BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 367.06 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.17 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.56
Астана:

Сәтбаев атындағы су арнасының мәселесін прокурорлар қарап жатыр

Фото: автор

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Қаныш Сәтбаев атындағы су арнасы өңірлік филиалының мәселелері облыстық табиғат қорғау прокуратурасының назарына ілікті. Мамандар арнаның қарамағындағы су қоймаларын жеке пайдаланушыларға беруге қатысты проблеманы жан-жақты зерттеп, өз ұсыныстарын астаналық әріптестеріне жолдады. Бұл туралы стратегиялық нысанның әкімшілігі мәлімдеді.

«Павлодарлық прокурорлар туындаған мәселелерді шешуге ниетті. Өз ұсыныстарын Бас прокуратураға жолдады. Үкіметтің қаулысында арнаның басты артықшылығы сапалы су беруде деп айтылған. Балық шаруашылығы да - негізгі қызметтердің бірі, дегенмен, судың сапасын қамтамасыз етуге бағытталуы керек делінген. Яғни, балықты жай ғана аулау емес, еліміздің бірнеше өңіріне тасымалданатын судың сапасын сақтау. Су қоймаларын табиғи әдіспен тазарту мақсатында балықтандыру қарастырылған. Себебі, су арнасына қамыс өсіп кетеді, нәтижесінде кей жері батпаққа айналуы мүмкін. Ал балықтар су түбіндегі өсімдіктерді жеп, тазартады. Үшіншіден, арнаның аумағына бөтен тұлғаларды кіргізуге рұқсат етілмеген. Бір сөзбен айтқанда, қадағалау органының өкілдері біздің пікірмен келіседі», - дейді Қаныш Сәтбаев атындағы арна басқармасы төрағасының кеңесшісі, сала ардагері Леонид Баталов.

Арнаның негізін қалаған білікті маман ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі өз бұйрықтарына түзетулер енгізсе деген пікірде.

«Әзірге жауап жоқ. Күтуден басқа амал қалмады. Жауапты мамандар конкурс өткіземіз деген еді. Ал прокуратура өкілдері су қоймаларын арнаның жауапкершілігіне беруді ұсынып жатыр. Су нысандарын жеке табиғат пайдаланушыларға беруге болмайды. Бұл - қылмыспен пара-пар», - дейді Леонад Баталов.

Қазіргі таңда арна басшылығы Президент Әкімшілігіне ресми хат дайындап жатыр.

Бұған дейін хабарлағанамыздай, мыңнан астам қызметкері бар ұжым дабыл қақты. Мамандар ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінен кәсіпорын су қоймаралының жеке тұлғаларға бекітілетіні туралы хат алған. Канал өкілдері мен тәуелсіз сарапшылар бұған қарсы. Стратегиялық нысанның мамандары тіршілік нәрінің сапасы бұзылып кете ме деп алаңдап отыр. Санитарлық тәртіп орнатпаса, бұл жағдайдың соңы экологиялық мәселені туындауы мүмкін. Ауызсу сапасы бұзылса, екі миллион азаматтың денсаулығына да кері әсер тиюі әбден мүмкін.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер