BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 374.2 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.34 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.52
Астана:

Шымкенттіктерді мазалайтын 10 мәселе анықталды

Фото: Автор

Шымкенттіктердің қоғамдық көлік қызметінің сапасы, жол құрылысы мен жол жөндеу саласындағы істелетін тірліктерге көңілі толмайды. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігі өткізген «Біздің жұмысымызды бағалаңыз» сауалнама акциясының қорытындысынан белгілі болды, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Сауалнама қорытындысына сәйкес, сауалнамаға қатысқан 10 мың тұрғынның 2074-і қоғамдық көлік жұмысы пен автожолдардың сапасына қатысты пікір білдірген.

«Олар автобустардың тапшылығын, жүру графигінің сақталмайтынын, тіпті кейбір бағыттар мен шағынаудандарға мүлдем автобус жүрмейтінін алға тартып, қызмет көрсету сапасының төмен екеніне шағымданды. Бұған қоса қала жолдарында көлік аялдайтын орындардың аздығына қынжылыс білдірді. Сонымен қатар назардан тыс қалып қойған қала көшелеріне көңіл бөлуді, қиыршық тас не асфальт төсеуді сұрайды», - делінген Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Шымкенттіктер көп шағымданатын саланың бірі – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы екен. Жауап берген шымқалалықтардың 1995-і осы коммуналды қызметтердің нашарлығын алға тартып, үй аулаларының абаттандырылмайтына, қоқыстардың шығарылмай, шашылып жататындарын айтқан.

Фото: автор

Шымкент тұрғындарының сынына ілінген үшінші сала – жергілікті полиция қызметі. Жауап бергендердің 1328-і полиция қызметкерлерінің өз міндеттерін тікелей орындамайтынына, мұнымен қатар сапасыз қызмет көрсететіне шағым білдіріпті.

Төртінші орын – білім саласына қатысты 968 адам, ал бесінші орын – денсаулық сақтау және медицина саласының қызмет сапасына 700 адам шағым айтқан. Білімге қатысты шағым айтқандардың дені мектеп және балабақша ғимараттарының құрылысына көңілі толмайды. Қаланың емханалары мен ауруханаларында көрсетілетін қызмет сапасын да тұрғындар төмен бағалаған.

Респонденттердің қатарында қала әкімдігінің қоғамдық қабылдау қызметіне де көңілі толмайтындар бар екен. 447 адам қоғамдық қабылдау қызметінің сапасын нашар деп бағалыпты. Сәулет және қала құрылысы да шымкенттіктердің көңілінен шықпайды. 218 адам осы саланы жақсартуды сұрапты.

Ал 210 тұрғынды саябақтар пен көгалдандыру жұмыстарының мардымсыздығы мазалайды.

Енді бір өзекті мәселе – жер қатынастары болып отыр. Сауалнамаға қатысқандардың 180-і жер телімдерін беру және оны әрмен қарай заңдастыруда жер инспекциясының жұмысына шағымын тіркеген. Сондай-ақ, мемлекет мұқтажына алынған жер телімдеріне берілетін өтемақының да тым аз екенін сынға алған. Айтпақшы, жауап берген тұрғындардың 178-і Абай ауданы әкімдігінің жұмысын сынға алған. Айтуларынша, әкімдіктің қызмет көрсету сапасы сын көтермейді. Алдына мәселемен барса, қанағаттандырарлықсыз жауап береді. Алым-салықты көп жинайды.

Осылайша, аптаға созылған сауалнама акциясының нәтижесінде Шымкенттіктерді мазалайтын 10 түрлі сала анықталды. Қала әкімдігі бұл сауалнама қорытындысын негізге алып, жұмыс жүргізетіндерін мәлімдеді.

Еске салсақ, сауалнама екі түрлі формада, яғни онлайн түрінде де, оффлайнда да қатар жүрді. Бұл үшін қолданушылар арнайы сауалнама қызметін ұсынатын сайттарда қала шаруашылығының сала-саласы бойынша сауалдарға жауап берді. Екіншілері, қаланың адам аяғы көп баратын 10 нүктесіне қойылған шағым қабылдау орындарына барып, жауап берді.

Осылайша, Шымкент қаласының әкімдігі азаматтардан қала әкімдігінің жұмысында көрініс беріп отырған олқылықтар жөнінде толық ақпар беруді сұрады. Сонымен бірге, әкімдіктің де, оның құрылымдық бөлімшелерінің де жұмысын бағалау ұсынылады. Азаматтардың сауалға берген жауап нәтижелері әкімдіктің міндеттерін ашық жариялаудың негізін құрайды. Ол жергілікті атқарушы органдар үшін халыққа қызмет көрсету сапасын жақсарту бойынша өз қызметінің басымдықтарын айқындауға арналған нұсқаулық есебінде болады.

Сонымен 4 тамызға дейін созылған сауалнама қорытындысының нәтижесі осы. Қала әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, азаматтардың сауалдары мен шағымдарын қабылдау әкімдіктің әлеуметтік желілердегі парақшаларында жалғасады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер