BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 371.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.32 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.59
Астана:

Жылқы баққан келін

Фото: Автор

Ибраш Әли, Baq.kz

Қызылордалық келін жылқы бағып, кәсібін дөңгелетіп отыр. 22 жастағы кәсіпкер не себепті басқа емес, жылқы шаруашылығын таңдағанын айтты.

«Бастау» жобасына қатысып, бизнестің әліппесін үйренген Карина Шыныбаева Қызылорда қаласының тұрғыны. Ол – Оспановтар әулетінің келіні, жасы – 22-де. Жақында Қарауылтөбе ауылынан шаруа қожалығын ашып, жылқы малын бордақылауды қолға алған.

«Өз ойымды жүзеге асыру үшін кәсіпкерлер палатасына барып, кеңес алдым. Жылқы бағып, оны бордақылаумен айналысқанды жөн көрдім, себебі жылқы етіне сұраныс жоғары. Бизнес-жоспарым мақұлданып, «Аграрлық несие корпорациясынан» 10 миллион теңге несие алдым. Қазір маған отбасым, яғни атам, енем, жолдасым көмектесуде. Әзір табыс таба қойғанымыз жоқ, бірақ алдағы уақытта оң нәтиже береді деп сенемін», – дейді Карина Шыныбаева.

Отбасылық бизнесті бастаған жас кәсіпкер өз қаражатына қора салып, сол жерден өздері тұратын үйді де тұрғызған. Жарықты да жеткізіпті. Ал несие қаражатына 29 бас жылқы сатып алыпты.

«Жылқыларды бордақылап, тиісті жерге өткізіп жатырмыз. Бұдан басқа үйрек, тауық, қояндарды асыраймыз. Бақшаны да еккенбіз, биыл жер тың болған соң, өнімді жақсы берді», – дейді Карина.

Жас кәсіпкерге ата-енесі, жұбайы ақыл қосып, шаруасына көмектесіп жүр.

«Карина үйге келін болып түскенде 17 жаста болатын. Қазір екі немереміз бар. Келін шаруаға бейім. Жас болғасын біз де қол ұшымызды беріп, кеңесімізді айтып отырамыз. Таңертең балаларды балабақшаға жіберіп, шайын қойып, шаруа қожалығына кетеді. Түсте үйге келіп, тамақ әзірлейді. Одан кейін қайтадан малдарды қарауға шығады. Бәріне үлгереді. Өзі кәсіпке ынталы, біз де ауызбірлік танытып, шаруаны дамытуға күш салып жатырмыз», – дейді Каринаның енесі Жұлдызай апа.

Фотолар: Автор


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер