BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 374.2 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.34 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.52
Астана:

Теміртаудың болашағы қандай?

Фото: Ашық дереккөз

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағандының орталығынан 35 шақырым қашықтықта, ел астанасына қарай орналасқан Теміртау Қазақстанның ірі өнеркәсіптік қаласы болып саналады. Елбасы еңбек жолын бастаған қазыналы қала – Теміртау шаһарының тамыры тереңде. Бүгінде халқының саны 180 мыңнан асып жығылатын қаланың іргесі өткен ғасырдың басында салына бастаған. 1945 жылы Теміртауға қала статусы берілді. 1950-1960 жылдары шаһарға еліміздің түкпір-түкпірінен өрімдей жастар ағылып, «Қазақстан магниткасын» игеруге атсалысты. Осылайша кішкентай қала алып еңбек мекеніне айналды.

Құрышты қала, метталлургтер шаһары, өндірісті өлке, қазыналы аймақ. Теміртауға осы тіркестердің барлығы да жарасады. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде «Магнитка тарихы, Теміртау тарихы, оның адамдарының тағдыры менің тағдырымның ажырамас бөлігі» деген болатын. Шыныменде Теміртау талай тағдырларды бір арнаға тоғыстырды. Теміртау аймақта ғана емес еліміздегі көшбасшы өндіріс ошағына айналды, елдің экономикалық қуатын алға сүйреді. Тоқсаныншының тоқырау жылдары Теміртауды да айналып өтпеді. 1989-2005 жылдары тұрғындар саны күрт кеміді, 65 мыңдай адам шаһарды тастап өзге өңірлерге көшіп кетті. Жаппай жұмыссыздық халықтың арасында қылмыстың, нашақорлықтың өркендеуіне, ал бұл өз кезегінде «ғасыр дерті-ЖИТС» жұқпасының таралуына себепкер болды.

Бүгінде Теміртау өндірісі ғана емес мәдениеті мен әлеуметі дамыған еліміздегі ең ірі моноқалалардың бірі. Республикадағы маңызды индустриалды орталықтың бүгінгі кескін келбеті қандай, тыныс-тіршілігінде өзгеріс бар ма, тұрғындардың арман-мақсаттары қаланың болашағымен ұштаса ма? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрген едік.

Тұрғындардың жанайқайы Елбасының құлағына жетті.

Теміртау тұрғындары соңғы он жылда қаланың экологиялық жағдайының нашарлап кеткендігін айтып дабыл қағуда. Бұған шаһардың дәл жанында орналасқан республика бойынша ең үлкен өнеркәсіп орындарының бірі - «АрселорМиттал Теміртау» АҚ кәсіпорынының ауаға зиянды өндіріс қалдықтарын көптеп шығаруы себеп деген пікірде. Шаһарды торлаған қара түтін тұрғындардың құтын қашырғандығы былай тұрсын, ауадағы улы газдар мен шаң-тозаң денсаулықтарына орасан нұқсан келтіруде. Ресми деректер Теміртаудағы 180 мың халықтың үш мыңнан астамы онкологиялық ауруға шалдыққандығын айтады.

Үстіміздегі жылдың қаңтар айында Теміртауға тіпті «қара қар» жауып, халық дүрліккен еді. «Теміртау еліміздегі ең ластанған қаланың біріне айналды» деген тұрғындар экологиялық ұйымдарға шағымданып, петиция жазып, қол жинап, биліктен көмек сұраған болатын. Қалаға жауған «қара қар» мәселесі тіпті Елбасының да құлағына жетті. Нұрсұлтан Назарбаев осы жылдың қыркүйек айында аймаққа жұмыс сапары барысында Теміртауға арнайы ат басын бұрып, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директоры Парамжит Калонға «сәлем жолдады». Қоршаған ортаны ластанудан қорғауға шақырған Елбасы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына экологияны жақсартуға қаржы бөлу керектігін тапсырды. Президенттің тапсырмасы аяқсыз қалмай «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамы кәсіпорынның экологиялық көрсеткіштерін жақсарту және жаңғыртуға қосыша қаражат бөлуге дайын екендігін мәлімдеді. Қаржы өндірістегі тазарту жабдықтары мен бірқатар қондырғыларды жаңартуға, ауаны ең көп ластайтын қазандықтардағы электр сүзгілерін жөндеуге жұмсалатын болады.

Облыс әкімдігі болса Теміртаудың экологиялық жағдайын жақсарту бағытында үш жылға шақталған кешендік жоспар бекітіліп, оған қатысты жұмыстарды жүргізу басталып кеткендігін хабарлады. Ол үшін қалада дендрологиялық зерттеулер жүргізіліп, қала көшелерін көгалдандыру, ағаштарды, көшеттерді көптеп отырғызу, осылайша қаланы жасыл желекті мкекенге айналдыру бағытында шараларды атқару жоспарланып жатқандығын айтты.

Нашақорлық, қылмыс, ЖИТС. Теміртаулықтардың еті үйренген бе?

Теміртау десе көптеген қазақстандықтардың ойына нашақорлар мен ЖИТС сырқатын жұқтырған адамдар мекендейтін қала еске түседі. Қаланың криминогенді жағдайы да халық арасында түрлі алып-қашпа әңгімелерді туындатады.

Тонау, ұрлық, қарақшылық сияқты қылмыстардың уақыты болған тоқсаныншы жылдар артта қалды. Еліміздің басқа қалалары сияқты Теміртаудағда криминогенді жағдай тұрақталды. Дегенменде қаладағы нашақорлардың көптігі әлі де болса Теміртауды қауіпті қалалардың қатарына жатқызу керектігін айтады. Ресми деректер қалада 1000-нан аса есірткіге тәуелді жанның бар екендігін көрсетеді. Бұл наркологиялық диспансерде тіркеуде тұрған нашақорлардың саны. Бейресми деректер есірткіге еліткендердің бұдан екі-үш есе көп екендігін айтады. Теміртаудағы нашақорлардың көптігі елімізге ғана емес шетелдіктердің де құлағына шалынған еді. Сонау 1997 жылдары түсірілген «Реквием» картинасы осы есірткі құмарларға арналып, онда Теміртауда тұратын әлемдегі ең жас нашақор бала – Леняның өмірі баяндалады. «Бесіктен белі шықпай жатып» нашақор атанған Леня болса инемен апиын егіп жүріп, ЖИТС вирусын жұқтырады. Жалпы Теміртауда сексенінші жылдары еліміз бойынша ЖИТС вирусымен инфекцияланған алғашқы тұрғын тіркелген болатын.

ЖИТС дертінің таралуы бойынша Қарағанды облысы елімізде Алматы қаласы мен Павлодар облысынан кейінгі үшінші орында. Ресми мәліметтер бойынша 2018 жылдың 1 қазанында Қарағанды облысында 5387 тарта АИТВ жұқпасын жұқтырған науқас тіркелген. ЖИТС-пен ауыратындардың 60 пайызы Теміртауда тұрады. Яғни үш мыңнан аса теміртаулық АИТВ вирусын жұқтырған. Өкінішке орай, ғасыр дертін жұқтырғандардың саны жыл санап артып келеді.

Тоқсаныншы жылдары АИТВ-ның таралуына ине егу арқылы есірткі қолдану себеп болды. Есірткіге ессіз тәуелді болғандар арасында ғасыр дерті кеңінен таралып, олардың өмірімен тығыз байланыстатын. Ал қазір ше? Соңғы жылдары ЖИТС нашақорлардың ғана сырқаты емес, ол тұрғындардың жасы мен жынысына, әлеуметтік статусы мен ұлтына қарамай таралып жатқан дертке айналды. Қазіргі уақытта ЖИТС-тің 65 пайызы жыныстық жолмен таралуда. Бір ғана мысал, жақында ғана теміртаулық тұрғын өзінің ЖИТС-пен сырқаттанған біле тұра, әйелдермен қорғалмаған төсек қатынасына түсіп, оларға қасақана инфекция жұқтырған.

Қаладағы нашақорлар мен ЖИТС дертін жұқтырғандардың саны жыл өткен сайын көбеймесе, азаяр емес. АИТВ жұқпасын жұқтырудан сақтану, алдын алу бойынша көптеген шаралар қолға алынған. Облыстық ЖИТС-пен күрес орталығы халық арасында аталған инфекцияның алдын алу әдістері туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, «ғасыр індетін» жұқтырған науқастарды емдеп, олардың ғұмырын сәл де болса ұзартып, дерттің таралуын тұйықтау бойынша жұмыстар атқаруда. Сондай-ақ, құрамына психолог, кеңесші, әлеуметтік қызметкер кіретін «Мейірім әлемі» орталығы үкіметтік емес ұйымдармен бірігіп АИТС жұқпасымен өмір сүретін адамдарды қолдау, оларға көмек қолын созу бағыттары бойынша шаралар атқаруда.

Жылу мәселесі. Жыры бітпеген «ЖЭС-2».

Теміртаудағы жылу жетіспеушілігі мәселесі бірнеше жылдан бері күн тәртібінен түспей келе жатыр. Қала тұрғындарының қыс болса пәтерлерінде дірдектеп отыруы қалыпты құбылысқа айналған. Оған себеп қаланың 90 пайыз тұрғынын жылумен қамтитын «ЖЭС-2» қазандығының дұрыс жұмыс істемеуі. Теміртаулықтар қыста үйлерінің жылымайтындығын айтып шағымдануда. Тіпті 2016 жылы «ЖЭС-2» қазандығындағы апатқа байланысты қақаған қыстың дәл ортасында теміртаулықтардың пәтерлеріндегі ауа температурасы 13-14 градусқа дейін төмендеп кеткен болатын. Аталған проблема үкімет отырысында қаралып, шенеуіктер араласқаннан кейін, мәселе шешімін тауып, жылу беру қалыпқа келтірілгентін. Алайда өткен қыста да теміртаулықтардың бойы жылынбады. Жылу тұрғын үйлерге дұрыстап жетпеді, сапалы жылу беруді сұрап сарсаңға түскен халық құзырлы мекемелерден қайыр болмағаннан кейін, «жылу мәселесін жылы жауып қойды». Орталық қазандық арқылы келетін жылудан үйлері жылымағандықтан енді тұрғындар жылытқыш электр құралдарын қосуға мәжбүр болды. Алайда биылғы жылы Теміртау қаласын электр қуатымен қамтамасыз ететін «Оқжетпес» ЖШС-і қазан айынан бастап электр қуатының тарифін өсірді. Суық үйін жылыту үшін электр жылытқыштарды қосатын теміртаулықтар үшін электр қуаты тарифінің қымбаттауы қалталарын қағатындығын айтады. Олар қыста электр қуаты үшін қыруар ақша төлейтін шығармыз деп уайымдайды.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі мемлекет басшысының теміртаулықтардың тұрмысын жақсартуға бағытталған бірқатар тапсырмаларды іске асыру қолға алынып жатқандығын хабарлады. Аймақ басшысы Ерлан Қошанов пен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директоры Парамжит Калон Теміртаудың әлеуметтік жағдайын жақсартуға байланысты меморандумға қол қойды. Меморандум аясында Теміртау қаласын сапалы жылумен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Елбасының тапсырмасы бойынша ЖЭС-2 қазандығы модернизацияланып, қосымша қазандық салуды талап еткен. Қазірг уақытта қазандықтың құрылысына байланысты жобалық сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Келесі жылы аталған нысанның құрылысы басталатын болады.

Теміртаулықтар басқа қалаға қоныс аударуды армандайды ма?

Теміртау тұрғындардың көпшілігі мүмкіндік болса басқа қалаларға көшуге ниетті. Бұны қаладағы баспана бағасының арзандығынан, сондай-ақ пәтерлердің ұзақ уақыт бойы сатылмай тұруынан байқауға болады. Қала әкімі Ғалым Әшімовтің өзі облыс әкімдігінің аппаратында болған жиналыста теміртаулықтардың туған қаласынан тұрғын үй сатып алатындығына күмән келтірген болатын. Оның сөзінше, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшылары Теміртауда қалуды жоспарламайды, олар Алматы, Астана, Қарағанды қалаларынан баспана алу үшін ақша жинап жатыр мыс. Сондықтан да, Теміртауда жаңа үйлер салынып жатқан жоқ. Ғалым Әшімовтың бұл сөзі облыс әкімінің шамына тиіп, Ерлан Қошанов наразылығын білдірді. Ол қала әкіміне жаңа үйлерді салу керектігін, ал оны сатып алушылар табылатындығын айтты.

«Өңірлерді дамыту» бағдарламасына бойынша елімізде көптеген моноқалаларды дамыту қолға алынуда. Осы қалалардың бірі – Теміртау. Мемлекет басшысының металлургтер шаһарына іс сапары барысында теміртаулықтардың тұрмысын жақсартуға бағытталған бірқатар тапсырмалар берген болатын. Осы бағытта қалада бірнеше әлеуметтік нысандар - балабақшалар, спорт орталығы, емхана салыну жоспарлануда. Бұл жұмыстарға жұмсалатын шығындардың барлығын «АрселорМиттал Теміртау» компаниясын өз мойнына алған. Осылайша алпауыт компания қаладағы әлеуметтік нысандар құрылысына, экологиялық көрсеткіштерді жақсартуға, жылу мәселесін шешуге қосымша қаражат бөлмекші.

Қалай десекте, теміртаулықтар қаладағы әлеуметтік мәселелер шешімін тауып, шаһардың келер ұрпақтың өмір сүруі үшін қолайлы, қауіпсіз орынға айналатындығынан үмітті.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер