BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 364.35 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.95 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.56
Астана:

Құбылмалы ауа райы қызылжарлықтарды әбігерге салды

Фото: Интернеттен алынды

Солтүстік Қазақстанда ауа райының құбылмалы болуынан жедел-жәрдем қызметін шақырушылар көбейген. Петропавл қаласында 103 телефонына күн сайын орта есеппен 10 мың қоңырау түседі, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Биыл табиғат тосын мінез танытып тұр. Күн райы біресе қатты ысыса, енді бірде жел тұрып, кенеттен жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Бұл әсіресе жасы егде тартқан адамдардың денсаулығына кері әсерін тигізіп жатқан көрінеді. Петропавлда жедел жәрдем орталығына қан қысымы көтеріліп, дерті асқынған науқастардың шағымдануы жиілей түскен. Әсіресе қан қысымы көтеріліп немесе күрт төмендеп кеткен, сондай-ақ жүрек ауруларына шағымданушылар көбейген.

«Биыл солтүстік өңірде ауа райы түсініксіз болып тұр. Термометр 27 градус ыстықты көрсетіп тұрса, бірер сағаттан соң алай-дүлей жел соғады немесе жаңбыр жауады. Магниттік дауылдар да көп болып жатыр. Осының барлығы әсіресе созылмалы дертпен ауыратын адамдарға кері әсерін тигізіп жатыр. Сондықтан дәрігерлерге түсер салмақ та көбейді»,- дейді Солтүстік Қазақстан облыстық жедел медициналық көмек орталығының бас дәрігері Мамадияр Байғұлов.

Ауа температурасы көтерілгенде көпшілік жағажайға шығып, күнге қыздырынуға асығады. Кейбіреулер бақшаларында жұмыс істегенді жөн көреді. Ауа райына сезімтал адамдарға дәрігерлер үйде отырып демалуға кеңес береді.

«Күн ыси бастаса, қан қысымым көтеріледі. Басым айналады. Әлсіреп қаламын. Сосын бірден дәрі ішуге асығамын. Ауа райы қалыпты күндері өзімді жақсы сезінемін. Бірақ соңғы кездері күн құбылмалы болып тұр. Тіпті синоптиктердің болжамы да келмейді», - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Айман Жүкенова.

Мамандар ең маңыздысы ауруды асқындырып алмай, денсаулыққа мұқият болу керектігін ескертеді. Дәрігерлер ыстық күндері далада көп жүрмеуге, жеңіл бас киіммен серуендеуге және көп пайдалы тағам жеуге кеңес береді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер