BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 326.17 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 401.25 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.31
Астана:

Павлодар облысында алғашқы маса дернәсілдері пайда болды

Фото: Автор

Павлодар өңірінде шыбын-шіркейлерге қарсы дезинсекциялық шараларға дайындық жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта энтомолог, биолог, паразитолог мамандардан құрылған топ Ертіс өзенінің жайылымдық аумақтарында мониторинг жүргізуде, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Облыстық қоғамдық денсаулықты қорғау департаментінің басшысы Ирина Сорокинаның айтуынша, бүгінгі күні алғашқы маса дернәсілдері пайда болды.

«Энтомологиялық мониторинг нәтижесінде облыс орталығына қарасты «Металлург» бақша шаруашылығының аумағында қансорғыш жәндіктің дернәсілі табылды. Бақылау шаралары күшейтіледі. Жалпы, облыстың қала, аудандарында дезинсекциялық жұмыстарды биыл жылдың 22 сәуірде бастаймыз деп жоспарлап отырмыз. Айта кетерлігі, бұл іске өңірдегі саяжай иелері де атсалысса деген ниет бар», - дейді Ирина Сорокина.

Өзен аумағын өңдеу барысында ғылыми қолдау «Ұлттық сараптама орталығы» мекемесі тарапынан көрсетіледі. Энтомолог-ғалым Әнуар Алшиннің айтуынша, «Металлург» саяжайының аумағынан 1 шаршы метрден 572 дернәсіл табылды.

«Былтырғы жылмен салыстырсақ, бұл – орташа көрсеткіш. Бұған дейін бір шаршы метрден масаның 12 мың 700 дернәсілі тіркелген болатын», - дейді Әнуар Алшин.

Айта кетейік, биыл облыс аумағында шыбын-шіркейге қарсы дезинсекциялық шараларды жүргізуге облыстық бюджеттен 602,3 млн теңге бөлінді. Биылғы жылы өңдеу шараларымен Ертіс өзенінің бойындағы 800 шақырымдық жер қамтылады.

«Бас-аяғы қалалар мен тоғыз ауданда өңдеу шаралары жүргізіледі. Осыған байланысты қалалар мен аудандар іс шаралар жоспарын әзірледі, оның негізінде қоғамдық денсаулық сақтау департаменті қансорғыш жәндіктерді азайту мақсатында кешенді бағдарлама әзірледі. Бағдарлама гидротехникалық шаралар қатарына енгізілді. Қызмет көрсететін ұйымдар мемлекеттік стандарттарға сай екенін айта кету керек», - дейді Павлодар облысы энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының тұрғын үй шаруашылығы бөлімінің бас маманы Ерлан Тұргелдинов.

Алдын алу дезинсекциялық шаралар тұрғындардың қолайлылығы үшін жасалады.

Еске сала кетейік, Павлодар облысында шыбын-шіркейлердің 3-4 түрі тіршілік етеді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер