BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 363.26 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.54
Астана:

Павлодардағы жабдықталмаған жағажайлар демалушылардың қазасына себеп болуда

Фото: Автор

Павлодар облысында шіліңгір шілдеде суға ағылатын тұрғындар үшін қауіпсіз шомылу орындары жетіспейді, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Айта кетейік, Ертіс өңірінде шомылу маусымы басталғалы бері 12 адам суға кетіп қаза болды.

Олардың жетеуі бала болып шықты. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінде 32 жағажайдың 26-сы ғана ашылған. Қалғанында тексеріс жұмыстары жүргізілмей, шомылу маусымына дайын емес болып шықты.

Өңірдегі жедел құтқару отряды бастығының орынбасары Серік Шерияздановтың айтуынша, облыстағы ең ірі су айданы Ертіс өзенін бойлаған ауылдарда жабдықталған жағажайлар жоқ. Сәукесінше, шомылу орындарында абай болу керек.

«Павлодар облысында 192 өзен-көл бар. Барлығын шомылу орындарымен қамту мүмкін емес. Сондықтан, біз рейдтік шараларды күшейтіп, түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізіп келеміз. Десе де, құлақ асатындар аз. Әр тұрғын өзінің қауіпсіздігі үшін жауапты болу керек. Күні кеше Ертіс аудынанда 55 жасар ер азаматтың мүрдесін таптық. Оған дейін Баянауыл ауданының Жасыбай көлінде екі жас жігіт батып кетті. Олар қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамаған, яғни, құтқару жилеттерін кимеген», - дейді Серік Шериязданов.

Мамандарға бұл тұрғыда қоғамдық құтқарушылар мен жергілікті полиция органдарыны ңқызметкерлері көмектеседі.

«Биыл қоғамдық құтқарушылар санын 99-ға жеткіздік. Олар даярлық курстарынан өтті. Алдағы уақытта мамандардың қатарын 145-ке жеткізу ойда бар», - дейді мамандар.

Оқыс оқиғалардың басым бөлігі шомылуға рұқсат етілмеген жерде орын алады.

«Судағы қайғылы оқиғалардың 90% жабдықталмаған жерде орын алады. Қауіпсіз шомылу орындары болғанмен, тұрғындар жабайы жағажайларда демалуға әуес. Біздің өңірде олардың қатары 50-ден астам. Тексерілмеген орындардың түбінде шұңқырлар, металл заттар, қоқыс жатуы мүмкін. Бұл жайт адамдарды алаңдатпайды», - дейді облыстық ТЖД жедел құтқару отрядының бастығы Владимир Власов.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер