BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 319.88 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 394.41 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.65
Астана:

Павлодарлық студент шыны қалдықтарынан миллиондап пайда тауып отыр

Павлодарлық студент жарамсыз шыны қалдықтарын кәдеге жаратып, өндірісінің тиімділігін 200%-ға арттырған, деп хабарлайды Baq.kz агенттігінің өңірдегі тілшісі.

Бақтыгүл Қасымова - шыны қалдықтарын қайта өңдеу бойынша стартап жобасын жүзеге асырған алғашқы қазақстандық студент. Бастапқыда қарапайым стартап болған жоба бүгінде өндірістік қуаттылығын арттырып үлгерді. Осылайша, шыны қалдықтары табыс көзіне айналды.

Жас бизнесменнің айтуынша, қазіргі таңда еліміздің полигондарында 23 миллиардтан астам шыны қалдықтары жатыр. Ал бұл қоқыс кәсіпкерлер үшін нағыз шикізат. Бүгінде бөтелке, сынған шыны қалдықтары, тіпті, автомобиль терезелері қайта өңделіп, AlauPavlodar атты сауда белгісімен шыны бұйымдары нарыққа шығарылуда.

«С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің төртінші курсында оқып жүргенде шыны қалдықтарын өңдеу туралы идея туды. Бастамама мүсін және кескіндеме пәнінің оқытушысы Шолпан Садуова қолдау білдірді. Сол сәтте ұстазым Түркияда шыныны қайта өңдеу технологиясы бойынша білім алған еді. Бүгінде Түркия әлемде шыны қалдықтарын қайта өңдеуді жолға қойған көшбасшы мемлекетке айналған. Өкінішке қарай, сол алған білімін іс жүзінде кәдеге жарата алмады. Құрал-жабдықтар мен қаражаттың болмауы дегенімізді іске асыруға кедергі келтірді. Кәсіпкерлік саласындағы білгеніміз де жеткізіксіз еді. Мен өз кезегінде бұл өнерге қызығып, оқытушыдан сабақ алдым», - дейді Бақтыгүл Қасымова.

Дегенмен, білімнің таяздығы жігерлі азаматшаларда тоқтата алмады. Кейін Бақтыгүл Қасымова университет жанындағы «Стартап академия» өкілдерінің көмегіне жүгініп, бизнес саласында білім алған.

«Бұл өнімге сұраныс қандай? Бизнесті дамыту тетіктері қандай? Есеп-қисапты қалай жүргізу керек? Жеке кәсіпкерлік немесе ЖШС-ті қалай ашу керек? Бұл сұрақтарға жауап іздедім. Шыны керек, білім де, тәжірибем де аз болды. Жолым болып, кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, алғашқы қадамдар жасай бастадым. Бас-аяғы 20-ға жуық көрме-семинарларға қатысып, нарықты толық зерттедім», - дейді жоба авторы.

AlauPavlodar жобасына құйылған алқашы капитал 300 мың теңгені құраған. Бұл қаражатты шыны бұйымдарын жасауға арналған құралдар мен бояуларды сатып алуға жұмсалыпты. Кейін біздің бизнес-модельдің болашағы бар екенін түсінген жас бизнесмен мемлекеттік бағдарламалар бойынша бағын сынап көрді.

«Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 3 млн. теңгенің грантын ұтып алды. Сонымен қатар, «Стартап Болашақ» байқауына қатысып, үшінші орынға ие болдық. Бүгінде бизнесіміз гүлденіп жатыр. Шыны бұйымдарын 16 бағыт бойынша өндіріп жатырмыз. Атап айтқанда, сувенир бұйымдары, ыдыс-аяқ, имидждік өнімдер, кафель, плита сынды құрылыс заттарын шығарудамыз. Біздің негізгі тұтынушыларымыз – құрылыс заттары дүкендері, мемлекеттік ұйымдар, түрлі корпорациялар. Болашақта 16 бағыт бойынша 16 цех ашуды көздеп отырмыз», - дейді жас кәсіпкер.

Бизнестің тиімділігі сол кәсіпкерлер шикізатты тегін алады. Яғни, шыны терезе шығарумын айналысатын кәсіпорындардың қалдықтарын тұтынады. Ал түрлі-түсті бөтелкелерін жинау қеш қиындық тудырмайды.

«Бір қарағанда, шыны деген қарапайым материал сияқты. Бірақ, бұл – жаңсақ пікір. Әр шынының өз «мінезі» бар, ерекшелігі бар. Бір-бірімен араластыруға болмайтын түрлері бар. Оны ғылыми тұрғыдан түсінген абзал. Бүгінде бұл бизнестің түрімен елімізде ешкім айналыспайды. Өкінішке қарай, өндірістік қуаттылығымыз жеткіліксіз сияқты, алдағы уақытта кеңейеміз деген ойдамын», - дейді жоба авторы.

Бүгінде кәсіпорынның жылдық қаржылық айналымы 10 миллион теңгеге жақындаған. Былтырғы жылы 1500-ге жуық түрлі бұйым нарыққа жөнелтілген. Бір айда 400-ден астам бірлік өнім шығарылады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер