BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 319.68 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 392.95 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.63
Астана:

Торғай даласынан табылған тылсым белгілердің құпиясы беймәлім

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Қазақстанның қасиетті жерлері, мәдени-географиялық белдеуі қанша ғасыр өтсе де, кез келген рухани жұтаңдықтан сақтайтын символдық қалқан әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы» деп айтқан болатын.

Бүгінде ғалам жұмбағына айналған Торғай геоглифтері ұлттық құндылығымыздың бірі. Осыдан тура он жыл бұрын «Гугл» ғарыш түсірілімінің нәтижесінде Қостанай облысында сыры беймәлім тек аспаннан көрінетін таңбалар анықталды. Торғайдың жазық даласындағы бұл төмпешіктер осыдан он жыл бұрын әлем ғалымдарының назарын өзіне аударды. 2007 жылы қостанайлық Дмитрий Дей «Гугл» ғарыш түсірілімінің көмегімен таңғажайып тарихи жаңалық ашты. Құс қанаты жететін жерден төменге көз салса свастика, төртбұрыш бейнесіндегі геоглифтер көрінеді. Оның айтуынша бұл алғашқы өркениеттің пайда болуын айғақтайтын ежелгі нысан болуы мүмкін.

Дмитрий Дей, Қостанайды зерттеуші:

- Үштоғай төрттағаны туралы айтатын болсақ, оның аумағы 8 гектар жерді алып жатыр. Бұл Хеопс пирамидасынан салыстырмалы түрде екі есеге үлкен. Біздің тұжырымымыз бойынша бұл геоглифердің күнтізбемен қатысы болуы мүмкін. Немесе есептеу аспабы да болуы мүмкін.

Асқарбек Қазанғап, тілші:

- Бұл қарапайым көрінген төмпешіктердің сырға толы екенін ғалымдар осыдан бірнеше жыл бұрын ғана білді. Бірақ, Үштоғай геоглифтерінің қашан, қалай, не үшін пайдаланғаны туралы ғалымдар нақты айтып, деректерін алға тартпағанмен, өз болжамдарын жасап отыр. Біз тұрған мына Үштоғай геоглифтерінің әр бұрышының ұзындығы – 250 метр.

Торғай өңірінде осындай онға жуық геоглиф анықталды. Оның сырын ашып, мәнін түсінуге тіптен Жапониямен Американың ғалымдары тырысып бақты. Бірақ, қазақ даласындағы құпияның кілтін табу әзірге мүмкін болмай тұр. «Бабалар ізімен» экспедициясының жетекшісі Сапар Ысқақовтың айтуынша жаһанды таңқалдырған жұмбақтың кілтін отандық ғалымдар табуы тиіс дейді.

Сапар Ысқақов, саяхатшы:

- Бұған бір институттың жұмысы керек. Ғалымдар кірісу керек. Шетелдің адамдарын шақыруымыз керек. Әзірше бұл жеке адамдардың қызығуымен ғана азғантай ғана жұмыс жасалып жатыр.

Экспедиция Торғайдан кейін Қостанай қаласындағы мұражайға арнайы соқты. Себебі, мұнда да өткен дәуірден сыр шертетін ерекше мүсін сақталған. Бұл, 1976 жылы табылған кішкенатай тас мүсінге «Тобыл ойшылы» деген ат қойылған. Ғалымдар оны Азияның антропоморфты мүсін тобына жатқызып отыр.

Назима Оташева, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері:

- Бұл біздің дәуірімізге дейінгі III мыңжылдықтың соңы мен екінші мыңжылдықтың басына жатады. Бұл пикеттеу техникасында жасалынған. Сұр, қоңыр түсті қиыршықты тастардан жасалған. Бұл мүсін адамның аспанға қарап ойланған кейпін бейнелеп отыр.

Ел естімеген мұндай тарихи құндыж жәдігерлер ұлан ғайыр атырабымызда жетерлік. «Бабалар ізімен» экспедициясы осы құндылықтармен танысу мақсатында сапарын одан ары жалғады.

Хабар 24.kz

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер