USD 334.31 EUR 355.17 RUB 5.31
Астана:

«Әзірет Сұлтандағы» құнды басылымдар, қолжазбалар көрмесі

Халықаралық ЮНЕСКО ұйымы тарапынан 2016 жыл - «Ясауи жылы» деп белгіленуі мен Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерейтойы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы «Қожа Ахмет Ясауи мұрасы мен ілімінің зерттелу мәселелері» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын ұйымдастырды. Конференция аясында көптеген іс-шаралар атқарылды. Солардың бірі - Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің Ақсарай бөлмесіндегі «Ақиқат жолын үлгі еткен даналар мұрасы» тақырыбындағы кітап көрмесі.

Көрмеде мұражай қорындағы сақталған көптеген құнды көне баспа және қолжазба кітаптар қойылды. Сонымен қатар жазба жұмыстарында пайдаланылған этнографиялық бұйымдар - шырағдан, сиясауыт секілді байырғы ата-бабаларымыздың тұтынған заттары көрерменге ұсынылды.


Мұражай қорында Ясауидің танымал шәкірттерінің көптеген шығармалары сақталған. Тақырыпты ашу мақсатында Қасиетті Құран кітаптары, Мұхаммедке (с.ғ.с) қатысты жазбалар, Ханафи мәзхабының негізін салушы, «Фикһул Акбар» еңбегінің авторы Әбу Ханифа секілді ғұламалардың шығармалары қойылды. Кітап көрмесіне қойылған басты жәдігерлер - ұлы ғұлама Қожа Ахмет Ясауи ізбасарларының мұралары. Атап айтсақ, Софы Аллаяр, Хожа Хафиз, Мырза Бидердің бірнеше өлең жинақтары, Әлішер Науаи, Сүлеймен Бақырғани, Физули, Мір Әлішер, Абдуль Қадир Жаланидің кітаптары, атақты Рабғузидің «Қиссасуль әнбия» және Фаридаддин Аттардың «Тазкиратуль әулия» атты шығармалары. Осылардың ішінде ерекшесі – аса танымал болмағанымен, исламның Ясауи салған сопылық бағытында жазылған Шейх Худайдад Таш-Мухаммед әл-Бухаридің Ясауия силсиласының теориялық, практикалық ғұрыптары жөнінде өте терең мағлұмат беретін «Бустан уль-Мухиббин» атты шығармасы.

Сонымен қатар, қазақ қолөнерінің биік шыңы іспеттес бұл туындылар ата-бабаларымыздың ғибратты ғұмырынан сыр шертетін шынайы естеліктер ретінде құнды. Көрмеде қилы заманның куәгері болған көне жәдігерлер өзіне тамсандырып қана қоймай, сол дәуірге қысқаша саяхат жасағандай күйге бөлері анық.
Көрмеге конференция қонақтары, жергілікті әкімдік өкілдері, қала тұрғындары, БАҚ өкілдері және мұражай қызметкерлері қатысты.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады