BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 366.43 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Түркі әлемінің зерттеулеріне арналған халықаралық симпозиум өтті

Алматыдағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде Халықаралық Түркі әлемі зерттеулеріне арналған симпозиум өтті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі аталған университеттің баспасөз орталығына сілтеме жасап.

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ұйытқы болуымен өткен шараға Түркия, Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан мен Башқұртстаннан 300-ден астам ғалым мен сарапшы қатты.

Үш күнге жалғасқан басқосуда ғалымдар педагогика, тіл, әдебиет, тарих, мәдениет, өнер, халықаралық қатынастар, экономика, философия, әлеуметтану, гендерлік т.б. мәселелер жайында және жаратылыстану ғылымдары саласында пікір алмасып, болашақта түркі әлемінде ортақ ғылыми жобаларды жүзеге асыру турасында уағдаласты.

Жиынды Қыздар Университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова ашып, Симпозиумның маңызына тоқталды.

«Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен қайта дүниеге келген «Мәңгілік ел» мұратының да негізгі өзегі – Ұлы Дала елін түркі халықтарының ата жұрты ретінде қабылдауға негіздеу, тамыры терең ұлттық мәдениеттің сақталуын және дамуын қамтамасыз ету. Жаңа мыңжылдық Еуразия кеңістігінде үлкен саяси өзгерістермен бастау алды. Түбі бір түркі мемлекеттері тәуелсіздік алды, бабалар арманы шындыққа айналды. Бұл өзгерістер – жаңа саяси-экономикалық және мәдени кеңістіктің пайда болуына жол ашты», - деді Г. Алдамбергенова.

Оқу орны басшысының айтуынша, түркі халықтарының ғылыми-зерттеу жұмыстарын ортақ негізде дамыту мақсатында бас қосып отырған ғалымдар Қазақстанның латын жазуына негізделген жаңа әліпбиге көшу бағдарламаларындағы өзекті мәселелерді шешуде бірлесе ғылыми-шығармашылық бағытта жұмыс істеп, жаңа ғылыми зерттеулер жүргізуге бастама жасайтын болады.

Айта кетейік Халықаралық түркі әлемі зерттеулері симпозиумы алғаш рет Түркияның Нийде Өмер Халисдемир университетінде 2014 жылдың 18-21 наурыз күндері аралығында өткен болатын. Сонымен қатар, шара аясында аталған жоғары оқу орындарының студенттерінің қатысуымен «Түбіміз бір Түрікпіз» фестивалі да тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер