BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 366.43 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Петропавлда сүрілген үйлердің иесін алдап ақша тапқан мемқызметшілер сотталды

Фото: автор

Петропавл, BAQ.KZ тілшісі. Қала тұрғындарын алдап-арбаумен ақша тапқан қылмыстық топ сотталды. «Жас Өркен» шағын ауданында үйлердің сүрілетінін білген қалалық әкімдік қызметкерлері ескі баспаналарды сатып алып, кейін жайлы пәтерлерге ауыстырып алған. Қылмыстық топ мемлекетке 213 миллион теңгеден астам сомаға залал келтірген.

Петропавл қалалық әкімдігінің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімі жетекшісінің міндетін атқарушы Балдырған Өмірсейітова 2014-2017 жылдар аралығында бұрынғы «ДСР» ауданы, қазіргі «Жас өркен» ауданындағы жер телімдері жаңа үйлер салу мақсатында мемлекет меншігіне қайтарылатынын білген.

«Пысықай» бастық арнайы жоспар құрып, бұл іске өзінің қоластында жұмыс істейтін Жанар Есетова, онымен бірге тұратын Сағди Медет және өзінің күйеуі Қобылан Өмірсейітовті тартқан. Осылайша қалмыстық топ мемлекет меншігіне қайтарылатын учаскелердегі жер телімдері мен ескі үйлерді өздерінің «сенімді адамдары» арқылы сатып алып отырған. Кей жерді рәсімдеу арқылы өз меншіктеріне айналдырған.

Заңсыз табысты еселеу мақсатында сатып алынған үйлердің кейбірін бір емес, екі қожайынға рәсімдеген. Осылайша, мемлекеттен бір үйдің орнына бірнеше пәтер алған. Жылжымайтын мүліктің бұрынғы иелерін үйлерінің сүрілетінін, әкімдік тарапынан ешқандай өтемақы төленбейтінін айтып, алдап, саудаға көндірген.

2014 жылы аталған ауданда жалғазбасты әйелдің үйі өртенген. Шарасыз тұрғын көмек сұрау мақсатында қалалық әкімдікке келеді. Оны қабылдаған Өмірсейітова мемлекеттің жәрдем беруге қауқары жоқ екенін айтып, шығарып салған. Арада бірер күн өткен соң қалалық әкімдік қызметкері көмек сұрап келген әйелге өзі хабарласып, өз тарапынан жәрдемдескісі келетінін айтқан. Шарасыз жанды алдап-арбап, оның өртенген үйін басқа баспанаға айырбастауды ұсынады. Амалы құрыған әйел ұсынылған ескі үйдегі екі бөлмелі пәтерге айырбасқа қуана келіседі. Ол кезде жапа шегуші күйген үйінің орнына болашақта мемлекет тарапынан пәтер берілетінін білмеген.

Қылмыстық топтың заңсыз әрекетін әшкере еткен де осы жағдай. Өзінің алданғанын кейін білген әйел құзырлы органдарға шағымданған.

«Әкімдікке барғанымда Өмірсейітова маған мемлекет тарапынан көмек берілмейтінін айтты. Кейін ол өзі хабарласып, жәрдемдескісі келетінін білдірді. Менің өртенген үймінің орына ескі болса да, екі бөлмелі пәтер ұсынғаны күдік тудырды. Бірақ сол кезде далада қалған мен үшін тиімді айырбас болғасын қуана келістім», - дейді жапа шегуші.

Қалалық әкімдіктің бөлім жетекшісі бастаған топ осылайша, әртүрлі жолмен 10 үйді өз меншіктеріне өткізген.

Петропавл қалалық соты Есетова Жанар Уәлиханқызын 6 жылға, Сағди Бақытжанұлын 6 жылға, Өмірсейітов Қобылан Құнанбайұлын 6 жылға, Өмірсейітова Балдырған Жақсылыққызын 8 жылға бас бостандығын айыру жөнінде үкім шығарды. Қылмыстық топтың барлық мүшесі мемлекеттік қызметтен шеттетілді. Сот шешіміне сәйкес, қылмыскерлердің жеке мүлкі тәркіленеді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер