BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 338.78 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 392.82 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.35
Астана:

Петропавлда Азия ойындарының жеңімпазына пәтер кілті табысталды

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов Ашхабадта өткен жабық кешендегі V Азия ойындарының жүлдегерлерімен кездесті. Түркіменстанда алтыннан алқа тағынып, еліміздің абыройын асқақтатқан балуан Данияр Кәленовке пәтер кілті табысталды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Дүбірлі додаға Қазақстаннан 113 спортшы қатысып, 17 спорт түрі бойынша бағы мен бабын сарапқа салған болатын. Түркіменстан жерінде 3 бірдей солтүстікқазақстандық спортшы жеңіс тұғырына көтерілді. Данияр Кәленов грек-рим күресінен 66 келі салмақ дәрежесі бойынша алдына жан салмай, V Азия ойындарының Чемпионы атанды. Спортшының еңбегі еленіп, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің Құрмет грамотасы мен 1 бөлмелі пәтердің кілті табысталды.

«Бұл жеңісімді еліме арнаймын. Болашақта Әлем чемпионаты, 2020-шы жылы өтетін Олимпиадаға қатысамын деген үміттемін. Еліміздің көк байрағын әуелетіп, әнұранын асқақтатуға бар күш-жігерімді саламын. Спорт саласына зор қолдау білдіріп отырған облысымыздың әкімі Құмар Іргебайұлына алғысым шексіз», - деді қуанышымен бөліскен Ашхабадта өткен V Азия ойындарының Чемпионы Данияр Кәленов.

Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің Құрмет грамотасына велотректен V Азия ойындарының күміс жүлдегері Артем Захаров, 400 метрге жүгіріп, қола медаль тағынған жеңіл атлетші Михаил Литвин да марапатталды. Спортшылар және олардың жаттықтырушылары ақшалай сыйлыққа ие болды.

«Бүгінгі таңда спорт пен салауатты өмір салты ел өмірінде үлкен маңызға ие. Спорт бүкіл ұлтты біріктіретін, елге деген сүйіспеншілікті қалыптастыратын күш болып табылады. Облысымызда спорт саласына назар күшті. Бюджеттен қаржы бөлініп, спорт нысандары салынуда. Біздің спортшылар әлемдік деңгейде жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүр», - деді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов.

Ресми мәліметтерге сәйкес, Солтүстік Қазақстан халқының 30 пайызы салауатты өмір салтын ұстанады. Өңірде жалпы саны 3 мыңға жуық спорт нысаны жұмыс істейді.

Фото: Автор

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер