BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 368.28 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.21 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.59
Астана:

Өнертапқыш студенттер марапатталды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Алматы энергетика және байланыс университетінде бизнес-идеялар мен жобалар байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Екі ай көлемінде аталған университет студенттері мен магистрлері, докторлары арасында бизнес-идеялар мен жобалар байқауы өтті. 31 қазан күні аяқталған мұндай байқау оқу ордасының қабырғасында биыл бірінші рет өткізіліпті.

«Қазіргі таңда университеттің ғылыми әлеуеті коммерциялауға келетін жобалардың іске асырылуына мүмкіндік береді және олар жүзеге асып жатыр. 2017 жылы ғылыми зерттеулерді қаржыландыру 360 млн теңгені құраса, бүгінгі күні ол 400 млн теңгеге жетіп отыр», -дейді университет ректоры Сәуле Сағынтаева.

Ғылыми-техникалық саладағы нәтижелерді коммерциялау туралы ҚР Заңының арқасында ЖОО-да коммерциялау әлеуеті бар жобаларды анықтау үшін коммерциялық офис ашылған екен. Осы офистің бастамасымен АЭжБУ-де білім алушылар арасында бизнес-идея байқауы ұйымдастырылған.

Байқауға барлығы 16 бизнес-жоба мен идея ұсынылған, бірінші іріктеу кезеңінде әділқазылар коммерциялық әлеуеті бар деген 7 жобаны таңдап алған. Соның ішінен магистр Алина Фазылованың «Тиімділігі жоғары көпдоғалы жел генератор жүйесі» атты жобасы жеңімпаз деп танылып, 500 мың теңгені ұтып алды.

«Менің жобам шалғайдағы бірнеше үйден тұратын қосындарды электрмен жабдықтауға мүмкіндік береді. Тұтынушыларды үздіксіз энергиямен жабдықтау аккмулятор қуаттағышын қолдану арқылы жүзеге асады», -дейді өнертапқыш.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер