BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 363.26 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.54
Астана:

Назарбаев Астананың дамуына үлес қосқан Түркістан облысы әкімі мен тұрғындарына алғыс білдірді

Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевқа алғыс хатын жолдады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Атап өтсек, «Өңірлердің Астанаға тартуы» жобасы аясында Түркістан облысының елордаға жасаған ерекше сыйы ел Президентінің айрықша көңілінен шығып, Астананы көркейтуге қосқан үлесі үшін Түркістан облысының әкімі мен өңір тұрғындарына шынайы ризашылығын білдірген.

«Құрметті Жансейіт Қансейітұлы! Сізді және бүкіл Түркістан облысының жұртшылығын Астананың 20 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіз Қазақстанның символы саналатын бас қаламыздың айтулы мерейтойы – барша қазақстандықтарға ортақ қуаныш. Сарыарқа төсіне қазығын қаққан еңселі елордамызды тұрғызуға бүкіл халқымыз жұмыла атсалысты. «Өңірлердің Астанаға тартуы» жобасы аясында Түркістан облысы да елордаға ерекше сый жасады», - делінген Н. Назарбаевтың Ж. Түймебаевқа жазған алғыс хатында.

Мемлекет басшысы атап өткендей, ұзақ қашықтықты қамтитын және толық жабдықталған велосипед жолағы адамдарға арналған қаладағы заманауи ортаның маңызды құрамдас бөлігі саналады.

«Бұл велосипед жолағы саламатты өмір салтын насихаттап, елордада жаппай спортпен шұғылдану үрдісін дамытуға септігін тигізетін болады. Астананы көркейтуге зор үлес қосқан Сізге және өңір тұрғындарына шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!», - деп баса айтты Н. Назарбаев.

Атап өтсек, таяуда Астананың 20 жылдығына орай, бірқатар облыстардың атсалысуымен елордада жаңадан 56 шақырым веложол салынған болатын. «Өңірлердің Астанаға тартуы» жобасы аясында Есіл өзенінің жағалауынан Д.Қонаев көшесіндегі көпірге дейінгі аралықта жүргізілген велосипед жолы Түркістан облысының атсалысуымен жүзеге асты. Бұл жол Есіл өзенінің бойы мен сол жағалауы және ЭКСПО кешенінің нысандары арқылы өтеді. Ол қалалық саябақтағы шаңғы және роликке арналған жол мен Ильинка кентінен «жасыл белдеу» арқылы өтетін велосипед жолақтарын байланыстырады.

Велотректер арнайы үстелдермен, тұрақтармен, wi-fi және телефонды қуаттау мүмкіндігі қарастырылған «ақылды инфрақұрылыммен» жабдықталған.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер