USD 336.23 EUR 360.3 RUB 5.28
Астана:

«Әзірет Сұлтандағы» Халықаралық Конференция

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен ЮНЕСКО-ның 2016 жылды - «Ясауи жылы» деп жариялануына орай, қазан айының 13-14 күндері «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы ұйымдастыруымен Ясауи бабамыздың өмір жолы мен қызметін зерттеу және рухани мұрасын насихаттау мақсатында «ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ МҰРАСЫ МЕН ІЛІМІНІҢ ЗЕРТТЕЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.

«Әзірет Сұлтан» қорық музейінің директоры Ж.М.Әубәкір конференцияны ашып, қатысушыларға сәт-сапар тілей келе Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлованың құттықтау сөздерін жеткізді.
Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің бірінші проректоры М.Куталмыш мырза конференция қатысушыларына алғысын арнап, Ясауи мұрасының адамзат игілігіне айналуына ғалымдардың сүбелі үлес қосатынына сенім білдірді.

Аталмыш жиынға Англия, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан т.б. шетелдерден және отандық ясауитанушы ғалымдар қатысты. Атап айтсақ пленарлық мәжілісте Қожа Ахмет Ясауи мұрасы және ілімін зерттеумен айналысып жүрген белгілі отандық және шетелдік зерттеушілер баяндама жасады:
Ф.ғ.д, профессор Д. Кенжетай (Л.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университеті) «Иасауи мәдениеті туралы мәселелер»; Ясауи хикметтерін аударуға белсене атсалысып жүрген Джонатан Трапман (ясауитанушы, зерттеуші, Гластонбери, Ұлыбритания) «Қожа Ахмет Ясауи және өмір факультеті»; т.ғ.д, профессор С. И. Иноятов (Бұқара мемлекеттік университеті, Өзбекстан) «Ахмад Ясави и Абдулхалик Гиждувоний под «куполом ислама»; ясауитанушы ғалым И.Ясауи (Стамбул, Түркия) «Yesevi ocaklari»; ф.ғ.к, доцент З.Искакова (Наманган мемлекеттік университеті, Ташкент, Өзбекстан) «Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасының жалпы адамзаттың құндылықтарды дамытудың рөлі мен маңызы» тақырыбында баяндамалар жасады.

Отандық және шетелден келген ғалымдар конференцияның секциялық жұмыстарында өз баяндамаларын жалғастырды. Онда Қожа Ахмет Ясауи мұраларының түркі халықтары тарихы мен әлемдік өркениеттегі орны, зерттелу мәселелері, өмірі мен шығармашылығы зерделеніп, сондай-ақ, Отандық мұражай саласындағы кейбір көкейкесті мәселелер сарапталып, талданды.

Конференция соңында Қожа Ахмет Ясауи мұраларының зерттелуіне сүбелі үлес қосып жүрген ғалым, зерттеушілерге сертификаттар тапсырылды. Қомақты екі томдық конференция жинақтары барша қонақтарға үлестірілді. Қонақжай Түркістанның мерекелік дастарханы барысында да қонақтар тарапынан ыстық ықыластар, ризалық сезімдер айтылып жатты.

Ұқсас сілтемелер:
30 Қараша 2016, 16:39
Түркістан және Елбасы
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады