BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 368.28 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.21 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.59
Астана:

Павлодардағы шағын ауданда құбыр жарылып, көшелерді су басты

Фото: тұрғындар түсірген

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Облыс орталығындағы Алюминстрой шағын ауданындағы жылу магистралінің құбыры жарылып, көшелерді су басты.

Тұрғындардың айтуынша, кеше түнде үйлері салқындай бастаған. Ал таңертең квартал арасындағы құбыр жарылып, ыстық су аққан.

«Таңертең тұрсақ, көшені тұман басқан. Ыстық су подъездге кіріп кетіпті. Былтырғы жылы осы құбыр жарылған еді. Кезекші сантехниктер келді, қолдан келгеннің бәрін жасады. Суды құдыққа ағызу үшін арық қаздық. Біздің магистральдің бойында сегіз екі қабатты үй бар. Қазіргі уақытта барлығында жылу жоқ», - деді Галина Гайфуллина.

Павлодар қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі өкілдерінің айтуынша, желідегі құбырдың ақауын жөндеуге жылумен қамтушы ұйым мамандарына хабар жеткен. Кейін жөндеу жұмыстары басталады.

«Шөкин көшесі 165/2 мекенжайындағы тұрғын үйдің маңындағы жылу желісі жарылды. Жөндеу жұмыстары барысында нысандарды жылу желісінен ажыратпаймыз, себебі күн суық. Алюминстрой шағын ауданындағы үйлер әбден ескіргенін ескерсек, құбырлардың жарылуы заңды құбылыс сияқты. Көп жыл бойы жөндеу көрмей, суыққа шыдас бермеген. Техникалық жағдайы нашар. Сонымен қатар, 50 жылдық тарихы бар үйлер келер жылы сүрілуі тиіс. Тұрғындар жаңа баспаналарға көшіріледі. Оған қоса, бұл үйлерге қызмет көрсететін пәтер иелерінің кооперативі жоқ. Коммуналдық проблемалар көп болғандықтан, кәсіпорындар жауапкершілікті өз мойнына алғысы келмейді. Дегенмен, жылумен қамтушы ұйым қыс мезгілінде тұрғындарға қамқорлық көрсетеді», - дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің өкілі Темір Қасқабаев.

Алюминстройдағы үйлерге жылу кеш берілді. Себебі, баспаналардың жылу маусымына дайындығы болмаған.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер