BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 352.54 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 415.15 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.31
Астана:

Жұмыссыздықпен күресудегі жетісулықтардың үлесі

Фото: Диас Бейсенбек

Алматы облысында өткен жылы 26240 адамға арналған жаңа жұмыс орны ашылды. Ал аймақтағы жұмыссыздық деңгейінің үлесі 4,7 пайыз мөлшерінде болып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 1 пайызға ғана азайып отыр, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігінің аймақтағы тілшісі.

Облыстағы жұмыспен қамтумен айналысатын уәкілетті органдарға 48390 адам өтініш берген. Олардың арасынан 32362 адамға лайықты жұмыс табылды. Ал 146,9 мың адамға жалпы сомасы 3149,3 млн теңгені құрайтын әлеуметтік көмек көрсетілген.

Облыстағы жұмыссыздықпен күресудің бір жолы – адамдарды жаңа мамандыққа қайта даярлау болып отыр. Биыл тұрақты жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясындағы қысқа мерзімді білім беру курстарында 500 адамды жаңа мамандыққа оқыту жоспарланған. Осы мақсатта «Текелі барыс» кәсіпорынының базасында алғашқы оқу орталығы іске қосылып, жұмыссыздардың алғашқы легін тігін ісіне баулуды бастады. Бұл жерге кәсіп үйренуге келген азаматтар тегін оқып, үйренуімен қатар оқығаны үшін шәкіртақы алады. Осы істің басы-қасында жүрген кәсіпкер, «Текелі барыс» ЖШС директоры Әйгерім Сәкенқызы қаладағы отыздан астам ниетті қыз-келіншекті жаңа мамандыққа үйретуді бастады.

«Өз ісін бастауға дайын адамдарды қайта оқытудың пайдасы көп. «Текелі барыс» кәсіпорынының базасындағы оқу орталығына келгендер тігіншіліктің қыр-сырын үйреніп, әрі мемлекет тарапынан тағайындалған шәкіртақыға ие болады. Бұл азаматтар келешекте өз ісін бастап, нәтижелі табысқа қол жеткізгенше біздің қамқорлығымызда болады», - дейді «Текелі барыс» ЖШС директоры Әйгерім Сәкенқызы.

Оқу орталығында сабақтар мен тәжірибелік сабақтар өткізуге арналған бөлмелер бар. 13 тігін машинасы, қажетті маталар мен материалдар сатып алынған. Оқушылар білім алумен бірге тапсырыс алып, оны орындайды.

Жақын күндері Текелі тау-кен комбинатының базасында тағы бір оқу орталығы ашылып, онда кен өңдеу ісіне қажетті мамандарды қайта даярлау, оқыту жұмыстары жалғасатын болады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер