BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.55 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 421.76 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.57
Астана:

Шымкентте «Shymkent Development-2018» халықаралық инвестициялық форумы өтіп жатыр

Шымкент, Baq.KZ. Бүгін Шымқалада алғаш рет «Shymkent Development-2018» халықаралық инвестициялық форумы өтуде. Еліміздің үшінші мегаполисі атанған Шымкент бүгінде халықаралық инвестициялық форумдар алаңына айналып отыр. Осы уақытқа дейін бірнеше мәрте арнайы бизнес форумдар өткізілген болатын. Нәтижесі де жаман емес. Бұл туралы otyrar.kz сайты хабарлады.

Форумда инвестиция жұмылдыру саласының жетекші сарапшылары, министрліктер мен мемлекеттік органдар, қаржы институттары мен білім беру ұйымдарының өкілдері, алыс және жақын шетелдер – Германия, Дания, Ресей, Канада, Испания, Оңтүстік Корея, Қазақстан, БАӘ және Өзбекстанның белгілі компанияларының жетекшілері қатысуда.

Форумның басты мақсаты – Шымкенттің Қазақстан мен Орталық Азиядағы инвестиция жұмылдырудың жаңа орталығы ретінде даму әлеуеттерін талқылау, мегаполистің алыс және жақын шетелдермен әріптестігін кеңейту, қолайлы инвестициялық климаттың қалыптастыруын талқылау болып табылады.

Форумға ат басын бұрған спикерлердің ішінде әлемдік деңгейдегі алып компаниялардың өкілдері бар. Олардың қатарында Копенгаген қаласының экс-мэрі Мортен Кэйблл, урбанист Аркадий Гершман, бағдарламашы Эндрю Джексон, «Highvill Kazakhstan” компаниясының бас директоры Канг Джон Дэ бар.

Басты спикер Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов шетелдік инвесторларға қаланың экономикалық мүмкіндіктері туралы толығырақ баяндады. Биылғы жылдың 10 айында инвестиция көлемі 524 млрд. теңгені құрап отыр. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 2,8 есеге артық.

Қалабасы алдағы екі жыл көлемінде «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы 200 гектардан 500 гектарға дейін ұлғаятынын сонымен қатар, «Жұлдыз» жаңа индустриалды аймағы мен «Шымкент» агро-индустриялды аймағы құрылатынын мәлім етті. Шетелдік қонақтар үшінші мегаполистің даму қарқынына көңіл тоғаятынын айта келіп, инвестициялық қызығушылықтары мол екенін жеткізді.

Іскерлік кездесуде 186 млн. АҚШ долларын құрайтын 11 меморандумға қол қойылмақ. Олардың барлығы да ауқымды жобалар. Атап айтқанда, қалалық жедел жәрдем қызметінің автопаркін жаңғырту, Қажымұқан стадионын қайта жаңғырту, әуежай құрылысы, микрофибра өндіретін тоқыма фабрикасының құрылысы сынды ірі жобалар бар.

Форум жұмысы «Даму стратегиясы», «Инвестиция жұмылдыру», «Адам капиталын дамыту», «Туризмді дамыту» атты төрт секция бойынша өтуде. Спикерлер ретінде шетелдік сарапшылар өз ойларын ортаға салып, мегаполистерді дамытудың әлемдік тәжірибелерін тілге тиек етті.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер