BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 345.55 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 401.01 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.45
Астана:

Павлодар облысында бірнеше жатақхана салынады

Фото: Автор

Павлодар облысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасында айтылған міндеттерді орындау бойынша тиісті жұмыстар қолға алынған. Атап айтқанда, «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» үшінші бастамасы аясында жұмыстар қолға алынған, деп хабарлайды Baq.kz аймақтық тілшісі.

Қазірі таңда Ертіс өңірінде үш жоғары оқу орны бар. Олардың ең ірісі – С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің жанындағы екі жатақхана. Жеті мыңнан астам студент білім алатын оқу орны үшін бұл жатақханалардағы орын жеткіліксіз.

«Еліміздегі демографиялық жағдайдың жақсаруы талапкерлер мен студенттер қатарының артуына оң септігін тигізетіні сөзсіз. Сол себепті жатақхана салып, орындардың қатарын арттыру жергілікті халық үшін ғана емес, Ресей және Қытайдың шекаралық өңірлерінен келетін жастар үшін аса маңызды. Унивреситет жанында 860 орынға шақталған екі жатахқана бар. Тағы 900 студент кезекте тұр. Елбасы бастамасына орай техникалық мамандықтарға гранттар көптеп бөлінеді. Мәселені шешу мақсатында жаңа студенттер үйінің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр», - дейді университет ректоры Гаухар Ахметова.

Мамандардың есептеуінше, Елбасы бастамасы негізінде техникалық мамандықтарға қосымша гранттар бөлінген жағдайда С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде техникалық білім алатын студенттердің қатары 30%-ға артады. Мамандар олардың саны 4,5 мыңға жетеді деген болжам бар.

Әлеуметтік бастама арнайы орта білім беру ұйымдарын да айналып өтпеді. Облыста түлектерді жатақханамен қамту мәселесі соңғы бес жылда табысты шешілуде. Мәселен, бірнеше жылдың ішінде төрт бірдей жаңа студенттер үйі бой көтерді. Соған қарамастан, тапшылық бар. Бүгінде Ертіс өңірінде 50 колледж болса, жатақханамен 22 оқу орны қамтылған. Олардың көбі өткен ғасырдың 80-ші жылдарында салынған. Мәселен, көлік және коммуникация жанындағы нысан 60-шы жылдары ашылған. Ескі, небары 75 орынға шақталған.

«Колледже 200-ден астам студент болса, жатақханамыз – 75 орындық. Сол себепті студенттерді іріктейміз. Жатақхана бөлмесіне ілікпегендер пәтер жалдауға мәжбүр. Мәселе шешімін тапса дейміз», - дейді Павлодар көлік және коммуникация колледжі директорының орынбасары Бекболат Сейітханов.

Облыстық білім беру басқармасының бас маманы Гүлсім Сүйіндікованың мәліметінше, өңірдегі колледждерде 17 мыңнан астам студент оқиды. Басым бөлігі – ауыл жастары. Бұл санаттағы студенттердің үш мыңнан астамы жатақханамен қамтылған.

«Мәселені біртіндеп шешу үшін Ақсу қара металлургия, Павлодар көлік және коммуникация колледждері жанынан әрқайсысы 200 орын болатын студенттер үйі салынады. Қазіргі уақытта жер де бөлінген», - дейді маман.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер