BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 366.86 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 424.49 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.6
Астана:

Солтүстік Қазақстанда 43 мың тұрғынның еңбекақысы көбейеді

Фото: Автор

Елбасы жаңа жылдан бастап төменгі еңбекақы мөлшерін 28 мыңнан 42 мың теңгеге дейін көбейтуді тапсырды. Президент Жолдауына сәйкес жаңа жылдан Солтүстік Қазақстанда 43 мың тұрғынның еңбекақысы көбейеді, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Жеңілдетілген салық 200 мың адамға әсерін тигізеді. Медициналық қызметкерлердің де еңбекақысы 20 % пайызға ұлғаймақ. Облыста 300 учаскелік дәрігер мен 750 медбикенің еңбекақысы көтеріледі. Жалпы, денсаулық сақтау саласында ауруханалар мен емханаларды қаржыландыру 3 есеге көбейеді. Атап айтар болсақ, 800 миллионнан 2,8 миллиард теңгеге дейін. Бұл қаражатқа жоғары технологиялық қондырғылар сатып алынады. Облыс орталығында көп профилді аурухана салу да жоспарда бар.

«Соңғы 5 жылда мемлекет тарапынан денсаулық сақтау саласына көп көңіл бөліне бастағанын атап өткім келеді. Нәтижесінде медициналық көмектің сапасы жақсаратыны сөзсіз. Бұл халықтың денсаулығы мен өмір сүру ұзақтығын көбейтуге ықпал етеді. Дәрігерлердің жалақысын көбейтіп, баспана мәселесін шешу – облыстағы кадр тапшылығын азайтуға сеп болатынына сенімдімін» - дейді облыстық кардиологиялық орталық дәрігері Дмитрий Тех.

Солтүстік Қазақстан облысы белсенділерінің Елбасы Жолдауын талқылауға арналған жиында айтылғандай, тұрғындардың денсаулығын нығайту мақсатында Петропавл қаласы мен аудандарда дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынады. Облыс орталығының көшелерінде спорт кешендерін, баскетбол, волейбол алаңдарының құрылысы да жалғасады.

Білім сапасын арттыру да стратегиялық құжатта айқындалған басым бағыттардың бірі. Петропавлда қазір 1500 орындық 2 мектеп салынуда. Кешенді жоспар аясында облыс орталығында тағы бір нысан құрылысы жоспарланған. 120 білім ошағы жөнделмек. Мектептерде 4 мың компьютер жаңартылады. Елбасы барлық мектептер мен балабақшаларды бейнебақылаумен қамтамасыз етуді тапсырды. Бүгінде 625 нысанның 174-де камера орнатылған. Қалған 451 білім ошағы да бейнебақылаумен қамтамасыз етіледі.

«Биылғы Жолдау негізінен әлеуметтік саланы дамытуға бағытталған. Ұстаздар қауымы үшін ең басты жаңалық келесі жылы педагог мәртебесі жайында заңның қабылданатыны дер едім. Өйткені мұғалімнің мәртебесін көтеру, елдің мәртебесін көтеру. Бюджеттік сала мамандарының жалақысы өсіп, жаңа мектептер мен ауруханалар салынатындығы білім беру мен денсаулық сақтау саласын жаңа, бәсекеге қабілетті деңгейге көтеретіні анық», –дейді Петропавл қалалық №23 орта мектептің директорының орынбасары Азамат Есілбаев.

Биыл Солтүстік Қазақстанда 25 мың адам тұратын 38 ауыл таза ауыз суға қол жеткізді. Келесі жылы қаржы бұл салаға құйылатын қаржы көлемі артпақ.

«Биыл елді-мекендерді ауыз сумен қамту үшін 7,5 млрд теңге бөлінсе, 2019 жылы бұл сома 9,6 млрд теңгені құрамақ. Бұл қаражат 25 мың тұрғыны бар 29 елдімекенді ауыз сумен қамтуға мүмкіндік береді», - деді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов.

Елбасы Жолдауында туризмді дамытуға да көңіл бөлінді. Солтүстік Қазақстан облысындағы Имантау-Шалқар курорт аймағы Туристификация картасының үздік 10 жобасына енді. Аймақты кешенді дамыту үшін «McKinsey&Company» халықаралық консалтинг компаниясымен бірлескен жоспар әзірленуде. Курортты дамытуға 8 миллиард теңге бөлу жоспарланған.

Фотолар: Автор


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер