BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.49 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 421.06 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.54
Астана:

Павлодарлық шаруалар астығын шетел асыра алмай отыр

Фото: автор

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің бір топ шаруасы биылғы жылы шетел нарығына шығуға мүмкіндік алғанмен, күзде жинаған мол өнімдерін сата алмай отыр. Диқандар Өзбекстанға 21 мың тонна бидай, арпа және күнбағысты жеткізу жөнінде келісімшартқа отырған. Бірақ, экспорттық міндеттемелерін орындай алмай дал.

Шаруалардың тығырыққа тірелуіне дайын өнімді тиісті жерге жеткізуге арналған вагондардың тапшылығы себеп. Сондықтан, қазіргі таңда Қалқаман элеваторы кепкен астыққа толып, 26 мың тонна өнімнен артық астықты қабылдай алмай жатыр. Орын жоқ. Астық қабылдау орнының сыртында дәнді-дақыл тиелген ондаған жүк көлігі кезек күтуге мәжбүр. Жүргізушілер бірнеше күн көліктерінің ішінде қонып жүр.

«Осы жерде тұрғаныма төрт күн болды. Астықты тез тапсырып, екінші рейс жасауым керек. Ылғалды бидайды тездетіп кептіру керек. Әйтпесе бұзылып кетеді», - дейді жүргізуші Серік Алпысұлы.

Қазіргі уақытта астық өнімдерін кептіріп, сақтауға арналған нысанның жұмысына 40-тан астам шара қожалығы байланып отыр. Диқандардың айтуынша, астық сатылмаса, олар миллиондаған шығынға батады. Қиындыққа тап болғандардың қатарында «Замандас» шаруа қожалығы бар.

«Үш мың тонна астықты кептіріп, тапсыру керек. Себебін сұрасақ, вагон жетіспейді дейді. Міне, бидай тиелген ауыр жүк көліктері кезекте тұр. Өнім сатылып кетпесе, несиелерімізді өтей алмаймыз. Бізге ауыл шаруашылығы саласының экспорттық әлеуетін арттыру қажеттілігі туралы тапсырма берілген еді. Орындауға бармыз ғой. Қазақ астығы Азия елдерінде жоғары сұранысқа ие. Көлік мәселесі шешілмесе, астығымыз бүлініп кетеді деп қорқамыз», - дейді шаруа қожалығының басшысы Жандос Серікұлы.

Диқандардың мәселесіне «Ертіс-Агро» ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер кооперативі алаңдаулы. Былтырғы жылы 40-қа жуық фермер бас қосып, Қалқаман элеваторының жұмысын жандандырған.

«Астық көп болса, оны қайда тапсырамыз деп алаңдаймыз. Аз болса да, уайым көп. Элеватордың өндірістік қуаттылығы - 26 мың тонна. Қазіргі уақытта қоймаларымыз астыққа толып тұр. Ал дәнді-дақылдарын кептіргісі келетіндердің қарасы қалың», - дейді Қалқаман элеваторының өндіріс жөніндегі директоры Назымбек Тоқтұшақов.

Фото: автор

«Ертіс-Агро» коопреративінің төрағасы Ерлан Тоқтұшақовтың айтуынша, алғашқы келесімшарттың міндеттерін үстіміздегі жылдың 10 желтоқсанына дейін орындау керек. Басқаша айтсақ, 1 млрд теңгенің экспорттық міндеттемелері орындалмау қалуы мүмкін. Сонымен қатар, шетелдік тұтынушыларымыз айыппұл санкцияларын салады.

Қазақстан темір жолы компаниясы Павлодар облысындағы бөлімшесі мамандарының айтуынша, өзбек нарығы жүк көліктерін уақытында қайтаруға үлгермей жатыр. Қазіргі уақытта кептелісте тұрған жүк вагондарының саны жүздеп саналады.

Фото: автор

«Астық таситын 331 вагонымыз Өзбекстанда тұр. Жүк көліктерінің 237-і он тәуліктен артық көрші елде тұрса, 28-і өзбек жерінде тұрғанына 25 күннен асты. Сондай-ақ, 1410 жабық вагонымыз да сол мемлекеттерінде тұр. Басқаша түсіндірсек, өзбекстандық жүк алушылар біздің вагондарды уақытында босатпай жатыр. Бар мәселе осыдан туындаған. Жалпы, екі мемлекет арасында астықты теміржол арқылы тасуға жауапты компания бар. Диқандар сол кәсіпорынмен тікелей жұмыс істеуі керек», - дейді «ҚТЖ жүк тасымалы» АҚ Павлодар филиалының директоры Дәулетбек Нығметов.

Айта кетейік, биыл астық дақылдарының жалпы өнімі 800 мың тоннаға жуық, ал шығымдылық гектарынан орташа есеппен 11,9 центнерді құрайды


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер