BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 319.65 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 393.33 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.67
Астана:

ОҚО-да жезөкше болуға көнбеген қыздарын ата-анасы үйден қуып жіберген

Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Шұбар ауылында араққа салынған ата-ана түннің бір уағында балаларын үйден қуып жіберген. Бұл туралы otyrar.kz жазады.

Ерлі-зайыптылар бұған дейін балаларды қайыр сұрауға, ұрлық-қарлық жасауға мәжбүрлеп келген.

Кішкентай Александраның айтуынша, туған әкесі оны біреудің үйіне терезеден кіріп, ұрлық жасауға мәжбүрлеген. Осылай тапқан ақшаны ол араққа жұмсаған. Александра әкесінің мәжбүрлеуімен тағы қандай жағымсыз істер жасағанын айта алмай ыңғайсызданған. Оның сөзіне қарағанда, әкесі айтқанын істету үшін балаларына балта ала жүгіретін кездері болады.

«Папам есікті балтамен ұра бастады. Мен оған «Папа, қойшы, өйтпеші. Қазір полицияны шақырады ғой...» деп айттым» дейді кішкентай қыз.

«Шешесі үлкен қызын ақша үшін ер кісімен жатқызбақ болған. Қызы бұған көнбеген. Сөйтіп анасы пышақпен, ал әкесі балтамен бала-шағасын қорқытып, еркекпен жатпаған қызын өлімші етіп сабап, балаларын үйден қуып жіберген. Кәмелет жасына толмаған үш баласы бар, бәрі көшеде қайыр сұрап жүреді. Ақша, тамақ әкелмесе, ата-анасы балаларын ұрып-соғады», - дейді олардың көршісі Марина Новикова.

Ата-анасынан көрген қорлықты балалар сөзбен айтып жеткізе алмайды. Ал үйден қашып кететін күнгі оқиғаны Карина былай баяндайды.

«Бір күні түнде тұрсам, әкем Алинаны қылқындырып, ұрып жатыр екен. Ол әкемді әрең дегенде итеріп жіберді. Сөйтсем, әке-шешем оны Руслан есімді жігітпен төсекке жатқызбақ болған екен. Үйде мен және екі сіңілім бар еді. Бәріміз келесі бөлмеге тығылып қалдық. Әкем ағаш есікті балтамен ұрып, сындырып ішке кірді. Ал анамның қолында пышағы бар. Екеуі бізге айқайлап ұрысып, балтамен ұрмақ болды. Ақыр соңы түн жарымда үйден қуып жіберді. Амал жоқ, осы үйге келдік».

Журналистер олардың әке-шешесімен сөйлесіп көрген. Үйден шыққан әйел туған қызын балағаттап, ұрмақ болған.

«Ерлі-зайыптылар ақталғысы келеді. Тіпті үйіне шақырып, үлгілі ата-ана екендерін көрсетпек болды. Бірақ үй ішіндегі бей-берекет жағдай сөздеріне дәлел бола алмады. Үй маңы бос шөлмектерге толы», - дейді журналист.

Шешелері балаларынан бас тартатынын ашық айтқан.

Бұл жағдайды журналистерден естіп-білген Ордабасы аудандық білім бөлімінің мамандары балаларды қамқорлыққа алды. Жеткіншектер бүгінде аудан орталығындағы интернатқа орналасқан.

Ордабасы аудандық білім бөлімінің маманы Еркінай Жамауованың айтуынша, балалар енді ата-анасына қайтарылмайды.

«Балаларды интернатқа жайғастырдық. Мемлекет қамқорлығына алады. Интернатта жатады, оқиды. Ата-анасын сотқа береміз. Мақсатымыз — ата-ана құқығынан айыру. Ал балалардың киімі, оқулығы жеңілдік бойынша қарастырылады», - деді ол.

Балалар әзірге Темірлан ауылындағы интернатта бола тұрады. Білім бөлімінің мамандары ата-ана құқығынан айыру туралы шешімді алған соң жеткіншектер балалар үйіне өткізілуі мүмкін.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер