BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 371.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.32 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.59
Астана:

Өмірзақ Шөкеев шағын шаруа қожалықтарды дамыту керектігін айтты

Фото: Автор

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев Қарағанды облысында жұмыс бабымен келді. Вице-премьер аймақтағы бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысты, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Өмірзақ Шөкеев Қарағанды облысына сапары барысында Бұқар Жырау ауданында орналасқан «Жәке» мал бордақылау алаңында болды. Бүгінде елуге тарта адамды жұмыспен қамтып отырған шаруа қожалықта 3000 нан астам ірі қара семіртіледі. Биылғы жылы мыңнан астам малдың еті Өзбекстанға сатылған. Бұдан кейін Өмірзақ Шөкеев жылына нарыққа 260 млн дана жұмыртқа шығаратын «Агрофирма Құрма» ЖШС құс фабрикасына келді. Мұнда министрге биоқалдықтарды қайта өңдеп, осы арқылы жылу және электр қуатын үнемдейтін биогаздық құрылғы көрсетілді. Аталған швейцариялық құрылғыны орнату үшін кәсіпорынға 571 мың инвестиция тартылған. Вице-премьер бұдан кейін маргарин өндіретін «Eurasian Foods» АҚ зауытында болды. Өнімдері елімізде ғана емес шетелге де танымал кәсіпорын жыл сайын 54 мың тоннадан астам май, сары май және маргарин шығарады. Бұл тағамдар Тәжікстанға, Өзбекстанға, Түркіменстан мен Қырғызстанға, сондай-ақ Ресей еліне экспортталады. Содан кейін ол құрылыс жұмыстары жүріп жатқан «Альфарух» ЖШС көтерме-тарату логистикалық орталығына ат басын бұрды. Құны 10 млрд теңгеден астатын жоба «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасымен салынуда. Жыл соңына дейін көтерме-тарату логистикалық орталығының бірінші кезегін іске қосу жоспарланып отыр.

Бұдан кейін Өмірзақ Шөкеев облыс әкімдігінде ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілермен республикалық селекторлық жиналыс өткізіп, етті малшаруашылығын дамыту бойынша облыста қандай шаралар атқарылу керектігіне тоқталды.

«Етті малшаруашылығын дамыту Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың аграрлы-өндірістік кешендегі еңбек өнімділігін арттыру мен қайта өңделген ауылшаруашылық өнімдерін экспорттауды 2,5 есеге ұлғайту тапсырмасын жүзеге асыру аясындағы басым бағыттардың бірі болып табылады. Қазіргі уақытта еліміз бидай, мақта және басқа да шикізаттар экспортқа көптеп шығарады. Алайда әлем өзгеріп жатыр, бұл салаларда бізде көптеген бәсекелестер бар. Сондықтан да өндіріс түрлерін ұлғайтуымыз қажет. Елімізде шамамен 180 миллион гектар жайылым бар. Сонымен қатар, жұмыс істегісі келетін және қолынан іс келетін адамдар бар. Біз тек асыл тұқымды мал жайлы айтып отырған жоқпыз, бізге тауарлық мал қажет. Қарағанды облысында мал жемдейтін орындар бар. Мысалы, «Жәке» заманауи мал семіртетін шаруа қожалығынан Өзбекстанға мыңнан аса бұқалар жіберілген. Бұл шаруа қожалығында 3 мың бас мал семіртіледі. Бұның барлығы жақсы әрине, дегенменде біз шағын фермалардың санын көбейтуіміз қажет», - деді Ө.Шөкеев.

Кездесуде кәсіпкерлер субсидиялау, арзандатылған дизельдік отынды, минералды тыңайтқыштарды бөлуге қатысты сауалдарын қойды. Ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер елімізде топырақтың терең сараптамасын жасай алатын зертханалардың жоқтығын айтып, осы мәселені шешуді сұрады. Олардың айтуынша, зерттелуі тиіс үлгілер Еуропаға тасымалданып, сол жақта сараптамадан өтеді.

«Біз аграрлық қызметкерлер уақытпен бірге жүруге тырысамыз. Ауылшаруашылық саласында жетістікке жетуде жоғары технологиялардың көмегі орасан. Олар топырақтағы өнім өндіруге пайдалы компоненттердің қажетті мөлшерін алдын ала нақты анықтауға мүмкіндік береді. Сондықтан да, біз топыраққа пайдалы элементтердің қажеттілігін анықтайтын ғылыми зертханалардың жұмысына жиі жүгінеміз. Егер де осындай зертханалар елімізде көп болса біздің жұмысымыздың тиімділігі артар еді», - дейді «Шахтерское» ЖШС-нің жетекшісі Георгий Прокоп.

«Сұрақ орынды. Мәселені қарастырып, жұмыс жасаймыз. Елбасы Жолдауында айтылған тапсырмаларға сай ғылымға қаржы бөлініп жатыр», - деді Өмірзақ Шөкеев.

Фото: автор


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер