BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 336.39 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 390.28 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.36
Астана:

Баға өсті, бірақ алушы жоқ. Түркістанда үй мен жер қанша боп жатыр?

«Түркістан облыс орталығына айналды. Енді со жақта үй мен жердің бағасы қымбаттайды екен». Дәл қазір Оңтүстікте екі адамның басы қосыла қалса, айналып өтпейтін тақырыптың бірі – Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Түркістанға көшірілетіні мен сондағы жылжымайтын мүлік бағасы болды. Бұған дейін Рухани астана ретінде танылып келген мекеннің облыс орталығы болатыны жөніндегі ақпар жергілікті жылжымайтын мүлік нарығын әрі-сәрі күйге түсіріп кетті. Үйін не жерін сатуға шығарғандары бағасын күрт көтерсе, пәтер иесі жалға беру ақысын қымбаттатып та жіберді. Әйткенмен, бұл абыр-сабыр өзін қаншалықты ақтап жатыр? Сырттағыны елітіп, талайды Түркістан нарығына үңілтіп қойған хабардың расында әсері қалай болды? Бұл туралы Baq.kz арнайы тілшісімен әңгімелескен түркістандық риэлторлар мен мүлік иелері айтып берді.

Әлқиссасы...

Түркістан қазір облыс орталығы болуға дайын ба?

Елбасының Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығын Шымкенттен Түркістан қаласына көшіру туралы Жарлығының жобасы ресми басылымда жарияланып, облыс әкімдігі мен облыстық мәслихаттың сәйкес ұсынысы Үкіметке жолданған 5 маусымнан бері Түркістандағы қарбалас күшейген. Бәрінің құлағы елеңдеулі. Бәрінің күткені – Елбасының жарлығы.

Әзірге белгілісі – Түркістан дәл қазіргі қалпында облыс орталығын қабылдап алуға дайын емес. Мұның бәрі келешектің шаруасы. Бұл үшін Түркістанның бұған дейінгі облыстық бағыныстағы қала ретінде әзірленген Бас жоспары мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы қайта қаралып, бекітіледі. Яғни, облыс орталығына айналатыны себепті де республикалық бағыныстағы қала ретінде өзгерістер ендіріледі. Соған сәйкес қаланың оңтүстік-шығысынан 670 гектар жер бөлінген. «Отырар» шағынауданы деп атау берілген. Жаңа әкімшілік-іскерлік орталық осында түседі екен. Мұнда әкімшілік нысандарынан бөлек, 100-ге тарта көпқабатты тұрғын үй, бизнес ғимараттары және тағы да басқа қала инфрақұрылымына қатысты нысандар салынады. Арнайы жұмыс тобы құрылған. Олар 1 қыркүйекке дейін Бас жоспары мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын әзірлейді. Сосын ол бекітілуі тиіс.

Қала оңтүстік-шығыс бағытта дамиды. Бұл бағыттың қалай екенін былай түсіндіруге болады: Шымкенттен Түркістанға жеткенде қала қақпасы көрінеді. Сол қақпаға жетпей оң жаққа қарай айналма жол шығады. Сол қала қақпасының оң жақ бетін алып, айналма жолды жағалайтын жер жаңа Түркістан түсетін 670 гектарды құрайды. Мұнда қазір 12 көпқабатты тұрғын үй мен қалалық емхана, балалар ауруханасы салынып, пайдалануға берілген.

700 000 мың гектардан аса жер Кентауға берілді

Түркістан қаласын облыс орталығына айналдыру барысында қала аумағындағы барлық 12 ауыл округін көршілес жатқан Кентау қаласының құрамына қосылады. Яғни, бұған дейін Түркістан қаласының құрамында болып келген 12 ауылдық округі жерімен, халқымен бірге Кентауға өтеді. Осылайша Түркістанның аумағы едәуір кішірейіп, бар-жоғы 19 627 гектарды құрайды. Қала әкімі Тәжібек Мұсаевтың айтуынша, мұның бәрі де бюджет қаржысын үнемдеу үшін жасалыныпты.

Түркістан қаласының әкімі Тәжібек Мұсаев

Бұрын «Түркістан қаласы 12 ауылдық округімен» деп аталатын. Енді облыс орталығы болса, ондай болуы мүмкін емес. 1997 жылға дейін Түркістан қала мен аудан, яғни Түркістан ауданы және Түркістан қаласы болған. 1997 жылы оңтайландыру кезінде екеуін біріктірген. Мұсаевтың айтуынша, қазіргі қала құрамындағы ауылдық округтерді қайтадан аудан қылып шығару үшін бір ауылды аудан орталығы етіп салу керек. Ал Кентауда дайын инфрақұрылым тұр.

«Біздің 721 745 гектар жерді 12 ауыл округімен Кентауға апарып қосады. Болды. Бюджетке салмақ түспейді. Ал жаңа аудан орталығын салу үшін қаншама қаржы керек. Дайын инфрақұрылымды пайдаланып, Кентауға апарып қосудағы мәселе осы болып отыр. Бұған дейін Түркістан қаласының аумағы 12 ауылдық округімен бірге 744 000 гектар жер еді. Енді содан 19 627 гектар жер қалды» дейді Тәжібек Мұсаев.

Оның айтуынша, 721 745 гектар жер Кентауға беріліп жатыр. Бүкіл ауылдың жері, жайылымы бар, суармалы жері бар, бәрі де кетеді. 12 ауылдық округтегі 101 525 адам Кентауға өтеді. Статистикалық мәліметтер бойынша, 161 251 адам Түркістанда қалады.

"Апа, сатылатын жер бар ма?"

Жоғарыда айтылған екі үлкен жаңалық Түркістандағы жылжымайтын мүлік нарығына өзгеріс алып келді. Ең алдымен адамдар сатуға шығарған жерін сатуды доғарыпты. Өйткені, мүлік иелері баға тағы өсіп қала ма екен, қазір ерте сатып қоймаймын ба деп екіұдай ойда жүр. Мұны қаланың байырғы тұрғыны Сара Дүйсенбекова айтты. Түркістанда туып, осында қызмет етіп, зейнетке шыққан Сара Дүйсенбекова қала ішіндегі үлкен даңғылдардың бірінің бойында тұрады.

«Теледидардан «Түркістанды облыс болады» деп естіп, қуанып жатырмыз. Түркістанымды ешбір қалаға, ешбір мемлекетке айырбастамаймын. Рухани қала. Екінші Мекке. Түркістанымыз облыс орталығы болып, көркейе берсін», - дейді ағынан жарылған ол.

«Жер де, үй де қымбаттап жатыр. Байқалады. Өзім үлкен көшенің бойында тұрамын. Бұрыштағы жер. Нағыз өтімді орын. Далаға шығып қалсам, есік алдында қымбат шетелдік көліктерге мінген адамдар жүреді. «Апа, жер бар ма сатылатын?» деп сұрайды. Бір туысымның Қызылорда тасжолының бойында сатуға қойған жері бар еді. Астанадан біреу хабарласып: «Қазір барамын да сіздің жеріңізді сатып аламын. Қанша дейсіз? 2 миллион? 1,8 миллионға беріңіз. Қазір ұшақпен барып, ақшасын беріп, жеріңізді сатып аламын» десе, туысым: «Қоя тұр, бала-шағаммен ақылдасайын» деп, телефонды қоя салды. Мен оған жеріңді сатпа дедім. «Облыс орталығы болады» деген хабар бағаға бірден әсер етті. Алматыда қайным бар еді. Сол жерін сатып, інісіне Алматыдан үй салып беремін деп жүр еді. Кеше хабарласып «Ол жерді сатпайтын болдым. Интернеттен көрдім. Облыс орталығы болайын деп жатыр екен. Сол жеріме үй салып, өзім көшіп барамын» деді. Мен былтыр 1 млн деп тұрған жерімді 850 мың теңгеге саттым. Қазір 1 млн теңгеге жер жоқ. Мына қаланы аралап жүріп, бос жердің иесіне хабарлассаң, кемі 1,5-2 млн теңге сұрайды», - дейді Сара Дүйсенбекова.

"5 миллион теңге сұрап отырғандар бар"

Бұл осындағы бір тұрғынның сөзі. Өз білгені мен көргенін, естігенінен түйгені. Сондықтан да Түркістандағы жылжымайтын мүлік нарығының жай-жапсарынан хабардар жергілікті риэлторлармен әңгімелестік.

«Кереге» жылжымайтын мүлік агенттігінің риэлторы Гүлнар Мұртазаевның айтуынша, қазір қалада жері өтімді яғни қымбат және сұраныс аз, яғни арзан елдімекендер бар екен.

Түркістан көшелері

"Кентауға шығатын, Қызылордаға баратын жол бойындағы жер телімдері арзандау. Кентауға шығатын жолдың оң жағындағы 10 сотық жерге шамамен 1-1,2 млн теңге сұрайды. Ең өтімдісі Шымкенттен Түркістанға кіреберіс тұсындағы (ШНОС жақ деп айтамыз) міне сол жақтағы жерлер қымбаттады» дейді ол. Мұртазаева келтірген мәліметтерге қарағанда 10 сотық жер телімі қазір 2,5-3 млн теңге шамасында болып жатыр. Әзірге газ жоқ. Жалпы «Оралман» елдімекені мен Тұран шағынауданында жер біршама арзан. Орташа баға «Жуковский» районы мен жетінші бағыттың жолында, сосын Ботаникалық бақтың айналасында. «Өйткені, ол жақта сары құмырсқа бар көрінеді. Сары құмырсқа үйдің қабырғасын жеп қояды. Ал «Жолдың астындағы» жерге сұраныс жоқ. Бірақ жақсы аудан. Қымбат жер сол қалаға Шымкенттен кіреберіс жақ болып тұр. Келешегі бар, жаңа құрылыс түсетін, өтімді орын» дейді Гүлнар Мұртазаева.

Оның бұл сөзін серіктесі Гүлзада Тойшыбекова да растайды. Айтуынша, қазір 3 млн теңге болып жатқан 10 сотық жердің бағасы бұрын 1-1,5 млн теңге тұрыпты.

"Тіпті 5 млн теңге сұрап жатқандар бар. Шымкенттен кіреберістегі, «Коммунизм» аумағындағы, ИСА тойханасы маңайындағы жерлер қымбаттап жатыр. «Коммунизмде» 3-4 млн теңге болып жатыр. Былтыр мысалы сол жерлер 1,5-2 млн теңге болған. Тағы көтеріледі. Адамдар Түркістан облыс орталығы болса, қарық боламыз деп жатыр. Сатуға қойғандар: «Ертең тағы көтеріледі, 1-2 жылда көтерілсе, не істейміз?» деп отыр. Ал «Оралман» мен «Жолдың астындағы» жер қымбаттамады" дейді Гүлзада.

Түркістандағы қоғамдық көлік

Түркістан қалалық Turan Zharnama газетіндегі «Жер сатылады» айдарындағы хабарландыруларда көрсетілген телефон нөмірлеріне қоңырау соқтық.

Өзін «Нұрланмын» деп таныстырған тұрғын қала ішіндегі Ортақ атты елдімекенде орналасқан 10 сотық жерін сатуға шығарыпты.

«Теміржол вокзалы жақта, «Ремзаводта» орналасқан жер. Қызыл сызыққа түспеген. Бос жатқан жер. Мемлекеттік актісін істетіп жатырмын. Келешекте газ келеді. Құдық қазылған. Электр желісін өздері тартып жатыр. Айналада 2-3 үй тұрып жатыр деген Нұрлан жерін 1,2 млн теңгеге бағалайды.

Ал келесі бір тұрғын Арыс-Түркістан каналы маңынан 10 сотық жерін сатуға қойыпты.

«Құжаттары түгел. Сатпайтын едім. Ақша керек болды. Түркістан облыс орталығы болып жатыр ғой. Жаңа қала да сол жақтан түседі. Су да жарық та келіп тұр. Газ келеді. Дәл жанынан орталық кәріз жүйесі өтеді. Екі жыл бұрын 1,5-2 млн теңге болған жер еді. Енді облыс орталығы Түркістанға ауатын болған соң, қымбаттады» деген әйел кісі жерін 2,5 млн теңгеге сататынын айтты.

Риэлтор Гүлзада Тойшыбекованың сөзінше, бизнес жүргізуге арналған жердің де бағасы өсіпті. Мысалы, қалаға Шымкенттен кіреберіс аумақтағы коммерциялық мақсаттағы жер бағасы 15 млн теңгеден 20 млн теңгеге, 10 млннан 15 млн теңгеге қымбаттаған. Айналма жол бойындағы жер де, Қызылорда тасжолы бойындағы бизнеске қолайлы жердің құны қымбаттаған.

Түркістан арбаты

Үй де қымбаттады

Риелторлардың сөзіне қарағанда, қаланың Шымкент жақ кіреберісіндегі үйлердің бағасы қымбат. Шымкент жақтан Түркістанға кіргенде жолдың сол жақ бетінде, №23 мектеп пен мешіт маңындағы үйлер қымбат саналады.

«Жер үйлерін 20, 30, тіпті 40 млн теңгеге бағалайды. Бірақ ешкім сұрап жатқан жоқ. Ал 5-6 млн теңге, 7-8 млн теңгеге «Оралман» жақта үйлер көп. Кентауға бара жатқан жолдың сол жағындағы 10 млн теңге шамасында үйлер бар» дейді Гүлнар Мұртазаева.

Риэлтор Гүлзаданың айтуынша, қала ішіндегі «Жолдың асты», «Хлоп завод», «Ремзавод» деп аталынатын елдімекендердегі үйлерге сұраныс жоқ екен. «3,5-4 млн теңгеге жер үй табуға болады» деген ол: бұл шағынаудандардың да жақсы, қоныстануға қолайлы екенін айтады. Іздестірсе, «Коммунизмнен» де 10 млн теңгеге 1995-200 жылдары салынған, ескі үй табуға болады екен.

Риэлторлармен әңгімелесе отырып білгеніміздей, түркістандықтарды сары құмырсқа мазалайды.

"Үйімді сатып беріңіз» деп хабарласады. Саман үйлерді сары құмырсқа жеп қояды. Сондықтан да сатып жатыр" дейді Гүлзада Тойшыбекова.

Осы орайда Шымкенттен Түркістанға кіреберіс қақпадағы Түйе мүсіндерінің артқы жағында орналасқан үйін сатуға шығарған Гүлназ есімді тұрғынға хабарластық.

«Жолдың сол жақ бетіндегі үйлердің арасында. Кірпіштен қаланған. Алдында времянкасы бар. Ванна-дәретханасы да бар. Бұрыштағы үй. 26 млн теңге деп отырған едім. 20 млн теңгеге түсірдім. Жақсы район. Құр жердің өзін 3,5-4 млн теңге деп жатыр ғой. Мына жағымызда жаңа әкімдік түседі. Баяғыдан соны естіп, осы жерді алып, үй салғанмын» деген Гүлназ үйінің бағасын ақша керек болған соң, амал жоқ, 20 млн теңгеге түсіргенін айтты.

Түркістанда қазір пәтер қанша тұрады?

Түркістандағы көпқабатты тұрғын үйлер шоғырланған шағынаудандар да бар. Қала әкімдігінің берген мәліметінше, сол 105 көпқабатты тұрғын үйдің осы күнге дейін 44-іне модернизация жүргізіліпті. Биыл тағы 12-і, келер жылы тағы 40 үй модернизациядан өтеді екен. Бұл көпқабатты тұрғын үйлердің бәрі де табиғи газға қосылмаған. Газ құбырлары кіргізіліп жатыр. Тұрғындары баллондағы газды жағып, тіршілік етеді. «Алдағы 2-3 жыл ішінде толықтай табиғи газ келеді» деп күтіп отыр.

«Түркістан облыс орталығына айналады» деген хабар жеткелі осы шағынаудандардағы пәтер құны да өскен. Бұрынғы бағасына 1 млн теңгедей қосқан.

«Шағынаудандардағы пәтерлер аса қымбаттай қоймады. 2-3 бөлмелі пәтер үшін 5-8 млн теңге сұрайды. Еурожөндеуден өткен пәтерлерді 8 млн теңге деп айтады, бірақ саудаласса 7 млн теңгеге де беріп қалады. Ал 4-5 қабатта орналасқан 3 бөлмелі жөндеу көрмеген пәтерлерді 5-6 млн теңгеге де алуға болады» дейді Гүлнар Мұртазаева.

Гүлзада Тойшыбекованың сөзінше, бұрын 5 млн теңге болған пәтерлерге қазір 6 млн теңге сұрап жатыр. Кірпіш үйлердегі пәтер бағасы өскен. Қазір 2 бөлмелі пәтер - 6 млн теңге, 3 бөлмелісі - 8 млн шамасында көрінеді. Бұрын олардың бағасы 5-5,5 млн теңге айналасында болған. Панель үйлердегі 4 млн теңгелік пәтерлерге қазір 5-6 млн теңге сұрайды.

«8 млн теңгеге кірпіш үйдің 2-3 қабатынан 3 бөлмелі, жағдайы жақсы, жөнделген пәтер сатып алуға болады. 4 бөлмелісі де табылады. Ал жөндеу көрмеген, жоғары қабаттағы 2 бөлмелі пәтерді 5 млн теңгеге алуға болады. Түркістандағы үйлерде ыстық су - Аристон бар. Газ кірді. Газ колонкасын қойып жатыр» дейді ол.

Тойшыбекованың айтуына қарағанда, алдағы бір-екі жыл ішінде қазіргі 6 млн теңгелік үйлер 12 млн теңге болады.

«Алған адам ұтылмайды. «Қазір алып қойып, кейін үстінен қоямын» деп ойлайды. Мына жаңадан түсіп жатқан «Отырар» мөлтекауданында салынатын көпқабатты тұрғын үйлердегі пәтерлер сатылмайды. Мемлекеттік бағдарламамен, ипотекамен беріледі. Қазір «2-3 млн теңгеге жөнделмеген, арзан пәтерлер бар ма» деп хабарласады.

Бұрын қала ішіндегі екіқабатты үйлердегі 2 бөлмелі пәтерлер 3 млн теңге болған. Қазір соның өзіне 5 млн теңге сұрап отыр. Бұрын алушылар ондағы пәтерлерді сұрамайтын да, қарамайтын. Баға сәуірдің соңы мен мамырдың басында бірден көтерілген.

Есім хан атындағы Орталық алаң

Пәтерақы да өсті

Бағаның көтерілуі сатылатын пәтерден бөлек, жалға берілетін пәтерақысын айналып өтпеген. Мұны жергілікті хабарландыру газеттеріндегі жалға берілетін пәтерлер туралы жарнамалардағы телефон нөмірлерін хабарласып білдік.

«1 шағынаудандағы 3 бөлмелі пәтерімді айына 35 мың теңгеге беремін. Қаланың орталығы. Ішінде де біраз заттары бар. Шифоньер, кереует, тоңазытқышы мен салқындатқышы (кондиционер) бар. Тек төсейтін кілеміңіз бен көрпе-төсегіңізді, ыдыс-аяғыңызды әкелесіз» дейді Бауыржан есімді азамат.

Бұған дейін ол пәтерін айына 30 мың теңгеге беріп келген. Айтуынша, көбісі қазір бар жағдайы жасалған 3 бөлмелі пәтерін 50 мың теңгеге беріп жатыр.

Әйткенмен, үйдің де, жердің де, пәтердің де құны өсіп, мүлік иелері бағаны қалауынша қойғанымен анық келіп, ақшасын төлеп, сатып алып жатқандар аз екен. Риелторлардың айтуынша, Түркістанның өзгеруіне әлі 1-1,5 жыл керек. Өйткені, сатуға қойылған жерлер тұр. Сұраушылардың көбі коммерциялық нысандарға қызығады. Әйтсе де, ақшасын беріп алып жатқандар жоқ.

«Соңғы бір-екі айда ештеңе өтпеді. Негізінен, Шымкенттің тұрғындары мен Ташкенттің қазақтары сұрап келіп жатады. Бірақ ажиотаж байқалмайды. Жеке кәсіпкерлер де хабарласып, сұрайды. Ал негізгі халық аса қызықпайды. Енді облыс әкімдігі осында ауысқаннан кейін, қозғалыс болмаса, әзірге сату-сатып алуда тыныштық» дейді риэлтор Гүлнар Мұртазаева.

Отырар шағын ауданы

Серіктесінің сөзін Гүлзада Тойшыбекова да растады. Оның айтуынша, адамдар өздері бағаны қойып жатыр. Облыс болады дегенді естіген соң, клиент жоқ болса да, алып жатқан ешкім жоқ болса да, өздері келісіп алғандай бағаны айтады. Бірақ алып жатқан адам аз. Сауда болып жатқан жоқ. Сырттан келіп, сұрайтындар көбейген.

«Мұндағы айтылатын баға Шымкенттің бағасымен бірдей болып жатыр. Мысалы Шымкентте кірпіштен соғылған екіқабатты үйді 30 млн теңгеге де алуға болады. Ал бізде 30 млн теңгеге жай бір қабатты үйін сатады. Түркістанда екі қабатты үйді 50 млн теңгеге аласың. Мұны естігендер «Түркістанда қымбат екен» деп жатады» дейді Тойшыбекова.

«Түркістан маңындағы ауылдарда үй арзан»

Осы орайда риэлторлардан Түркістан қаласына жақын орналасқан ауылдардағы үйдің бағасын да сұрадық.

«Біз негізінен қалада жұмыс істейміз. Бірақ ауылдардан 2-3 млн теңгеге үлкен үй, ал 3 млн теңгеге зәулім үй алуға болады. Ауылдардағы жақсы үйдің жоғары бағасы – 3 млн теңге» дейді Гүлзада.

«Ал қолында 2-3 млн теңгесі бар адам қала ішінен үй таба ма» деп сұрағанымызда: «Мына қаланың Шымкент жақ кіреберісінен 3 млн теңгеге жер аласыз. Времянкасы да болып қалуы мүмкін» деп жауап берді.

Егер қалтаңызда бар-жоғы 1 млн теңге болып, Түркістаннан әйтеуір бір жылжымайтын нысан сатып алуды көздесеңіз, онда риэлторлардың ұсынатыны – мына Түркістаннан Кентауға шығатын жол бойындағы Оралман атты елдімекен аумағынан 10 сотық жер алыңыз. Гүлзада Тойшыбекованың айтуынша, ол жақ та келешекте орталық болады.

Түркістанға газ қашан келеді?

Еске салсақ, бұған дейін ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Шымкенттен Түркістан қаласына ауысатын болса, сол жаққа қоныс аударатындар көбейіп, үй бағасы көтерілетінін айтқан болатын.

«Шымкент – республикалық дәрежедегі қала болғандықтан, мұндағы штат саны көбейеді. Сондықтан бұл мәселе болмайды. Қазір Түркістанға барып жер алушылар, үй алушылар, ғимарат сатып алушылар көбейді. Үйдің бағасы көтеріліп кетті» деген облыс әкімінің сөзін Түркістан қаласының әкімі Тәжібек Мұсаев та қостайды.

«Сондай сөздер бар. Әзірге нақты ештеңе айта алмаймын», - деді Тәжібек Мұсаев.

Оның айтуынша, қазір Түркістан қаласы 90 пайыз ауыз сумен қамтылған. Алдағы үш жылдың көлемінде 99 пайыз ауыз сумен қамтылады. Ал әзірге тек 16 пайыз тұрғыны ғана табиғи газды пайдаланатын қаланың толықтай көгілдір отынның рахатын көруіне 2-3 жыл керек.

(Фотолар автордікі)

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер