BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 338.78 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 392.82 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.35
Астана:

Жан-Талас

Бұл мақала Алматы облысы, Райымбек ауданындағы кішкентай ауылдың бүгінгі тұрмысы туралы баяндайды.

Алматыдан шығысқа қарай Құлжа жолымен шықсаңыз, Шелектен өткен соң ол оңға бұрылады да Көкпек және Шарын шатқалдарынан, Кеген асуынан асып, Сарыжаз ауылынан өтеді. Бұл аралық шамамен 300 километр. Көкпекке кіргенде жер биіктей бастайды. Күн біртіндеп салқындайды. Табиғаттың бояулары қанығып, ауа тазара түседі. Әсіресе жауыннан кейін белден шыға келгенде жап-жасыл таулар, көкпеңбек аспан, әппақ бұлттардың көрінісі баланың салған суретіне ұқсайды.

Сарыжаздан соң трассадан солға қарай бөлінетін бір жол бар. Ол Қарасаз және Шәлкөде ауылдарын «П» әрпіне ұқсайтын сызбамен басып өтіп «Талас» ауылына келеді. Осымен жол бітеді. Бұл баяғыда Алматыдан келетін автобустардың соңғы аялдамасы болатын.

«Талас» ауылы қай жерден басталып қай жерге дейін жалғасатыны белгісіз ұшы-қиыры жоқ тау сілемдерінің Талас, Қошқар деп аталатын тұсының етегінде тұр. Шығыстағы көрші ауыл Шибұт тауының астында. Әрі қарай бұл таулар Шәлкөдеге, одан әрі Қытайға созылады.

Ауылдың арқасында бірнеше жусанды ақшыл төбе тұр. Одан әрі қарағайлы жап-жасыл таулар және ең басында әппақ құздар. Сырттан келген адамды Ақтас деп аталатын cол ақ құздар мен мұндалап өзіне қаратады. Ауыл тұрғыны аяқасты өзгере салатын ауа райын бағамдау үшін күніне бірнеше мәрте сол жаққа көз салады.

Биыл жаз жауынды екен. Кеше де себелеп өткен. Қарсы беттегі таудың етегіндегі Қарасаз ауылы. Одан бері қарауытқан сызық Қарасу өзенінің бойындағы бозқараған мен талдар.

Ауылдың бергі оң жақ бұрышындағы қоршау былтыр пайда болған. Онда су іріккіш бар. Өткен жылы ауылдағы үйді-үйге су тартылған.

Қысқаша тарих

Алғаш және соңғы рет Кеңес өкіметі кезінде асфальтталған орталық көше мектептің алдынан бітеді. Әрі қарай бірнеше тас көше тарайды. Ауыл бұрын «Киров» атты колхоздың екінші бөлімшесі еді. Бөлімше басшыларының кеңсесі болған үйде қазір дүкен. Дүкеннің алдында үш әйел тұр. Төрт-бес бала жоғарыдан топырлап кірді де, іле-шала топырлаған күйі шығып келген жақтарына кетті.

Түскі он екі шамасында көп жыл мектепте дене шынықтырудан сабақ берген, қазір зейнеткер Нұрлан Әкімбаевтың үйіне бардым. 72 жастағы Нұрлан аға Алматыға емделуге барып, соның алдында ғана келіпті. Әйелі Сара апайға және жасы жүзге келіп қалған шешесі Әртай әжеге әңгімесін айтып отыр екен, қысқа амандықтан соң сөзін жалғастырды.

- Әлгі Тоққожаның үйі бар ғой? Тоққожаның үйі мына біздің мектептей екен. Не істейсің мына үйді, жылқы қама дедім. Даланың қара қазағы сыртынан қақпасын тоқпақтап жатсақ, іштен «Есік пультпен ашылады» дейді біреу, өй тұқымың өссін!

Далаға шығып, көлеңкеге жайғасқан соң Нұрлан аға ауылдың тарихы туралы мен естімеген көп қызық нәрсе айтты. Үлкендерден естігені, өзінің көргені бар, есте сақтау қабілеті мықты. Көп біледі және шешен тілмен әңгімелейді.

Жасы жүзге таяған Әртай әже - ауыл үлкендерінің бірі

Өткен ғасырдың 20-шы жылдары жұрт Қытай ауған кезде мұнда 17 үй ғана қалыпты. Сол кезден қалған «Жеті үй қошқар» (дұрысы 17 болса керек) деген сөз бар. Бұл жерден 2-3 шақырым төменде Белбейіс деген жерде отырады екен. 17 үйден колхоз құруға болмайтындықтан өкімет Сарыжаздан 60 үй көшіріп әкелген. Олар дәл осы Талас ауылы тұрған жерге қоныс тебеді. «Барасың ба деп сұрамаған. Мына тізімдегі адамдар көшіп барасың да егін саласың. Ол жер күнгей, астық Сарыжаздан бұрын піседі, ел аш отыр деп жаяу айдап әкелген» дейді Нұрлан аға. Айтуынша, бұл 1929 жыл екен. Кейін төмендегі 17 үйді әкеп қосқан. Басында «жері тастақ екен» деп тұрғысы келмеген бұрынғы сарыжаздықтар кейін «суы кәусар екен» дейтін болыпты.

Біртіндеп бұл колхоз Нарынқол ауданындағы бай ауылдардың біріне айналды. 2000 жылдарға дейін 320-дай үй болды. Қырық жылдай осы мектепте ұстаздық еткен Сара апай кей жылдары оқушылар төрт класқа бөлініп оқығанын айтады. Қазір бір класс әрең шығады.

Бұл үйдің негізгі кәсібі мал шаруашылығы. «Малшыға айына 60 мың теңге жалақы төлейміз. Отау.тв түсіріп бердік. Соғымын да сойып береміз. Өзім картоп, сәбіз, қызылша егем. Картобым әне, ұрада жап-жалтыр болып жатыр. Қалаға барған сайын балаларға ала барам. «Ауылдікі не деген тәтті!» деп олар сүйсініп жейді. Мен «Ә-ә, солай ма екен?» деймін. Қалаға кетіп жатқан жастардың барғанда істейтіні қарауылдың жұмысы екен. Сонда табатыны 40 мың теңге. Осында малмен айналысса, бір қой 40 мың теңге емес пе? Он қап картоп 40 мың емес пе?» деп таңданады Нұрлан аға.

Халық Торғаев - ауыл ақсақалдарының ең үлкені. Мектепте көп жыл сабақ берді. Ол кісі оқытқан кластар қашанда математикадан мықты болатын. Кейін мұғалім болып, математикадан сабақ берген шәкірттері де бұл саланың мықты мамандары болып шықты. Жасы 85-ке келгенмен, Халық ата үйдің сыртқы шаруасын өзі тындырады екен. Бақшасында картоп түптеп жүрді. «Аудан бөлініп, Нарынқол ауданы қайтадан құрылады дейді. Мұнда ел қайтадан бірігіп жатыр. Біртіндеп баяғы кез қайта келетін сияқты» дейді ол кісі.

Осы ауылда туып-өскен, қалада жеке кәсібі бар Жүсіп Жанбаев былтыр мешіт салғызған. Қазір мешіт пен оның айналасын ауылдың ең көрікті орны деуге болады.

Бірнеше жыл бұрын Есдәулет деген жігіт қала жаққа көшіп кетті. Соның алдында ол «Қошқардың болашағы бұлыңғыр» деп көп айтады екен де, (Қошқар – ауылдың екінші аты) жұрт онысына күледі екен.

Кейінгі кезде көшу көбейді. Былтыр оншақты үй кеткен. Биыл да кетіп жатыр. Дайындалып отырған тағы бірнеше үй бар. Ауыл адамдарының тең жартысы Алматы маңындағы елді мекендерде үй салып жатыр. Ауылда кім қалады? Болашақ қандай? Ауыл бола ма, болмай ма? Жұрттың көкейіндегі сұрақ осы. Кіммен сөйлессең де айтылар әңгіме осы.

- Әбдіуәли ағама жақсы болды, - дейді Нұржан.

- Неге?

- Үй іздеп жүр еді, таңдап жүріп алатын болды.

Қоныс аударушылар үйлерін миллион, миллион жарым теңге шамасындағы бағамен сатуға қояды, кейбірі бұзып әкетеді. Қазір ауылда алпысқа жуық үй бос тұр.

- Ауылда тұрғысы келмейтін, он қойдың соңында жүргісі келмейтін жастарды мен түсінем. Мал бағудың, егін салудың бейнеті оңай емес. Біздің ауыл қазір мал бағуға да қолайсыз. Айналамыз түгел егін. Егінге түссе, әр қараға бес мың төлейсің, - дейді оның көршісі Жанат.

Кей кісілер көшерде малын түгелдей сатпайды. Бес-он тұяқ қалдырып, біреулерге қосып кетеді. Сосын көктемде келіп картоп егеді. Жазда қайтып келіп оны түптейді, суарады. Нұржан мен Жанаттың ойынша, кеткеннен кейін бір-ақ кету керек, біржақты болу керек.

Сағымбек аға

Тым-тырыс көшеде тұрғам. Бір кезде екі жүз метрдей өзімен өзі дауыстап сөйлеп келе жатқан адамның даусы естілді. Сағымбек аға, әскерден басынан соққы алып ауырып келген. Жасы биыл елу сегізде.

- Амангелді ағам орысша сөйлейді екен! Қақолша ма, неғыған орысша деп барып тыңдасам, мен жүрген жердің орысшасы екен. Военный машина мінген адаммен сөйлесіп тұр. Әлгінің шопыры сағат онға дейін Қарасазға барып келем дейді. Атаңның басы дедім! Біз мінген мәшине ғой, қатты жүргенде сағат бірде келесің.

Алдынан осы көшеде тұратын Сәкен шықты.

- Әликісалам. Су ұстауға бара жатырсың ба? Әй айналайын, резіңке етіктен абайлаңдаршы ей тегі!

Cәкен ары кетті, бұл кісі сөйлеп келеді.

- Әй айналайын, денсаулық керек! Ертең майдан басталып кетсе, отан қорғайтын азамат керек! Мен бармаймын.

Бұл кезде маған жақындап қалған. Сөзін тыңдап тұрғанымды көрді, енді маған қарап айтып келе жатыр.

- Мен барсам, өз-өзімді атам. Мен екі дүниені көріп келгем. Үшіншісіне қызығып та тұрғам жоқ. Мен бірақ жастығымды ала кетем. Өзім сияқты қышынып келген біреуді ала жығылмаймын ба?

- Ассалаумалейкүм аға.

- Әликісалам.

- Қалыңыз қалай?

- Әй… Өлмеген соң жүре береді екенсің. Бұдан да өлген артық.

- Неге аға?

- Ауыл деген иесіз міне. Бәрі көшіп кетті. Жұртта қалдық. Орнықбайдың қираған үйінде балалар тығылмақ ойнап жүр.

Тыңдай түскім келген. Бірақ асығыс екен.

- Ертең Әкім ағаның жылы. Соған көмектесіп жүрмін. Бәрің келіңдер.

Сағымбек аға әрі қарай жүріп кетті.

- Үйді сатам дейді. Сен үйді сатсаң мен сені атам дедім. Тұра берсін. Кім келіп тұрғысы келеді, сол тұрады. Болаттың үйі де тұр ғой міне, құлап қалған жоқ, өртеніп кеткен жоқ. Сол құсап тұра береді. «Көшем әкең..! Кетем!» дейді бір күні Болат (бажылдап жылаған адамның даусына салып айтты). «Әй Болат! Кетсең кет, бірақ боқтамай кет!» Сөйткен Болат та өліп қалды. Пенсияға бір-ақ жыл жетпей қалыпты байғұс…

Нұртай

Биыл көктемде ауылда өте қайғылы оқиға болды. Бір жарым, үш және төрт жастағы үш сәби суға батып кетті. Нұртай - сол балалардың әкесі. 43 жастағы Нұртай мал өсірумен айналысатын. Өзінің шаруашылығы, қыстауы бар.

Оқиға мамыр айында болды. Нұртай малда жүрген. Үйде әйелі Гаухар болған. Ойнап жүрген үш баланың қас пен көздің арасында қалайша үш жүз метр жердегі суға барып алғанын жұрт түсіне алмай жүр. Қойларының судағы бір нәрседен үркіп жүргенін көріп барған сол маңдағы бір малшы балалардың денесін тауып алған.

Бұл жағдай бүкіл ауылды есеңгіретіп тастады. Жеңіс күніне жоспарланған мерекелік шаралар мектеп директорының шешімімен тоқтатылды. Балалар ертесі жерленді. Гаухарды сол күні туыстары алып кетті.

Қазір Нұртай шаруаны басқа адамдарға тапсырған. Шешесі екеуі ауылдағы үйінде.

Сағат күндізгі 10 шамасы болатын. Жазда тұруға арналған екі ауыз үйге кірдім. Нұртай түпкі бөлмеде керуетте екпетінен жатыр екен (Кейін білсем, түнде ұйықтамайды екен).

Ол мүлдем сөйлемеді. Жағдайды Рәбиға әже әңгімеледі. «Қаладағы қызымның үйінде болатынмын. Соның алдында ғана Нұртаймен сөйлескем. «Мама, бәрі жақсы, уайымдама, дәрігерге жақсылап қарал» деді. Бір сағат өтті ме, өтпеді ме, қызыма ауылдан звандапты. «Ойбай-ау ол қайдағы су? Неғыған су?» деп зарладым да қалдым. Бұлар тірі екен деді. Бірақ бір сұмдық болғанын сездім» деді әжей.

Ертесі Нұртаймен тағы да кездестім. Бұл жолы ол біраз әңгімесін айтты. «Енді бас көтере бергенде мен әйтеуір бір нәрсеге ұшыраймын. Оншақты жыл бұрын бас ауруына шалдықтым. Бірнеше ай емделіп жазылып шықтым. Одан кейін үйлендім. Алдыңғы жылы аттан жығылып, өлім аузынан қалдым. Екі рет операция жасады. Өмірім енді дұрысталып келе жатқандай еді. Енді міне...».

Нұртайды ауылда бәрі адал, момын адам ретінде біледі. Жаны ашыған кісілер «Бұл жерден көшіп, қалаға барып тұрсаң қайтеді» деп кеңес беріпті. «Ешқайда кетпеймін» дейді Нұртай.

(Арада бір айдай өткенде Нұртайдың әйелі Гаухар қайтып келді).

Болаттың әңгімесі

Асанов Болаттың жасы елуде. Мектептен кейін оқымаған, ауылда қара жұмыс істеп келе жатыр. Жұрттың айтуынша, өздігінен көп оқыған. Расында Болат ағаның көпшілік пікіріне ермей, әр мәселені өзінше талдауы таңдандырады. Ол кісімен бір сағаттан аса әңгімелестім. Сонда мына нәрселерді айтып еді.

  • Ауылда ешкім астық екпейді. Қайтіп егеді? Не солярка, не техника, не тұқым жоқ.
  • Қалада отырған мемлекеттік қызметкерлер келіп егеді. Мына екі ауылдың арасындағы қоршалған жер кімдікі? Сен журналиссің ғой, соны әкімнен сұрашы. Біз де білгіміз келіп жүр.
  • Бізге тіпті аудан әкімінің де қажеті жоқ былай қарасаң. Жұрт өз күнін өзі көріп жатыр. Қырық жылғы техниканы жамайды. Несие алады. Малын сатады. Сосын келесі күзді күтеді.
  • Аудан әкімін көрдің бе деймісің? Жоға. Жылына бір рет келіп жиналыс өткізеді. Оған арнайы шақырылған адамдар барады, бізді қайтеді? Керегің жоқ екенін өзің де білесің.
  • Неге адамдарды жалдап, ағаш еккізбейді? Неге саябақтар ашпайды? Жер деген бос жатыр. Мен жылда төрт-бес жеміс ағашын әкеп отырғызам. Мешіттің айналасына елу жеміс ағашын әкеп отырғыздық. Өзіміз күтеміз, суғарамыз.
  • Қалаға шоғырлану енді тоқтамас, жастарды ұстап тұру қиын шығар. Бірақ солай екен деп ауылға ештеңе керек емес деуге болмайды. Бізге бәрі керек. Стадион да, мәдениет үйі де керек.
  • Жұмыс орны керек. Адамдарды осында оқытсын. Сен омарта ұста, сен кірпіш шығар, сен жүн жу деп жаңа технология үйретсін.
  • Біздің үйде үш ер адам бар, үшеуміз де жұмыссызбыз. Біз сияқтылар қаншама? Бір үйде бес-алты балалы жұмыссыздар бар. Біздікі «выживание», қазақша өлместің күні дейміз бе?
  • Ауылға да қолма-қол ақша керек. Бірақ нақ ақша зейнеткерде. Бізді солар асырап отыр. Бейітті қоршаймыз дейміз - зейнеткердің ақшасынан жинаймыз. Бір жағы ұят нәрсе. Зейнеткердің ақшасы «неприкасаемый» болу керек қой. Бірақ амал жоқ.
  • Бізден не сұрайсың? Бәріміз сауатсызбыз. Оншақты қызметкер болмаса, қалғанымыз айыр-күректеміз. Сауатты деген оншақты қызметкердің өзі уралап, ұрандап жүр.
  • Көптен бері өзіме ұнаған нәрсе - Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы болды. Сана-сезімді өзгертсін деді, оны қолдаймын. Өткенде машинама бір жігіт отырды. Екі институт бітірдім деді, «бәрекелді» дедім. Қызылбұлақтағы сақтардың қорғанын көрсетіп «Анау не?» десем, «1941-1945 жылғы соғыстан қалған төбелер» дейді. Екі институт бітірген! Ондайлар миллион ғой. Қағаз жазып жатқан студент көрмейсің, бәрі диплом алып шығады.
  • Мамандарда сапа жоқ. Сапалы маман болмай, Қазақстан көтерілмейді ғой. Әкімдер де дұрыс таңдалмайды. Бұрын ауылға еңбегі сіңген, жетістігі бар адамдар басшылық қызметке алынатын. Қазір жастарды әкеп қоя береді. Яғни, сен де істей бересің, мен де істей берем. Қандай нәтиже, қандай жетістік бар, оны ешкім сұрамайды.
  • Бүгін «зам» болсам, ертең әкім болсам, бүрсігүні ауданға барсам. Ол жастардың ойлағаны осы - мансап.
  • Ауылдан бәрі көшіп кетсе де 36 үй қалады. Олай деп отырғаным, бізде колхоздан қалған 36 баз (қыстау) бар. Сонда отырған 36 үйдің бірнеше жүз қой, үйірлі жылқы, табынды сиыры бар. Олар жақсы мәшине мінеді, тонналап жүн өткізеді, малы еркін жайылады. Қалған 200 үй соларға он-жиырма қойын қосады.
  • Қазір бізде ең қымбат нәрсе - қыстау. Бір кісі сатам деп 60 мың доллар сұрап отыр. Алам деушілер бар, бірақ бәрі сырт жақтың адамдары.
  • Ауылдың адамдары неге мал бақпайды дейсіз. Қалай бағады? Он қойын сол қыстаудың айналасына айдап барсыншы! Картасын, құжатын алады да алдынан шығады.
  • Не істеу керек? Оның бәріне жоғары жақта отырған адамдар бас қатыруы керек. Халықтың қамы деп мемлекеттік қызметте жүр ме, келіп шын жағдайды білсін. Және алдын-ала дүрліктірмей, ештеңені сырлатып, дайындатпай келсе. Білем, көрем деген адам солай келеді. Бірақ келген соң нәтиже шығару керек.

  • Адамды ғана емес, табиғатты да ойлау керек. Заманауи техника, дүрбілі мылтық, джип машина, снегоходтармен аңшылар келеді. Ештеңе қалдырмауға айналды. Суырдың өзін қырып бітіретін болды. Суыр деген қасқырдың қорегі. Тамағы таусылса қасқыр малға ауыз салмай ма?
  • «Нұр Отан» соларға тежеу қойса деп жаздым да. Мына тауларды бөліп-бөліп алған. Шибұттан Көміршіге дейін біреулер алған дейді. Шәлкөденің тауларын біреулер алған дейді. Кімдер екенін біз білмейміз. Сен соны зерттеп көрсеңші.
  • Бұғы мен тауешкіге лицензия береді. Ал аңшы көзіне ілінгенді атады. Қарулары жыбырлағанды көз алдына алып келеді. Одан не қалады?
  • Аң шаруашылығы Ресейдегі сияқты жұмыс істесе екен. Қыста науа қойып жем-тұз шашса. Ондай нәрсе жоқ бізде.

Үлкендер аудан бөлінеді, бұрынғы Нарынқол ауданы қайта құрылады екен дегенді естіп қуанып жүрсе, оны жақсылықтың белгісі деп білсе, жастау адамдар одан бұл ауылға еш пайда жоқ деген пікірде.

- Кеген - үлкен жолдың бойында. Қатынайтын көлік көп. Алматыға бара жатып та, келе жатып та тоқтап, шаруаңды бітіре аласың. Ал мына жақтағы Нарынқол аудан орталығы болса, оған қатынас қиындайды, - дейді Болат. Жанаттың да пікірі осындай.

- Кегенде басқасын айтпағанда үлкен базар бар. Ондағы баға Алматымен бірдей. Біздің ауылға өте ыңғайлы. Базарға да барасың, басқа шаруаңды да тындырасың. Ал Нарынқол бөлек аудан болса, біраз адамға қызмет табылады демесек, басқа пайда көрмей тұрмын, - дейді ол.

Бүкіл ауылға керек деген нәрсені өздері жасауға тұрғындар баяғыда дағдыланған. Бірер жыл бұрын ақша жинастырып бейітті қоршап шықты. Мешіт те ауыл адамдарының күшімен салынды. Кеңес өкіметі кезінде балабақша деп салынған, жұрт «Екі этаж» атап кеткен ғимаратта қазір жекеменшік дүкендер және екінші қабатында «Талас» медициналық пункті бар.

Медпункт орналасқан үш бөлмені былтыр «жиырма жылдықтар» (мектепті бітіргеніне 20 жыл толғанын атап өтетіндер) жөндетіп беріпті. Осы ауылда тұратын бес-алты бала ғана бірлескен, қаладағылар қосылмаған.

«Соңғы қоңырауда сөйлеп, балаларға рахметімізді айттық. Бұл да үлкен орын. Кімнің басы ауырып, балтыры сыздамайды?» дейді фельдшер Бағила Мейірбекова.

Медпунктте үш адам жұмыс істейді: фельдшер, мейірбике және санитар. Үш бөлмеге арналған бөлек пеш бар. Аудан жылына оншақты тонна көмір түсіреді, ол қысқа жетеді. От жағушыға штат жоқ, санитар жағады. Қыста жылы болады екен. Құрал-жабдық өте аз беріледі. Тегін дәрі есепте тұрғандар адамдардың бәріне келеді. Мұндағы дерек бойынша, ауылда 1300 шамасында тұрғын бар. Оның 521-і - балалар мен жасөспірімдер. Зейнеткерлер саны - 270. Ауылда 138 адам түрлі аурулармен есепте тұрады.

Медпункт бес шақырым жердегі Шәлкөде ауылындағы амбулаторияға қарайды. Терапевт, педиатр, акушер сияқты дәрігерлер сонда. Олар кесте бойынша келіп тұрады.

Жастар және балалар

Бұрын мектептің қазандығы орналасқан ғимарат көп жылдан бері бос тұр. Бірнеше жігіт бірлесіп соны жөндеп, демалыс орнына айналдырмақ болыпты. Бірақ ақшалары жетпеген. Енді оны «Таластың» бүгінде қалада тұратын бүкіл үлкенді-кіші азаматының көмегімен спорт залы етіп жасау жоспарланып жатыр. Біраз уақыт бұрын ережесіз жекпе-жек шебері Ардақ Назаров осы ауылдан шыққан шәкірттерімен келіпті. Жаңағы мәселе сол кезден айтыла бастаған.

- Ережесіз төбелес үйірмесін ашамыз, спортты көтереміз депті. Ашса жақсы болар еді, мен де ақыл кеңесімді айтар едім, - дейді бір кезде өзі күрестен жасөспірімдер арасында бірнеше республика чемпионын дайындаған Нұрлан Әкімбаев. - Мен соңғы кезде турникке он рет тартылатын бала көрмедім. Бәрінің ойлағаны тест. Бәрі Жүргеновке барамыз дейді.

Бір кезде әр сыныпта бірнеше бала күрестен секцияға қатысатын. Қазір мектепте спорт секциялары жұмыс істемейді.

Бұрын күрес залы болған ғимарат бүгінде 25 орындық балабақша. Балабақша ақысы 5000 теңге.

Биыл «Талас» ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектепті 11 бала бітірді. Олардың сегізі жоғары оқу орындарына түсті (төртеуі грантқа).

Биыл 11-сыныпта 12 баладан екі сынып болады. Олардың бірі Есімбек Тоғжан Шет тілдері университетіне тапсыруға дайындалып жүр.

Екі жыл бұрын олардың екі сыныбында 42 бала оқыған. 9-сыныптан кейін жартысына жуығы колледждерге кеткен.

14 жасар Аман жазда тауда саңырауқұлақ терумен айналысады. Бұл саңырауқұлақты кептіріп сатса, келісін 20 мың теңгеден алады екен.

Кей кісілердің айтуынша, ауылда бір айда үш жүз мың теңгеге дейін табатын кісілер бар.

13 жастағы Данияр «Есегім жүйрік, бес есекпен жарысып бірінші келдім» дейді

Бірнеше жыл бұрын осы өңірде құрғақшылық жүрді. Қыста қар аз түсті. Жаз жауынсыз болды. Жұрт шөпті ішкерідегі ауылдардан сатып әкеліп жүрді. Бір жылы Талас өзенінің суы ауылға жетпей қалды.

Соңғы кездері жауын-шашын молайды, Таластың суы да бұрынғы қалпына келе бастады. Ауыл адамдары бұған қатты қуанады. «Құдай шүкір, су қазір жеткілікті» дейді олар.

Мәтін және фото - Ержан Әбдіраман

Видео - Абзал Қалиев

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер