BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 364.95 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.99 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.55
Астана:

Павлодарда қоқыстан табылған бала алғашқы құжатын алады

Үстіміздегі жылдың басында қоқыс жәшігінен табылған ұл бала алғашқы құжатын алады. Өкінішке орай, балақайдың биологиялық ата-анасы табылған жоқ, деп хабарлайды Baq.kz агенттігінің аймақтағы тілшісі.

Айта кетейік, бүгінгі таңда бала сәбилер үйін паналауда. 30 градустық аязда табылған бүлдіршіннің денсаулығы жақсы. Дәрігерлердің айтуынша, бала ай сайын салмақ қосып келеді.

«Ол нәрестелерге арналған «Бөбек» тобының құрамында. Бүгінгі салмағы 4 800 граммды құрап отыр. Денсаулығы жақсы деуге негіз бар: көңіл-күйі көтеріңкі және аяққа тұруға талпынады», - дейді мекеменің бас дәрігері Сандуғаш Смағұлова.

Бір қызығы, бала табылған сәтте оны асырап алуға ниет білдіргендердің қарасы көп болған. Өкінішке қарай, бүгінгі күні болашақ ата-аналар табылмай отыр.

Павлодар қалалық білім беру бөлімінің мамандарының айтуынша, баланың ата-аналарына іздеу жарияланғандықтан, жеке басына құжат рәсімдеу қиындау. Десе де, сәби құжатсыз жүре алмайды. Мамандардың айтуынша, жеке құжаттағы «ата-ана» деген орынға сызықша белгісі қойылады.

Еске сала кетейік, бір апталық баланы үстіміздегі жылдың қаңтар айында 53 жастағы Назира Омарова тауып алды. Кейін азаматша баланы асырап алғысы келген, десе де райынан қайтқаны белгілі болды. Қайырымды жан ұл балаға Януар деп ат қойып та үлгерген еді.

«Қазіргі уақытқа дейін ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабы 3-бөлігі және 99-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тергеу амалдары шеңберіндегі іздеу шараларына жергілікті ІІД-нің барлық құрылымы жұмылдырылған», - деп хабарлады ІІД-нің баспасөз қызметі.

Әлі де баланың ата-анасын табуға үміт бар. Бүгінде балақай жетімдердің республикалық базасына енгізілмеген. Облыстық перинаталдық орталық мамандары балаға Дүйсембек есімін беріп, анасын әлеуметтік желілер арқылы табуға талпынды. Алайда, еш нәтиже шықпады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер