BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 325.75 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 382.04 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.31
Астана:

Омбы қазағы ұлттық нақыштағы тақиялар шығара бастады

Омбы қаласының тұрғыны Болат Смағұлов «Ареке» атты қазақи тақиялар желісін іске қосты. Жас кәсіпкер ұлттық нақыштағы бұйымдардың алғашқы легін нарыққа шығарып үлгерді, деп хабарлайды Baq.kz агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Идея авторлары авторлық бұйымдар жасалатын шеберханаға «Ареке» атты қазақи атау беріліпті.

«Біздің шағын кәсіпорын стартап негізінде ашылды. Дегенмен, бұл атқаратын жұмыстарымыздың бір парасы ғана деп білеміз. Ұлттық нақыштағы бұйымдарды жасауға ден қойғаныма ағам сеп болды. Ағам Омбыда қазақи дөңгелек үстел, тұмарлар, ұлттық ойыншықтар жасаумен айналысады. Қиялымыздан туған дүниелер омбылық қазақтардың арасында ғана емес, өңірімізге туристік сапармен келген азаматтар арасында да жоғары сұранысқа ие», - дейді Болат Смағұлов.

25 жастағы кәсіпкердің негізгі мамандығы – су ресурстарын қорғау және кешенді пайдалану жөніндегі инженер. Техникалық мамандық иесі болса да, ауылы шығармашылықтан алыс емес. Бір сөзбен айтқанда, жүрегі «қазақ» деп соққан азамат.

«Ағам ұлттық бұйымдарды жасаумен айналыспас бұрын, қазақ халқының қолөнерін зерттеген. Сондықтан, ұлттық бұйымдарды жасауда салт-дәстүрлерімізді сақтауды ұмытпаймыз. Дәстүрлі бас киімдерімізді тігуді қолға алғым келді. Әсіресе, оны жастар арасында сәнді ғана емес, мәнін арттырғым келеді. Ұялмай, абыроймен киетіндей жағдай жасауды көздедік», - дейді кәсіпкер.

Кәсіпкердің айтуынша, бастапқыда хобби болған іс бүгінде табыс көзіне айналған.

«Менің ата-анам шығармашылықтан кенде емес. Олардың қолөнер бұйымдарын бала кезімнен көріп өстім. Қазіргі уақытта шығармашыл жастардың басын қосып, «Ареке» желісін іске қостық. Ұлттық брендімізді Ресей және Қазақстанға танытқымыз келеді. Алдағы уақытта тақиямен шектелмей, естелік және интерьер заттарын шығармақпыз», - дейді Болат Смағұлов.

Бүгінде шеберлер тақия, қоржын қалта, көрпе-жастық, сонымен қатар, тойбастарға қажет ұлттық бұйымдарды жасайды. Барлығы - он сайсағы мауысқан шеберлердің қолынан туған дүниелер.

«Ареке» - Омбыдағы алғашқы шеберхана. Әзірге стартап деңгейінде жұмыс жасап жатырмыз, алдағы уақытта өндірістік ошақ ретінде ашылғымыз келеді. Инвесторларды іздестіріп, әріптестік орнатқымыз келеді. Қазіргі уақытта командамда 6 адам бар. Олар – өндіріс шебері, тігінші, дизайнер, фотограф және контент-менеджер. Сонымен қатар, Омбы қазақ автономиясының қолдауына ие боламыз деген сенімдемін», - дейді Болат Смағұлов.

Еске сала кетейік, қазіргі таңда Омбы өңірінде 80 мыңнан астам қандасымыз бар.

Фото: Автор

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер