BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 367.06 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.17 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.56
Астана:

Мемлекеттік грант үшін күрес

Фото: Автор

Ақтөбе, BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбелік Рүстем Оңғарбаевтың ата-анасы ұлының мемлекеттік гранттың заңды иегері екенін үш айдан бері дәлелдей алмай келеді. Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінің студентіне, тіпті, 6 қарашадан бастап оқуға кіруге тыйым салынған. Білімін дәлелдеп, әділ түрде қол жеткізген мемлекеттік грантын білім мекемесі тартып алған.

19 жастағы ақтөбелік Рүстем Оңғарбаев болашағын медицинамен байланыстырады. Былтыр мектеп бітірген ол ҰБТ-ден тегін білім алуға қажетті балды жинай алмаған. Алайда, ата-анасы Рүстемді медициналық университеттің ақылы бөліміне оқуға түсіреді. Бір жылдық оқу ақысы 630 мың теңге. Рүстем Оңғарбаев жоғарғы оқу орнындағы 1 жылды үздік оқиды. Кейін ата-анасына қиындық түсірмей, мемлекеттік грантқа өту үшін қайта сынақ тапсырған. Сыннан өткен студенттің қуанышы ұзаққа бармады. Екі айдан бері мемлекеттік гранттың иегері екендігін дәлелдей алмай сенделіп жүр.

«2018 жылдың 15 шілдесінде кешенді тест тапсырып, 122 балл жинадым. «Жалпы медицина» мамандығына мемлекеттік грантқа түскенімді дәлелдейтін сертификатым да бар. Бір жыл бойы мен «қоғамдық денсаулық сақтау»мамандығында оқыдым. Сертификатымды қолыма алғаннан кейін 27 тамызда маған университтен хабарласып, қате кеткендігін айтып, гранттан бас тарту туралы өтінішті өз қолыммен жазуымды сұрады. Мен бүгінге дейін сабағымнан мүлдем қалмай барып жүрдім. Тек ауырып қалған күндеріме анықтамамды апардым.3 қыркүйектен бері жағдайды білу үшін университет басшылығына өтініш жазып келемін. Нақты жауап бермеді», - деді Рүстем Оңғарбаев.

Рүстем Оңғарбаев - Қарақалпақстанның тумасы. Бірақ, 2015 жылы Қазақстан азаматтығын алған. Медициналық университет мамандарының сөзінше, мемлекеттік грантпен тек «оралман» атағы барлар ғана оқи алады. Ал, Рүстем ел азаматы болғандықтан оған тегін оқу тиесілі емес. Қабылдау комиссиясында құжат толтыру кезінде «жігіт оралман статусын белгілеп қойған» дейді білім берушілер. Ал, Рүстемнің өзі белгілемедім деп ақталады.

«Рүстем Оңғарбаев 1-курсты ақылы бөлімде аяқтады. Кейін кешенді тест тапсыруға құжат тапсырған кезде «оралман» статусын белгілеген. Ол 2015 жылы Қазақстан азаматтығын алғандықтан оралман болып саналмайды. Грант қорытындылары келген кезде мониторинг жасадық. Сол кезде Рүстемнің оған тиесілі емес квота бойынша грант жеңіп алғандығын анықтадық. Сондықтан, біз бас тарттық. Оны да, ата-анасын да бірнеше рет ауызша, жазбаша түрде ескерттік. Біз грантты ҚР Білім және ғылым минстрлігіне қайтардық. Біздің оқу орынында студенттің әлеуметтік жағдайына қарап беретін өзге гранттар жоқ»,-деді М.Оспанов атындағы БҚММУ оқу ісі жөніндегі проректоры Талғат Әбілов.

Студенттің қыркүйектен бері сабағына барғаны есептелмейді. Осы аралықта Рүстем тобында белсенділер қатарынан көрініп үлгерген. Ал, ашынған ата-ана баласының өмірін ойыншыққа айналдырған білім мекемесінің басшыларына наразы. Студенттің әкесі Мұрат Аллаяров Білім және ғылым министрлігіне хат жазған. Сотқа да арызданған.

«Бір жылқы оқу ақысын төлеу үшін былтыр несие алдым. Әлі төлеп жатырмын. 5 балам бар. Анасы жақында ауруханадан шықты. Жыл сайын 630 мың теңге төлеп оқыта алмаймын. Университеттегілер министрдің бұйырығын бұзып отыр. Балама бір нәрсеге ұшыраса, кім жауап береді?»,-деді Рүстем Оңғаровтың әкесі.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер