BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 352.54 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 415.15 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.31
Астана:

Петропавлда қабырғасы құлаған үй тұрғындары апатты баспананы әлі паналап отыр

Фото: Автор

Петропавлда маусымның 6-сынан 7-іне қараған түні Береке ықшам ауданында көпқабатты тұрғын үйдің қабырғасы опырылып түскен болатын. Барар жер, басар тауы жоқ 4 отбасы апатты баспанада әлі тұрып жатыр. Ал қала басшылығы бейқамдық танытып отыр, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Береке ықшам ауданында мұндай оқиға осымен екі рет тіркелді. Уральсая көшесі, 3-ші үй мекенжайында орналасқан үйдің «апатты» деп танылғанына 4 жыл болған. Бірнеше жыл бойы барар жер, басар тауы жоқ тұрғындар құзырлы орындардың табалдырығын тоздырумен шаршаған. Амалы жоқ 5 отбасы жанын шүберекке түйіп, осында күнелтіп келген. Олардың бірі 70 жастан асқан зейнеткер апат болатын күні басқа жерге көшірлген.

«Сол түнде қабырғаның құлаған дыбысынан шошып ояндық. Барар жеріміз болмаған соң, құжаттарымыз бен киімдерімізді жинап, таңның атқанын күттік. Бұған дейін қала әкімінің орынбасарына кіріп жалбарындық, бос баспана жоқ, күтіңдер деді. Мен екінші қабатта тұрамын, жаңбыр жауған сайын шатырдан су ағады. Күйеуім 2011 жылы жол апатынын қайтыс болды. Баламмен тұрамын. Жылай-жылай көзім құрғады. Одан басқа қолымнан ештеңе келмейді. Біздің жанайқайымызға құлақ асып жатқан жан жоқ»,- дейді апатты үйдің тұрғыны Наталья Емельянова.

8 пәтерлі үй 1953 жылы тұрғызылған және жарты ғасырдан бері күрделі жөндеу көрмеген. 2014 жылы апатты деп танылғанымен әлі күнге дейін тұрғындардың жағдайына ешкім алаңдамаған. Қабырғасы құлаған екінші подьезде зейнеткер жалғыз өзі тұрып келген. Ал біріншісінде - 4 отбасы. Әзір олар ешқайда көшірілген жоқ. Гүлжан Ілиясова 1-ші пәтерде жолдасы, 5 және 8 жастағы екі баласымен тұрады. Пәтер жалдауға қаражаты болмаған соң, қабырғалары сыз тартып, төбесі ойылған 1 бөлмелі баспанасының тесігін жамап, амалдап келеді.

«Бүгін таңертең қалалық әкімдікке бардық. Бірақ әкімнің қабылдауына кіру мүмкін болмады. Мамандар бізді 3 шілдеге қала әкімінің орынбасары Павел Глотовтың қабылдауына жазды. Қала әкіміне содан кейін ғана кіре алады екенбіз. Оған дейін не болары белгісіз. Үйдің қабырғалары қаусап тұр. Біреу мерт болса, кім жауап береді? Өзім үшін емес, балаларым үшін қорқамын. Тастардың төгіліп түсіп жатқанын күнде байқаймын. Қыстыгүні үйіміз суық, кішкентайларым көп ауырады. Түндегі оқиғадан кейін балаларымды туыстарыма апардым. Апатты үй тізіміне 4 жыл бұрын 47-ші болып тұрдық, кезек әлі орнынан жылжыған жоқ», - дейді Гүлжан Ілиясова.

Бұл көшедегі көрші үйдің де жағдайы осы. Өткен айда тағы бір 8 пәтерлі ғимараттың дуалы сөгілген еді. Енді үшіншісі де құлаудың аз алдында. Еденнің асты суға толып, сыз тартқан пәтерде тұрып жатқан Людмила Логвиненконың баласынан дәрігерлер түберкулез таяқшасын тауыпты.

«Менің балам түберкүлезге шалдықты. Дәрігерлердің оны растайтын қағазы бар. Ауруына байланысты үй кезегіне қоймақшы болды, бірақ онымен де жақын арада үй берілетініне сенім жоқ. Біз сияқты жандар қаншама. Бір ай бұрын көрші үй құлады,өткен аптада тағы бір үй. Келесі кезекте біздің баспана құлай ма деп алаңдап отырмыз», - дейді көрші үйдің тұрғыны Людмила Логвиненко.

Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Павел Глотов 7 маусым күні журналистерге сұхбат беріп, әкімдіктің тұрғын үй қорында бос баспана жоқ екенін, дегенмен жақын арада үй тұрғындары басқа жерге көшірілетінін айтқан еді. Бірақ берілген уәде әлі күнге орындалған жоқ.

Бүгінгі күні Петропавлда 19 апатты үй бар, онда 180 отбасы тұрады. Ал қабырғасы құлаған үй тұрғындары әзірге өз баспаналарында қалуға мәжбүр.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер