BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 375.9 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 423.56 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.55
Астана:

Павлодарда ревизорлар көлік шаруашылығы қызметіндегі былықтарды әшкереледі

Фото: dovira-uae.com

Павлодар облысы әкімдігінің жанындағы көлік шаруашылығында ревизорлық тексеріс жүргізіліп, мақсатсыз шығындалған миллиондаған қаржы анықталды, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Осылайша, жергілікті шенеуніктерге қызметтік көліктер ұсынатын шаруашылық 10 млн теңгеге жуық қаржыны негізсіз жұмсағаны анықталды. Кәсіпорын басшылығы ірі көлемдегі соманы қайда жұмсалғанын түсіндіре алмапты. Мемлекеттік аудит барысында қарапайым қаламдарды сатып алуға 100 мың теңге, ал сағыз сатып алуға 20 мың теңге жұмсалғаны анықталды. Осы тектес деректер жетеді.

Айта кетейік, бұл жекеменшік шаруашылықтың құрылтайшысы облыстық әкімдік болып табылады. Яғни, қызмет көрсетуші де, қызмет алушы да – бір тұлға.

«Тексеріс барысында 10 млн 656 мың теңге көлеміндегі қаржылық бұзушылықтар анықталды. Есептік саясат бұзылып, кәсіпорын басшысына мойнында аванстық төлемдер бойынша қарыздары болғанына қарамастан, қаржы негізсіз берілген. Яғни, компания директоры автошаруашылықтың қажеттілігі үшін қаржы алып отырған», - дейді облыстық ревизиялық комиссиясының бөлім басшысы Жанар Шейхислам.

Мамандардың айтуынша, кәсіпорын көлікожуу, шиножөндеу және тұрақ қызметтеріне тапсырыс берген. Жұмыскерлерге төленген сыйақылар да аудиторлардың назарына ілікті. Тексеріс барысында соңғы үш жылдың ішінде компания директоры 5 млн теңге көлемінде, ал бас бухгалтер 5 млн теңгеге жуық көлемде сыйақы алған.

Еске сала кетсек, былтырғы жылы облыстық әкімдіктің автошаруашылығына 180 млн теңге бөлініп, көлік паркі жоғары санатты темір тұлпарлармен толықты. Десе де, сыбайлас жемқорлыққа күдік болмады.

«Әкімдіктің жанында осы тектес жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен коммуналдық мемлекеттік ұйымдар бар. Аудит кәсіпорындардың экономикалық қызметін тексереді. Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттік мекеменің ресми жауабына сүйенсек, қылмыс анықталған жоқ», - дейді Павлодар облысы әкімінің баспасөз хатшысы Азамат Байтенов.

Ал шығынға батқан кәсіпорын директоры тамыз айына дейін келтірген шығын көлемін өтеуі керек.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер