BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 319.68 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 392.95 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.63
Астана:

Өртеніп кеткен әкімнің туыстары оқиғаның қалай болғанын айтып берді

Ақтөбе облысында өрттен қаза тапқан ауыл әкімінің туыстары төтенше жағдай кезінде жауапты мекемелердің қамсыз болғанына наразы. Сондай-ақ, олар аудан басшылығы қате ақпарат берді деп отыр. Ал Төтенше жағдайлар департаменті мен аудан әкімінің орынбасары, қолдан келген көмектің бәрін жасадық, адам өліміне ауа-райының тосын мінезі кінәлі дейді. Бұл туралы Астана арнасы хабарлады.

Естеріңізде болса, Әйтеке би ауданының Сұлукөл ауылы маңында ауыл әкімі қызыл жалынның ортасында қалып қаза тапқан еді. Тағы үш адам ауруханада көз жұмған.

Ауыл әкімі Батырбек Бірлепесовтың туыстары осы қайғылы жағдайға қатысты бірқатар деректі жайып салды. Айтуларынша, аудан басшылығы мен Төтенше жағдайлар департаменті мамандары дер кезінде әрекет етпеген. Амалы таусылған сұлукөлдіктер қызыл жалынмен өздері күресуге мәжбүр болған.

«Ауылдан өртті сөндіретін 20-30 адам ғана шығады. Одан көп шықпайды. Соларды бір оқытып, өрт шыққанда былай істеңдер деп оқытып, жанбайтын, өртке шыдамды киімдер беріп, соның 10 комплектін болса да, біздің әкімдікке тапсырып, міне, мынаны бір жерге қой, өрт болғанда кигізесің демей ме? Дайын болмағаннан кейін шықпау керек еді дейді. Қалай шықпайды? Өрт үйдің іргесіне келіп тұр. Қатын бала-шағасы өртеніп кете ме?», - дейді марқұм Б. Бірлепесовтың ағасы Кенжеғали Қошанов.

Бұған дейін жергілікті басылымдардың бірінде аудан әкімінің сұқбаты жарияланды. Ол ауыл әкімі Бірлепесовтің өрт кезінде сырқаты сыр беріп, құлап қалғанын айтқан. Ал марқұмның туыстары оны жоққа шығарып отыр. Медициналық сараптама өлімнің себебі күйіктен болғанын көрсетті, әрі бауырымыздың ешқандай сырқаты болған емес дейді.

«Ол ауру болып бір жерде учетта тұрса мейлі. Ибрашев жолдас неге сүйеніп айтты екен? Ол ақпаратты білмеймін, газетке «опровержение» берсін ол кісі», - дейді марқұм жездесі Төке Ерімбетов.

Ал аудан әкімінің орынбасары «басшысының сөзін газет тілшісі қате түсініп қалған болуы мүмкін» деген уәж айтты.Сондай-ақ, марқұмдардың туыстарына қажетті көмектер беріліп жатқанын жеткізді. 4 адамның қазасы табиғаттың тосын мінезінен болды дейді.

«Дауылды жел өрттің бағытын өзгертіп, 380 градусқа бұрып жіберген, сол өрт сөндірушілердің үшеуі отқа оранып, күйік шалады. Аудан әкімдігі тарапынан ол кісілердің үйіне көмектесіп, көңіл айттық», - дейді Әйтеке Би ауданы әкімінің орынбасары Темірбек Рахметов.

Белгілісі, сол күні аудандағы 7 селолық округте дала өрті болған. Ал, облыс орталығынан өрт сөндіретін бір көлік қана көмекке барған. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының айтуынша, Сұлукөл ауылында да мамандар жұмыс істеген. Бірақ, олар ауыл әкімі қаза тапқан сәтте қасында болмаған.

«Сұлукөлге өрт сөндірушілер барған, оған дәлел бар. Қанша адам, қанша техника шыққаны біздің журналда тіркелген. Ол жерде біздің адамдар 2 қыркүйектен бастап жұмыс істеді. 200, 160, 120 шақырым жерлерге күштер мен құралдарды жіберіп жатырмыз», - деп түсіндірді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бауыржан Сыздықов.

Дегенмен, марқұмдардың туыстары ауылға өрт сөндіруге арналған арнайы киімдер бөлінбегенін және еріктілер дер кезінде оқытылмағанын айтады. Жауапты тұлғалар болса, шынымен солай болды ма, жоқ па, жалпы мәселенің мән-жәйі тексеру жұмыстары аяқталған соң ғана белгілі болады деп отыр.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер