BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 326 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 382.2 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.29
Астана:

Павлодарлық дәрігерлер жол апатынан кейін сәбиді қалай құтқаруға тырысқанын айтты

Фото: pavlodarnews.kz

6 мамырда түнгі уақытта Павлодар-Қызылорда автожолында жантүршігерлік жол апаты тіркелді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі pavon.kz сайтына сілтеме жасап.

103 нөміріне қоңырау сағат 22:15-те түскен. Ал сағат 22:17-де Шідерті кентінен трассалық медициналық құтқару пунктінің жедел әрекет ету бригадасының машинасы оқиға орнына шұғыл аттанып, онда 22:27-де болған.

Медицина қызметкерлері жол апаты орнынан екі ересек адамды өлі күйінде табады. Ал олардың 1,5 жасар сәбиінің жағдай өте ауыр халде екенін анықтаған.

Дәрігерлер сәбиді өлімнен құтқарып қалу үшін оны жансақтау бөліміне жеткізу қажеттігін түсінеді. Мұндай бөлім тек Екібастұз қаласында ғана бар.

Шідерті кентінің трассалық медициналық құтқару пункті жедел әрекет ету бригадасы сәбиді алып, бірден аталған қалаға жеткізуге тырысады.

«Оларға шұғыл түрде Екібастұз қаласынан медициналық жедел жәрдем бригадасы жіберілді. Себебі, жедел әрекет ету бригадасы дәрілермен толық қамтамасыз етілмеген әрі ол Денсаулық сақтау министрлігінің диагностика мен емдеу протоколына сай келмейді», - деді облыстық жедел жәрдем станциясы бас дәрігерінің орынбасары Светлана Крылова.

Екібастұз қаласының жедел жәрдем бригадасы қызметкерлері сәбиді сағат 23:10-да берген кезде оның биологиялық өліммен көз жұмғанын анықтаған.

Айта кетейік, Шідерті кентіне қарасты трассалық медициналық құтқару пунктінің жедел әрекет ету бригадасы денсаулық сақтау жүйесіне кірмейді. Ол ҚР ІІМ қарасты Апаттар медицинасы орталығының құрамында.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін жантүршігерлік жол апаты 6 мамыр күні түнде «Павлодар-Қызылорда» автожолының 178-шақырымында болғаны жарияланған. Онда Toyota Avensis көлігін тізгіндеген 59 жастағы мас жүргізуші, жолдың қарама-қарсы бетіне шығып кетіп, Daihatsu көлігіне соқтығысқан. Сол кезде көлікте 1,5 жасар сәбиімен ерлі зайыпты отырған. Жол апатынан үшеуі де қайтыс болды.

Алайда әлеуметтік желіде басқа ақпарат тараған. Ондағы мәліметке сәйкес, сәби көліктер соқтығысқаннан кейін тірі болған. Ол Екібастұзға апара жатқан кезде көз жұмған.

Сонымен қатар әлеуметтік желі де аталған оқиғаға Павлодар облысының полиция, медицина қызметкерлері мен құтқарушылардың немқұрайлы қарағаны туралы айтылған.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер