BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 375.9 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 423.56 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.55
Астана:

Павлодар облысына оңтүстіктен көшіп келген отбасылар пәтер ала алмай дал

Фото: автордан

Павлодар облысына еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерінен көшіп келген отбасылар үй ала алмай, қиналып жүр. Өйткені, мемлекет тарапынан тұрғын үйге бөлінетін қаражат жеткіліксіз, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Бұл жайттан жергілікті билік те хабардар. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, бүгінгі күнге дейін «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша өңірге 74 отбасы көшіп келген. Биыл өңірге Батыс пен Оңтүстіктен 8 жанұя қоныс аударса, тағы 20 отбасы кезекте тұр.

Жаңа өмір бастаймын деп тығырыққа тірелгендердің қатарында Молдиевтер отбасы бар. Жанұя Павлодар ауданына қарасты Чернорецк ауылдық округінде тұрады. Бұл елді мекен облыс орталығына жақын болғандықтан, баспана бағасы да шарықтап тұр. Сондықтан, әзірге пәтер жалдап тұруға тура келеді.

«Былтырғы жылдың мамыр айында көшіп келдік. Әкімдіктің рұқсатымен 20 гектар жер алып, көкөніс өсіріп жатқан жайым бар. Кәсібімді кеңейту үшін несие алуға бармын, дегенмен жеке баспанамның болмауы қолбайлау болып отыр», - дейді Ұлан Молдиев.

Сала мамандарының айтуынша, мемлекеттік бағдарлама бойынша көшіп келген азаматтарға пәтер жалдауға бір жыл бойы қаржы бөлінеді.

«Бір жылға шамамен 600 мың теңге шығады. Бірақ, бұл қаражат шығындарды өтеу үшін тым аз. Пәтер сатып алуға жетпейді», - дейді аудандық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары.

Айта кетейік, Оңтүстік өңірлерден көшіп келетін азаматтар - жергілікті еңбек нарығында аса қажет мамандық иелері. Сұранысқа ие кадрлардың қатарында дәрігерлер, мұғалімдер, мал дәрігерлері, агроном, электромонтер мамандықтары бар. Қиындыққа тап болғандар бағдарлама ережелерін өзгертуге өзгерістер енгізілсе деген өтініш білдіруден басқа амалдары жоқ.

Облыстық салалық басқарма басшысының орынбасары Хелуа Қашкенованың мәліметінше, биылғы жылы бағдарлама шеңберінде 380 отбасыға квота бөлінді. Яғни, 1520 отбасы қоныс аударады. Шет елдердегі қандастарға да көшіп келуге мүмкіндік бар. Бүгінгіге дейін Ресей, Моңғолия, Өзбекстан және Ресейден 238 адам көшіп келген. Басым бөлігі Успен ауданын таңдады.

Осы жылдың бірінші жартыжылдығында квота 20%-ға орындалды. Яғни, 74 отбасы келді. Олардың көбі Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстарының азаматтары болып шықты.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер