BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 364.95 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.99 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.55
Астана:

Таразда автобус жолақысы қымбаттай ма? Әкімнің жауабы

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов Тараз қаласында қоғамдық көліктегі жолақы 90 теңгеге көтеріледі деген ақпаратты жоққа шықарды. Бұл туралы өңір басшысы ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Шарада журналистердің бірі облыс әкімінен Тараз қаласындағы қоғамдық көліктерде жолақы бағасы 90 теңгеге қымбаттайды деген ақпараттың қаншалықты шындыққа жанасатынын сұрады.

Асқар Мырзахметов облыс әкімі қызметіне келгелі Тараз қаласындағы қоғамдық көлікке қатысты бұл мәселе көтеріліп келе жатқанын айтты. Себебі көліктердің сапасы сын көтермейді, экологиялық тұрғыдан талаптарға сай келмейді.

«Бірақ осылай деп олардың бәрін жауып тастауға болмайды, өйткені халыққа қызмет көрсетуі керек. Ал халыққа қызмет көрсететін мекемелер тарифтің төмендігінен техниканы толығымен ауыстыра алмай отырмыз деген уәж айтады. Олармен бірге мәселені арнайы талқылағанда «бірден 90 теңгеге көтеріледі» деген әңгіме болған жоқ. Бұл – қызмет көрсететін мекемелердің айтып отырған ұсынысы. Біз екі жақты қарауымыз керек. Бірінші кезекте халықтың қалтасы көтере ала ма, соны ескере отырып осы мәселені қарау тұжырымы айтылды. Оған олар да келісіп отыр», - деді өңір басшысы.

Қазіргі таңда Тараз қаласында қоғамдық көліктердегі жолақы – 65 теңге, оқушыларға – 30 теңге. Осы орайда облыс әкімі қоғамдық көлік мекемелерінің нақты табысы анықталған соң жолақыны көтеру мәселесі қайта қаралатынын айтты.

«Біздің ұсынысымыз алдымен әрбір бағыт бойынша шын мәнінде қанша табыс тауып отыр, соны анықтау қажет. Өйткені ол жерде де мәліметтер арасында өте үлкен айырма бар. Статистика басқа мәліметті айтады, өздерінікі басқа. Арнайы комиссия нақты табысты анықтағаннан кейін тарифті көтеру мәселесі қайта қаралатын болады. Тағы айтамын, ол жерде 90 теңгеге көтеріледі деген шешім болған жоқ», - деп жауап берді Асқар Мырзахметов.

Бұған дейін, аймақ басшысы тұрғындар үшін газды үйге кіргізу бағасы төмендетілгенін жеткізген болатын. Жалпы, облыс орталығы Тараз қаласында тағы екі аудан пайда болды. Сонымен қатар, апатты мектептер мәселесі де шешімін табатындығы айтылды. Ал өңірдегі дәрігерлер арасында кімнің жалақысы өсетіні туралы әкім нақты ойын айтты. Сонымен бірге, облыс басшысы тарифті тұрақты ұстап тұратын жүйе құрылатынын ескертті.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер