USD 336.23 EUR 360.3 RUB 5.28
Астана:

«Абайдың ақын шәкірттері» атты көрме ашылды

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайында қазан айының 14 күні «Абайдың ақын шәкірттері» көрмесі ашылды. Көрме ұлы ақын Абай Құнанбайұлының шәкірттері – Әріп Тәңірбергенұлының (1856-1924) – 160, Көкбай Жанатайұлының (1861-1925) – 155, Ақылбай Абайұлының (1861-1904) – 155, Әубәкір Ақылбайұлының (1881-1934) – 135, Шәкір Әбенұлының (1901-1994) – 115 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр.

Көрменің негізгі мақсаты – Абайдың ақындық мектебінің талантты өкілдерінің шығармашылық мұрасын насихаттау, музей қорындағы құнды жәдігерлерді, қолжазба, естеліктерді, кітаптар, архив деректері мен фотосуреттерді көрермен назарына ұсыну.

Абайдың ақындық мектебі бүгінде қазақ әдебиеті тарихында өзіндік орны бар ерекше ұғым. Абай өз шәкірттерін тәрбиелеп, оларға өмірдегі адамшылық мақсатты түсіндіріп, сол жолға баулып өсиет, ақыл айтуға арналған өмір кезеңдерін өзінің ең қымбатты, ең мағыналы уақытым деп есептеген. Осы құндылықтарды көрме арқылы көрсетіп, ұрпақ зердесіне сіңіру басты назарға алынған.

Көрмеде қазақ әдебиетінің көрнекті абайтанушы ғалым-зерттеушілері М.Әуезов, Қ.Мұхамедхановтың кітаптары, зерттеу жұмыстары мен монографиялары басты назарға алынды.

Көрменің ерекшелігі – көрермендерді музей қорының құнды жәдігерлерімен таныстыру. Мысалы, Әріп, Көкбай, Ақылбай, Әубәкір, Шәкірге қатысты сирек кездесетін қолжазбалар, Ә.Тәңірбергенұлының Еңірекей болысына би, болыс болып сайланғаны туралы архив құжаттары, Ақылбай Абайұлының «Дағыстан» поэмасының қолжазбасы, Көкбай Жанатайұлының «Қандыжап» дастанының қолжазбасы, Әубәкір өлеңдерінің қолжазбасы, Ақылбай замандастарының естелік қолжазбалары, ақын Ш.Әбенұлының жеке заттары көрмеге қойылды.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады