елігай» балалар хоры (көркемдік жетекшісі және дирижері Е. Сансызбаев) өнер көрсетеді.

Фортепиано партиясында – халықаралық байқаулардың жеңімпаздары Раушан Бескемпірова, Гауһар Тасбергенова, Жанар Ахметова. Жүргізуші – музыкатанушы Сәуле Мәулетова, өлең оқитын – Елтай Мұстанов.

Басталуы 19:00, билет бағасы – 2000 теңге.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады