BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 374.2 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.34 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.52
Астана:

Түркістан облысының төрт ауданына оқулықтардың қашан жеткізілетіні белгілі болды

Фото: автор

Түркістан облысының оқулықсыз қалуы мүмкін төрт ауданына 25 тамызға дейін жаңартылған мазмұндағы мектеп оқулықтары жеткізіледі. Қазір аудандар тасымалдаушы компанияны анықтап жатыр, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Түркістан облыстық білім басқармасының мәліметінше, Ордабасы, Түлкібас, Шардара аудандары мен Кентау қалалары биылғы оқу жылына жаңартылған мазмұндағы мектеп оқулықтарын жеткізетін тасымалдаушы компанияны әлі күнге дейін анықтамаған. Барлық қажетті оқулықтар дайын. Енді аталған аудандар сол оқулықтарды баспанахадан жеткізетін тасымалдаушы компанияны мемлекеттік сатып алуда конкурс негізінде анықтауы қажет. Аталған аудан-қалалардың әкімдері алдыңғы аптада облыс әкімдігінде өткен жиналыста өңір басшысы Жансейіт Түймебаевқа аталған мәселені шешетіндеріне уәде берген.

«Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев бұл аудандардың әкімдеріне тасымалдаушы компанияны анықтап, 25 тамызға дейін оқулықтарды жеткізуді тапсырған. Барлық оқулықтар сатып алынған. Енді тасымалдаушы компанияны анықтап, кітаптарды жеткізу ғана қалды»», – деп мәлімдеді облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.

Басқарманың мәліметінше, жаңартылған білім беру мазмұнына 3,6,8 сыныптардың көшуіне байланысты оқулықтар мен оқу әдістемелік кешендерін сатып алуға және жеткізуге жергілікті бюджеттен 4,9 млрд теңге бөлінген. Оның 64 млн теңгесі оқулықтарды облыстың аудан-қалаларына тасымалдауға жұмсалады.

Мұның алдын ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Үкімет отырысында білім беру мен ғылымды дамыту бойынша мемлекеттік бағдарламаның 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында іске асыру мәселесі жөнінде баяндады.

Министр баяндамасында «Орта білім беруде жаңартылған мазмұнға көшу жалғасуда. Өткен жылдан бастап 1, 2, 5 және 7 сыныптар жаңа оқу бағдарламасының оқулықтары бойынша білім алуда. Осы 2018-2019 оқу жылынан бастап қосымша 3, 6, 8 сыныптар жаңартылған мазмұн бойынша оқуға көшеді. Оларға арналған оқулықтар дайын, сараптамадан өтті және басылды. Сондай-ақ, бұл оқулықтарды облыстарға жеткізу жұмыстары басталып кетті. Бірақ, бұл әкімдіктердің жауапкершілігінде. Жалпы облыстар көлік компанияларымен кітаптарды жеткізу бойынша келісімшартқа отырған. Бірнеше өңір, соның ішінде, Астана қаласы, Батыс Қазақстан облысындағы Зерен ауданы, Түркістан облысындағы 4 аудан осы күнге дейін бұл жұмыстарды бастаған жоқ. Сол себепті, оқу басталуына 20 күн қалғанда оқулықтарды уақтылы жеткізбеу қаупі аталған өңірлерде орын алып отыр», - деп, жергілікті атқарушы органдарды бұл мәселеге жауапкершілікпен қарауға шақырған болатын.

Еске салсақ, Түркістан облысында 2018-2019 жаңа оқу жылына 1 381 балабақша, 907 мектеп және 94 колледж жұмыс істейді. Өткен жылмен салыстырғанда биыл білім беру нысандарының саны төртеуге артқан. Облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықовтың айтуынша, өңірдегі білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр.

«Ағымдағы жөндеу жұмыстарына 105,5 млн теңге қаралып, білім мекемелерінде әктеу, сырлау жұмыстары жүргізіліп, қазір олардың жартысынан көбі жаңа оқу жылына дайын. Барлық білім нысандарын 25 тамызға дейін аяқтау жоспарлануда. 2018 жылы 47 білім нысандарының күрделі жөндеу жұмыстарына облыстық және жергілікті бюджеттен 4,3 млрд теңге бөлінген. Оның 40-ы мектеп, 1-і мектеп-интернат, 6-ы колледж», – деді басқарма басшысы.

2018-2019 оқу жылында өңірімізде 54915 бүлдіршін мектеп табалдырығын аттайды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер