BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 368.28 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.21 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.59
Астана:

Құпиясы ашылмаған қолөнер

Фото: Автор

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. «Ағаштан һәм темірден түйін түйген» деген сөз тіркесі қызылордалық Толғанбек Оралға қаратып айтылғандай. Мәселен, оның дәнекерлеуші құралсыз не желімсіз сақиналарды бір-біріне жалғап, шынжыр жасағанына қайран қаласың. Сөйте тұра, өзін қолөнер шебері деп атағанды жаны қаламайды. Құпиясы тұңғиық адам мен оның өнерінің сырына үңілгіміз келіп, оны әңгіме тартқан болатынбыз.

– Алдымен өзіңіздің қолыңызға ұстап отырған қос сақиналы шынжыр тәріздес бұйым сырын тарқатсақ...

– Қазіргі ақпарат құралдарында өздеріңіздің әріптестеріңіз қатардағы дәнекерлеушіге де, екі шегені қағып, ағаштан бұйым жасаған адамға да «түйін түйген» деген тіркесті қолданып жатады. Бұр дұрыс түсінік емес. Жалпы, түйін деген не? Ол біздің ұғымымызда – дүниетаным, түркіден тартылған тамыр. Мынау ешқандай музыкалық аспап, ыдыс та емес, шеберлік шыңы. Металдың технологиясының дамыған түрі. Бұны ешқандай «сварка», ешқандай автоген жасай алмайды. Қосылған жері жоқ. Яғни, жалғанған жерін таппайсың. Қазіргі темір бұйымдарын жасайтын адамдарға апарып көрсеткенімде, бірі сиқыр екенін, енді бірі жаңа технология екенін айтады.

– Сонда мұның сыры неде?

– Оны ашпаймын. Менде патент жоқ, сондықтан өз ізденісім мен жұмысымды жарияламаймын. Уақыты келгенде білесіңдер. Ал мен түркі ата-бабамыздан жеткен шеберлік шыңының құпиясын таптым.

Түркі қағанаты тарихқа теміршілер деген атпен енген. Қараңыз, бұл сегіз санына ұқсайды. Сегіз – шексіздікті білдіреді. Оны айтсаңыз, қазіргілер қытайдың инь-янь ілімімен байланыстырады. Аталмыш ілімдегі ұстанымдардың дені түркілік мәдениеттен басталғанын ғалымдар дәлелдеп жүр. Болжам бойынша түркілер дүниетанымына сыйып тұр.

Тіліміздегі «найман» деген ру атауының мағынасы сегіз дегенді білдіреді. Іргелі рудан қазақ саны көбейіп отыр. Қолымда Қаржаубай Сартқожаұлының «Тас кітаптың құпиясы» атты кітап тұр. Іздеген жауабымызды осыдан таба аламыз. Бұл жай көрнекілік емес, қазіргі өлшеммен санасақ, сертификат, дипломдық жұмыс. Яғни бұл затты жасай алған адам нағыз шеберліктің барлық ілімін игерген деген сөз.

– Сіздің қолөнер бұйымдарыңызды көрмелерден көріп қаламыз. Әрбірі зергерлік аясынан шығып кеткен, толық мығанаға ие, ізденіске толы жұмыстар. Алайда бізге бірінші айтқан сөзіңіз: «Мені қолөнерші, ұста, ағаш шебері деп таныстырма» болды...

– Ұсталық маған қонған кие емес, ізденіспен келген дүние. Ұдайы ізденіс үстінде жүремін. Ұста мен зергер – тапсырыспен бұйым жасаушы. Маған ас табақ жасап бер деп тапсырыс беретіндер бар. Ондайды орындай алмаймын. Менің бұйымдарым сөйлейді. Жүректен шығады. Ішкі ойыммен үндеседі. Мен мағынасыз бұйым жасамаймын.

– Ұлттық сәндік қолданбалы өнердің үлгісі – төл туындыңызға тоқталып өтсеңіз…

– Мына төрт бұрышқа ұқсас бейне төрт құбыла, төрт мезгілді бейнелейді. Ортадағы дөңгелек күн, ортақ әлемге меңзейді. Орыстар «қыс келді» деп айтады. Халқымыз «көктем туады», «жаз шығады», «күз келеді», «қыс түсті» дейді. Бала туылады, бесіктен шығады, кәрілік кіреді, адам оранып мүрдеге айналады. Арасында байланыс бар ма, жоқ па? Қазақстанның климаты сондай. Төрт мезгіл тұтас келеді. Чукчалар жазды көре алмайды. Арабтар, үнділерде қыс жоқ. Адам өмірі де сондай. Мұны халықтық философия демеске бола ма? Майқы биден де таратады. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» дегендегі жолдар ұйқас үшін емес, үлкен астарға ие ой. «Дүние – дөңгелек» дейді бабаларымыз.

Ал «Қорқыт» композияциясындағы алшысынан түскен асық, желмая, ала жіп, толқындар ұлттық ұғымнан сыр тарқатып, өмір мен өлім тұтастығын түзіп, дүнияуи ойларға жетелейді.

Сүйек пен ағаштан жасалған бойтұмар да көпшілік қызығушылығын тудырып жүр.

Сізді қызықтырып отырған Абайдың жетінші қара сөзі негізінде жасалған еңбекте безбен секілді бейне өмір шындығын көрсетсе, оны екі жағындағы жан мен тән азығы торсық пен қобыз арқылы бедерленеді. Қобыз – рухани азық жемісі. Мен домбыраны кемсітпеймін. Оның үні ойнақы. Ал, қобыз сарыны сазды, үлкен ойларға жетелейді.

«Дала қобыз» да тұтастықты көрсетеді

– Жұмыстарыңыздың қатарындағы тұтас темірден жасалған шағын өнер туындысына тоқталсаңыз…

– Қауға, қамшы, найзаның бейнесі 70 сантиметр істіктен істелген. «Қазақ мал баққан, сөз тапқан, жауды қуған анталаған жан-жақтан» дейді.

– «Ұлы жүзді қамшы беріп дауға қой, Орта жүзді қауға беріп жауға қой, Кіші жүзді найза беріп жауға қой» деген бар ғой. Соның өнер туындысына айналған формасы болар…

– Ол да бар. Бірақ «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» дейді. Осы тұста ерекше айта кетерлік жайт, ұлтымыз үш жүзге бөлінбейді, үш жүзден құралып, тұтас алаш деген атауды береді. Тарихшы Қойшығара Салғара: «Бөлу – індет, білу – міндет» дейді. Бұған қосу да, бұдан асыру да мүмкін емес.

– Соңғы сұрақ, сіз жасаған авторлық бұйымдардың басқалардан ерекшелігі неде? «Шебердің қолы ортақ» демей ме? Неге заттарыңызды саудаламайсыз? Оған сұраныс жоқ па, әлде өзгелер түсінбей ме?

– 2014 жылы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының оқытушысы Сержан Бәшіров есімді мүсінші-зергер өздеріне шақырды. Қол қысқалығы, бара алмадым. Маған жарнама, насихат керек емес, мына тәсіл ұрпақтарға айтылуы керек. Абай «Өнер жұтамайды» дейді. Мен қолөнер шебері емеспін, қатардағы жұмыссыз адаммын.

Менің туындыларымның ерекшелігі – тұтас материалдан жасалуында. Тағы да айтамын, менің мақсатым, бұйымдарымды насихаттау емес, сәндік қолдаңбалы өнердің ұрпақ санасында жаңғыруына тамшыдай болса да үлесімді қосу. Болмайтын тиын-тебенге ата-бабамнан келе жатқан құндылықты айырбастағым келмейді. Менің жасаған бұйымдарым сөйлеп тұрады. Домбырамда да, қобызымда да мағына бар. Қарап тұрып, бір ой түйетініңіз анық.

–Сұхбатыңызға рахмет!


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер